Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы «Астана жастары» ЖРО 2020 жылдан бастап «Esirtkige jol joq» жобасын жүзеге асырып келеді. Бұл жобаның мақсаты салауатты өмір салтын насихаттауға негізделген. Сонымен қатар жастар арасында есірткі және психологиялық активті заттарды теріс пайдаланумен күресу.
Қазіргі уақытта «Астана жастары» ЖРО елордадағы 16 жоғары оқу орнымен бірлесіп, студенттер арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар жоспарын әзірледі. Жоспар 90 тармақтан тұрады. Онда кураторлық сағаттар, семинарлар, кездесулер, спорттық шаралар, марафондар, дөңгелек үстелдер, акциялар ұйымдастыру қарастырылған. Жоспар аясында ЖОО-да студенттер арасында салауатты өмір салтын насихаттау және зиянды әдеттермен күресу мақсатында профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Биыл «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында 150-ден астам адамды қамтыған «Esirtkige jol joq» жобасының ашылуы және «дейін және кейін» форматындағы фотокөрме өтті. Сонымен қатар «NS 35» жобасының 10 волонтерімен түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, психологиялық активті заттарға қарсы іс-қимыл бойынша 500-ден астам буклеттер таратылды. «Esirtkige jol joq»» жобасы полиция департаменті және «Есірткісіз ұлт» нашақорлықтың алдын алу қауымдастығымен бірге, сондай-ақ студенттер, жастар және қала тұрғындары көп жиналатын жерлерде еріктілермен бірлесіп кинология орталығына бару сияқты бірқатар іс-шаралар өткізді. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласындағы ПД «Есірткіге қарсы күрес» басқармасы және Жергілікті полиция басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен осы жоба аясында психологиялық активті заттарға қарсы іс-қимыл бойынша ақпараттық буклеттер тарату жұмыстарын ұйымдастырды.
Есірткісіз қала үшін биыл Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен «Астана Жастары» ЖРО еріктілері Халықаралық нашақорлықпен және есірткінің заңсыз айналымымен күрес күніне арналған айлықтың ресми ашылуына қатысты. Халықаралық нашақорлықпен және есірткінің заңсыз айналымымен күрес күні жыл сайын 26 маусымда атап өтіледі. Сонымен қатар елорданың базарларында «Астана жастары» ЖРО еріктілері нашақорлықтың алдын алу шаралары бойынша ақпараттық буклеттер тарату жұмыстарын жүргізді. Үздіксіз үгіт-насихат жұмыстары нәтижесінде жоба аясында 26 маусымда Instagram желісінде Нұр-Сұлтан жастары арасында бейнероликтер байқауы басталды. Ал 6 шілдеде БАҚ журналистері арасында 5 номинация бойынша нашақорлыққа қарсы насихат жұмыстарын бағалау бағытында байқау басталды: Instagram платформасында «Үздік бейнесюжет», «Үздік баспа БАҚ сюжеті», «Үздік телерепортаж», «Үздік онлайн сюжет», «Үздік радиосюжет» номинациясы бойынша жарияланған байқау қыркүйек айына дейін жалғасады.
Сонымен қатар ағымдағы жылы «ForJastar» коворкинг орталығында «Ренессанс» наркологиялық бірлестігінің нашақор адамдарға арналған «7Н» бағдарламасының сертификатталған маманы Александр Русчуктың қатысуымен семинар-тренинг ұйымдастырылды. Елорда жастарының нашақорлыққа қарсы насихат жұмыстары әлі де жалғасатын болады. Белсенді жастардың негізгі мақсаты өз замандастарын жаман әдеттен аулақ болуға шақырумен қатар, жарқын болашақтың іргетасын бірге қалауға, оқу-білім мен адал еңбекті насихаттауға бағытталған.