Ескерткішіне қарап, елін таны! Шындық айтқан Шер-ағаңды тірісінде ортадан, орталықтан шеттетуге тырысқан, ескерткіші де сол кепті кие ме?

Ескерткішіне қарап,  елін таны! Шындық айтқан Шер-ағаңды тірісінде ортадан,  орталықтан шеттетуге тырысқан,  ескерткіші де сол кепті кие ме?

Таразда ескерткіш дауы тағы басталды. Әлеуметтік желіде бірнеше күннен бері Шер-ағаның 90 жылдығына орай еңселі ескерткіш орнатылатыны, ол ескерткіш басшылықтың шешімімен тасалау жердегі жатақхананың қарсы бетіне қойылатыны дауға тамызық болуда.

Осыдан үш-төрт жыл бұрын Асқар Мырзахметов Жамбыл облысында әкім болып тұрғанда Таразда Жамбыл ескерткіші  (2019 жылы) үлкен дау тудырған. Ақырында соттасып барып әрең тарқасқан. Айтпақшы, 2013 жылы Тараз жерінде  Төле би Әлібекұлының 350 жылдық тойы қарсаңында қойылған ескерткіші де біраз «дауылдатып барып» басылғаны есте.

 Фотоны түсірген: Алтынбек Қартабай


Жамбыл ақынның есімімен аталатын өңір орталығы Тараз қаласында жыр алыбының екі ескерткіші болды. Бірі ескі, бірі жаңа. Алғашқысы ақынның атындағы алаңға 1963 жылы орнатылып, 2018 жылы тұғырынан алынды. Онда жүз жасаған бабамыз ұлттық киімде, сол қолына домбыра ұстап тұрған күйінде кескінделген-тін. Мүсінге мыс араластырылып, шойын қоспасынан құйылып, оған қола жалатылған. Биіктігі 5 метр болатын мүсіннің авторы – қазақтың тұңғыш мүсіншісі, Алматыдағы Абайдан бастап, Шоқан, Амангелді, Құрманғазы, Дина, Мәншүк секілді алып тұлғалардың ескерткіштерін жасаған Мемлекеттік сыйлықтың иегері Хакімжан Наурызбаев.

Фотоны түсірген: Алтынбек Қартабай


Екіншісі – 2018 жылы Тараз қаласы күніне орай облыс әкімдігінің алдына қойылған ескерткіш. Тас мүсіннің қалай жасалғаны, авторы жайында еш мәлімет жоқ. 

 

Тас мүсіндер дау-дамайы қашан бітеді?

Ескерткіш жайлы дау-дамайлардан әлі күнге қорытынды шығара алмадық. Неге дауқұмар болып кеттік, ә? Бір-бірімізді кінәлауға, тұқыртуға неге құмармыз? Әлеуметтік желіде аяқтан шалуға, табалауға, тілдеуге етіміз әбден үйреніп кеткен сыңайлы.

Бұл жерде айтпағым, ескерткіш не үшін тұрғызылады? Ескерткіштің халыққа берері не? Қалқиған ескерткіштің құдіреті неде? 

Қолыма қалам алып, қоғамдағы түйткілді проблемаларды тілге тиек етіп жүргендіктен, Тараздағы Шер-ағаңның ескерткішіне қатысты мәселеде үнсіз қалуды жөн көрмедім. Жамбыл өлкесі – менің туған елім, туған жерім. Ата-бабамның атақонысы. Сол төңіректе дау-дамай әңгіме шығып жатқанда «итің ұры» десе намыстанатын қазақтың қызы емеспін бе, шыдап жата алмадым. Елімнің жақсы аты шыққанын қалағандықтан. Шер-ағаңды айтып, шерімді тарқатқым да келді.  

«Тараздың қақ төріндегі Қойгелді батыр ескерткіші бірнеше мәрте ауысты. Батырдың астындағы аты шағын боп қалып, өткен-кеткеннің бәрі қолымен көрсетіп күле берген соң, ол ескерткішті Жуалы ауданының түкпірдегі бір ауылына апарып тастап, орнына жаңасын қойды. Бауыржан Момышұлының мүсінінде батырдың қылышы белдіктің оң жағында қалып кетіп, «сонда Баукең солақай болған ба?» деп жұрт оның авторын жерден алып, жерге салып жатты. Күні кеше ғана қойылған Керей мен Жәнібектің ескерткіштерінде екі хан екі тақта отыр, яғни бір елді екі хан билеп отырған сияқты. «Бұл бүтіндей бір ел, бір халық үшін өте жаман ырым» деп, тілшілер жазудай-ақ жазды. Ырым-жырымын қайдам, бірақ арада төрт жыл өткенде «осы елді Назарбаев пен Тоқаев қатар басқарып отыр» деген әңгіменің гулегені де жасырын емес. Қысқасы, көне Тараздың төрінен орын алған Абай, Бәйдібек би, Төле би, Балуан Шолақ, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қ.Рысқұлбеков, А.Пушкин және тағы басқа да тұлғалардың ескерткіштері – бәрі-бәрі кезінде жұрттың қатты сынына ұшыраған.

Фотоны түсірген: Алтынбек Қартабай


Шамасы, осыған дейін Жамбылда жұрттың сөзі тимеген, сыннан сауыт кимеген бір-ақ ескерткіш болды. Ол – жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың биік тұлғасы. Иә, рас, қайбір жылдары жыр алыбы туралы да баспасөз беттерінде біраз нәрсе жазылған. Бірақ олар ескерткіштің сапасын, тұрған тұрысын емес, базардың ортасында қалып кеткенін, ақынның алып тұлғасы қаптаған сауда орындарынан көрінбей қалғанын, алдындағы шағын алаң азып-тозып бара жатқанын жазған еді. Бұдан басқа Жамбыл – Жәкеміздің осынау мүсінінің сапасына сын айтқан жанды көрмедік». Бұл «Жас алашта» 2019 жылы тамызда басылған «Жамбыл Жабаевты жақтырмай жүрген кім?» деген  мақаладан  үзінді. Осыдан-ақ көп жайтты бағамдай беріңіз. Халық айтса, қалып айтпайтынын мойындаңыз! 

Енді міне, бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде  Шер-ағаның 90 жылдығы қарсаңында Жамбылда ескерткіш салу жайы сыпсың сөзге арқау болуда. «Қорыққан бірінші жұдырықтайтынның» кебі ғой баяғы. Аузы күйген әкім-қаралар үрлеп ішудің орнына елді үркіте бастағандай жазбаларды оқығанда шыдап отыра алмадым.

  Облыс әкімі  Нұржан Молдиярұлы Нұржігітов зиялы қауымды, қадірлі ақсақалдарды жинап ақылдасып, Шер-ағаңа еңселі ескерткіш салатын болыпты. Және жазушының 90 жылдығын ерекше өткізбек ниеті барына көптен құлағдар едім.  Қуанып жүргем.  Бердібек Сапарбаев облыс әкімі кезінде Жамбылдағы баспасөз үйін үкіметтен қаулы шығарып Шер-ағаның атына беріп бір қуантып еді. Онда үш редакция орналасқан. «Облыстық «Ақжол» газеті (жақында ғасырлық тойын тойламақ) «Арай» және «Знамя труда» басылымдары). Маңдайшадағы «Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі» деген атауы қандай! Сондай жарасымды. Өзім алғаш көргенде қуанғаным-ай. Ұлылыққа құрмет деген осы шығар деп ой түйгем! 

Сонымен Жамбыл өңірінде Шер-ағаңның ескерткішін қою жайлы хабарға көпшілік тарапынан түрлі пікірлер айтыла бастады. «Анда қою керек, мұнда қою керек» деген талас-тартыс та жоқ емес. Бір заманда Жамбыл атамызға ескерткіш қойғанда тап осындай жағдай орын алғаны еріксіз еске түседі. Бүгінгі жағдай мынау. Сыни пікірлерге, талап-тілектерге, ұсыныс-арыздарға сабырмен көз жүгірткен адам халықтың уәжінің орынды екенін аңғарады. 

 

Тағы да текетірес: кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?


Жалпы Шер-ағаңның кім екенін көпшілікке таныстырып жату ұят.  Исі қазақ таниды. Журналистік алғырлығы, редакторлық шалымдылығы, жазушылық дара болмысы, азаматтық ұстанымы бір төбе еді ғой жарықтықтың.  Шығармаларын жата-жастана оқыған қазағы бар артында. Қайраткерлік тұлғасына да қанық қалың елі. Парламент Мәжілісінде депутат болып жүргенде арыстандай ақырып, тілі мен ділі үшін, елі мен жері үшін күрескен қайсар рухына қанша тағзым етсек те аз. Сөйткен Шер-ағаның «атақ-абыройын көкпарға, ескерткішін дауға салмай-ақ, халықтың өтінішін неге орындамасқа? Уәжіне неге құлақ салмасқа?» дегің келеді. Көрнекі бір жақсы жерден (бәлкім Алея, бәлкім сквер жасап) ақын-жазушылар демалатын, серуен құратын, пікір алмасып отыратын демалыс орнын неге ашпасқа дегендей ойлар да қылаң береді.

Әрине, еңселі ескерткіш те салынар, елі аман болса, өршіл рухты жазушысына талай құрмет те жасалар, қара қылды қақ жаратын шыншылдығы да дәріптелер, тарғыл үні, қайсар болмысы талай ұрпаққа тәлім де берер. Оған күмән жоқ.  Шер-ағаң Жамбылға ғана емес, исі қазаққа ортақ тұлға екенін билік басындағылар есінен шығармаса деймін. Шер-ағаның «шекпенінен шыққан» ақын-жазушылар еліміздің барлық өңірінде жүр. Әттең, жазушының көзін көргендер қарасы азайып бара жатқаны ғана өкініш!

Жоғарыда Жамбыл атамыздың ескерткіші Тараз өңірінде қалай шу болғанын жазып кеттім. Ендігі кезек Шерхан Мұртазаға келіп тұр. Оған да еңселі ескерткіш тұрғызу ісі қолға алыныпты. Әттең дегізетіні –  «Бір кем дүние» деп Шер-ағам өзі жазып кеткендей кепті басымыздан кешіп жатқанымыз. Ескерткіш жайлы алып-қашты әңгіме көп. Әкімдіктегі шенеуніктер өз ұстанымдарын жеткізгенімен, халық арасында «Шерхан Мұртаза ескерткіші ана жерге емес, мына жерге тұруға тиіс» деген пікірлер де саналуан.   «Былай тартсаң арба сынады, былай тарсаң өгіз өледі» баяғы. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс, уақыт төреші. Бір анығы, екі тараптың да ниеттері оң, пейілдері дұрыс. Тек бір байламға келу жолындағы текетірес пайымдар мен байламдар ғана көңілге кірбің түсіреді.

Қоғам белсендісі, тараздық журналист Жасұлан Әбдіхалық бауырымның әлеуметтік желідегі жазбасының керек деген жерлерін ғана ойып алдым. Басшыларды түйреп-түйреп өткен, түйдек-түйдек сыни көзқарасы – өз позициясы. Кей мәселеде ойымыз тоғыспауы да мүмкін.  Илегеніміз бір терінің пұшпағы болғандықтан, әлеуметтік желідегі жазбаны көлденең тартып отырмын.

«...Жамбылдың қалам ұстайды деген қауымы Шер-ағаның ескерткішін жекеменшік жатақхананың алдына қоюға қарсы болып ойбайлап жатырмыз. Әлі қарсымыз! Әкімің де, идеолог орынбасарың да пысқырып та қараған жоқ!

Байыппен бақыласақ, бұл жерге ескерткіш орнату Саурықовқа да аса маңызды емес. Саурықов бизнесмен және бизнестен билікке кетіп бара жатқан азамат! Оның үстіне білім ошағы журналистер немесе әдебиетшілер тәрбиелеп отырған оқу ордасы емес, ауылшаруашылығына бағыт алып барады. Ал ең бастысы бұл – күні кеше аты шулы  қонақүй болған ғимарат. Енді бір он жылда бизнес қай бағытта өсетінін ешкім білмейді. Қайтадан қонақүй немесе супермаркет бола салуы оп-оңай. Ал біз ұсынған Шерхан Мұртаза атындағы тарихтану орталығының алды (Арбат) мен Сүлейменов көшесіндегі алаңша шығармашылық тұлға үшін таптырмайтын орын еді.

Сорақысы осыны бәріміз біліп отырмыз, біздің ұсыныстың ұтымды, ұнамды, үйлесімді екенін көріп отырып кө..нен кейін кетеміз. 

Өткенде Нұржігітов ел пікірімен есептесеміз, арнайы комиссия құрамыз, үйтеміз-бүйтеміз дегенге бүйрегіміз бүлк ете қалған. Сөйтсек, тағы да сылдыр сөз, былдырбай «бірдеңе»! 

Жекеменшік жатақхананың алдына қояды деген алғашқы нұсқа болатын. Сол үшін ұлардай шулағанбыз. Сол үшін әкім зиялылармен ақылдасып, комиссия құрып, пікірлер ескеріледі деген. Бәз қалпында, таз қалпында қайтадан сол жерде тұратын болса, комиссия құрып тыраштану не керек еді!? Көзбояушылық кімге керек?».

Жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібаев осы жазбаның астына қалдырған пікірінде былай депті: «Нұржан інім ойланып, ФБ халқы қалаған шешімді қолдайтын шығар. Ақырын күтейік. Осындайда баяғыда дау болған, біраз адам бір-біріне жау болған Жамбыл атамыздың ескерткішінің түпнұсқасын «лақтырып» тастау оқиғасы есіме түсе береді. Әйтпесе «Тараз» қонақүйінің алды Шерхан Мұртазадай адамның ескерткіші тұратын жер ме? Түріктің классик жазушысы Әзиз Несиннің «Әйтеннің күйеуі» деген әңгімесі бар. Әйтен – мықты, елге сыйлы әйел. Ал мәнжубас күйеуін ешкім білмейді. Оның адам екенін білдіру үшін «Бұл Әйтеннің күйеуі ғой» деп таныстырады ылғи. Сол сияқты жүз жерден ТИГУ десе де, ол жер «Тараз» қонақүйі боп қала береді және «түнгі көбелектер» ұясы атанған заманын еске сап күлгені күлген. Сол жерге Шерхан Мұртазаның ескерткішін қою тәуелсіздік тұғырының берік болуы үшін Назарбаевтың өзіне қайта-қайта қарсы шығып, мінез көрсеткен ұлы қайраткер, тегеурінді тұлғаны қорлаудың ең барып тұрған оңбаған түрі».

Менің айтарым – айқайға аттан қосудан аулақ болу. Сабырмен іс еткен жерде ғана береке бар. Елде, басшылықта, әкімдікте ұлтқа бүйрегі бұратын азаматтар отыр. Көпке топырақ шашуға болмайды. Сабақты ине сәтімен деген рас. Әрине, сыни ескертпе айтқан дұрыс. Тек Мұхтар Әуезов айтпақшы, «Сын шын болсын, шын сын болсын». Бірақ жеке басқа шүйлігу, өшпенділік туғызу – алаш баласына жат қылық. Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейтінін жадыдан өшірмеген абзал.

Мен бұл мақаланы жазар ма едім, жазбас па едім, кім білсін, Жамбыл атаға ескерткіш тұрғызылғанда соттасты ғой, ағайын. Сол кеп қайта басқа келмесе екен деп қолға қалам алдым. Әлеуметтік желі деген бір орта бар. Ол жерде не жазылмайды? Не айтылмайды? Көбіне негатив пікірлер тоғысады. Мақтаудан даттау басым. Билік халықтың сөзін тыңдамай жатқасын да әлеуметтік желі күш алып кеткендей көрінеді маған. Тіпті биліктегі кадр мәселесіне де әлеуметтік желі арқылы көпшілік бал ашып жатады.

 

Ресейге еліктегіш басшылар олардан үлгі алсын!

Менің пайымым, Шер-ағаңа тұрғызылатын ескерткіш көрнекі жерде болғаны абзал.  Жалпы Әулие ата аймағы ғана емес, жалпы қазақ даласына салынатын ескерткіштер халық көп жүретін, серуендейтін ашық алаңқайларда тұрса, қандай ғажап! Онымен қоса Тараз өлкесі туризмге де сұранып тұрған жер. Келімді-кетімді қонақтары да аз емес. Алыптардың ескерткіші – халықтың көрсеткіші! Алыпты көріп, халықты таниды өзге жұрт. Ескерткіштерді қуысқа тығып, «құрсаулап» тастау өсер елдің ісі емес. «Өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат бойыңнан түңілсін» деген қазақтың ұрпағымыз. Шер-ағаңдай шерлі жазушының шерменде тағдыры шідерлеуді көтермейді. Еркіндікті қалайды.  

 Фотоны түсірген: Алтынбек Қартабай

 
Облыс әкімі «Еститін үкіметтің» белді  мүшесі болғандықтан, халықтың талабын ескереді деген ойдамын өз басым. Сондықтан биліктен үмітім зор. Әкім мырзаның зиялы қауымды бекер шақырмағаны анық. «Келісіп пішкен тон келте болмайтынын» білетін азамат қой ол.

Іссапармен шетелдерге шығып жатамыз. Сол сапарларда барған еліміздің алып ескерткіштеріне сүйсіне қараймыз. Символикалық сырына үңілеміз.  Алысқа бармай-ақ қояйын, өзіміз «пір тұтатын», «үлгі қылатын» көршіміз Ресейге назар салайықшы бір.

Санкт-Петербургтің негізін қалаушы Ұлы Петр ескерткішін алайық. Қандай ғажап тұлға! Сенатская Площадта (алаң) Нева өзеніне қарама-қарсы орналасқан Адмиралтействамен, Әулие Исаак соборымен және бұрынғы Сенат пен Синод ғимараттарымен қоршалған аймақта тұр.  Бұл ескерткіш Екатерина императрицаның бұйрығымен салынған. Германияда туылған ханшайым болғандықтан, ол алдыңғы орыс монархтарымен сабақтастық желісін орнатуға асық болған. Осы себепті ескерткіштегі жазу латын және орыс тілдерінде оқылады: Petro Primo Catharina Secunda - Екатерина II Петр I үшін.

Атақты француз мүсіншісі Этьен-Морис Фальконет жасаған Ұлы Петрдің бұл ат үстіндегі мүсіні халық батыры ретінде Ресейге мемлекеттің ең маңызды реформаторы болып табылады. Тұғыр қызыл граниттің бір кесіндісінен жасалған, жартас түрінде құйылған.  Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де Петр мүсіні алынып тасталмай, құм салынған дорбалармен және ағаш баспанамен қорғалған. Осылайша, ескерткіш Ленинградтың 900 күндік қоршауынан аман қалды, сөйтіп іс жүзінде өзгеріссіз тұр. Міне, тарихи ескерткішке құрмет! 

Мәскеу – Ресей Федерациясының астанасы, ірі мегаполис. Осы қалада көптеген тарихи және мәдени маңызды орындар бар. Орыс тарихына еңбегі сіңгендердің ескерткіштері жұтынып тұр. Солардың бірі – әлемге әйгілі орыс ақыны Александр Сергейұлы Пушкиннің ескерткіші. Мәскеуде Пушкин ескерткіші атақты орыс ақыны атындағы алаңда орналасқан. Осылайша Ресей халқы ұлы ақынға ерекше құрмет  көрсетіп келеді.

Қазақтың аяулы ақыны Жұмекен Нәжімеденов осы ескерткішке «Жазылды да желеңінің қат-қаты, Тас тұғырдан түсіп келе жатты ақын» деуі бекер емес. Бұл – шынайы ескерткішке жасалған тағзым. Берілген баға! Біз өз жеріміздегі ақын-жазушыларды, батырлар мен билерді ескерткіштен  тап осылай «түсіре» аламыз ба? Әй, қайдам?!

Мұндай мысалдарды жүздеп келтіруге болады. Өзге елді емес, Ресейді көлденең тартып жатқаным, біздің билік басындағы көптеген шенеунік тым ресейшіл ғой. Солардың тілін жақсы көреді. Бүйректері бұрып тұрады. Олай болса, архитектуралық қырына, ескерткіштерінің сапасына көңіл бөлсін! Үйренсін, еліктесін. Тап солардай өткенге құрмет жасауға талпынсын!

Таразда бой көтерген тағы бір сәтсіз ескерткіш Айша анамызға тиесілі. Бойы бір қарыс, кәдімгі ойын баласы – ерке қыздың кескіні тұр бір бұрышта. Ескерткіштің орналасуы, тұрысы адамның намысына тиеді.  

Тараздағы Әулие ата бабамыздың (Қараханның) ескерткішін алайықшы. Әлемге танымал. Облыстың 80 жылдығында Әулие ата бабамыздың ескерткіші Тектұрмаста биікке орналасты. Туристер баратын, қала жұртшылығы тамашалайтын керемет жерде тұр. Енді Әулие ата мен Айша бибі ескерткішін салыстырып көрейікші. 

Жамбыл өңірі десек, біз әуелі Әулие ата өңірі деп сөз бастаймыз. Жамбыл бабамыз тегін айтқан жоқ қой, «Атыңнан айналайын, Әулие ата, Атыңды мен алды деп болма қапа» деп.  Асқар Мырзахметов әкім боп тұрғанда облыстың 80 жылдығы қарсаңында Таразда Әулие атаға үлкен тарихи кешен салғызды. Сіңірген еңбегі зор. Сол үшін құрметім ерекше оған.  Кейінгі әкім де қарап қалмады, оны жалғастырып әкетті. Абаттандырды. Бар күшін салды. Еңбектің еленгені деген осы,  қазіргі қала жұртшылығының демалатын, қонақтарды ұялмай апаратын орнына айналды. Тіпті шетелдік қонақтарға мақтана көрсете алатын деңгейге көтерілді.

 

Мүсіншілер неге фантазиядан жұрдай?

Тараздың бір бұрышында Айша бибінің кішкентай ғана (бір жарым метр), жетім қыздың күйін кешіп тұрған кейпі жаныңа батады. Намысыңды қамшылайды. Оның ар жағында Керей мен Жәнібектің Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында қойылған ескерткіші тұр. 

Мәтін №29: Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында: Қазақ хандығы ту тіккен  өңір Оқылу уақыты: 2 минут.. | ВКонтакте

Тағы да айтамын, қай кезде де біткен іске сыншы көп. Алайда ескерткішті соққанда еңселі болуына, айбарын асыруға, сапасын арттыруға, тұрған орнына,  болашақ ұрпаққа рух берер символикалық кескініне назар аударту ұлы міндет болуы тиіс! Еліміздегі көптеген ескерткіштерге көңіл толмайды. Себебі бармақ басты, көз қысты іс-әрекет көп. Соның салдарынан тамыр-таныстық алдыңғы орынға шығып кетеді. Сөйтіп, тарихи ескерткіштер «ақшаның құлына», мүсіншінің «ұлына» айналады. Бұл – тарихқа қиянат! Ұлтқа соққы! 

Айша Бибі Кесенесі - Система онлайн-покупки билетов в кино и на концерты  Ticketon.kz

Аңызы мен ақиқаты бір Аллаға аян ғой. Алайда бізге жеткен тарихта Айша ару ғашығы Қараханға қосылам деп келе жатқанда Аса өзенінің бойында жылан шағып қайтыс болады. Тұла бойын у дендеп демі үзілейін деп жатқанда Қарахан некелеседі. Екеуі «біз өлгенде бейіттеріміз бір-біріне көрінетіндей биікте болсын» деп серттесіпті дейді. Тектұрмастың биігіне Қарахан баба ескерткішін қасқайтып қойдық қой. Енді соған жұп қылып, Аса өзінінің бойынан ажары бөлек Айшаға да еңселі ескерткіш қою керек.

Айша бибіге еңселі ескерткіш тұрғызылса, оның тас тұғырына шағуға ұмтылған жыланды өрмелетіп ескерткішке жан бітірсек және қазақтың қызы киетін сәукеле мен ұлттық киім бойына жарасып тұрса. Сөйтіп, екі зәулім ескерткіш бір-біріне қол созып,   «үздігіп» тұрса, керемет болар еді. Жергілікті жұрт біледі, Әулие ата мен Айша бибі ескерткішінен кейін, Аса өзенінің арғы жағына қарай оңтүстікті бетке ала үлкен күре жол шығады. Сол жерге оңтайлап,  қаржы жоқ деген сылтау айтылса, ел болып бір қор ашсақ, сол қорға менің өзім бас болып бір айлық зейнетақымды аударар едім. Мұндай елеулі іске ел болып жұмылмасақ болмайды ғой. Бұл күре жол халықаралық статусқа ие. Демек туристерге де қазақ даласының тарихқа толы шежіресін жарнамалауға таптырмас олжа. Сондай-ақ, некесін қиған жас жұбайлар арнайы барып тәу етсе, махаббаттарын ән етсе, тілек тілеп қол жайып құрмет көрсетіп жатса, қандай жарасымды болар еді!  Мына жалған дүниеде қосыла алмаған қос ғашыққа бұдан артық қандай құрмет болмақ?! 

Мен ел мен жерді, қасиетті мекендерді көп аралайтын адаммын. Батыс Қазақстанда, Оралда Қадыр (Мырзалиев) үйінің алдында ақынның отырған еңселі ескерткіші тұр. Маңында қыдырыстаған жұрт, суретке түсіп демалған бұқара. 

Маңғыстауға Әб-ағаның (Әбіш Кекілбаев) 80 жылдығына үкіметтік делегациямен барғаным есімде. Сонда Әбіш ағаның мұражайы алдына Маңғыстау жұрты жазушының үлкен ескерткішін тұрғызғанын көрдім. Олай болса,  Шер-аға ескерткіші тұрған баспасөз үйінің алдынан жазушының демалып отырған сәтін бейнелейтін әдемі ескерткіш неге тұрғызбасқа? Шер-аға бұған әбден лайық қой!

Елімізде сан түрлі ескерткіштер бар. Салынуы да, сапасы да әртүрлі. Кейбіріне қуанасың, кейбірін көріп қуарасың. Ең қызығы – бәрінің формасының ұқсастығы. Мысалы батырлар үнемі қолына қалқаны мен найзасын ұстап тұрады. Тұлғасы батырға емес, қой бағып жүрген шопанға ұқсайды. Кейбірінің аттары есек секілді көзге қораш! Бәзбіреулерінің аттары дәу, өздері шау тартып қалған. Ақын-жазушыларға қойылған ескерткіштер де бір сарындас. Қолында қаламы, алдында ақ қағазы. Шаштары дуда-дуда. Омырауы ашық, қалың ой құшағында.  Әйтеуір бітпейтін Шер-ағам айтқан «бір кем дүние». Неге мүсіншілер ізденбейді? Неге фантазиялары төмен? Неге жаңашылдыққа бет бұрмайды?  Неге кейіпкерге басқа қырынан келмейді? Ескерткішке неге жан бітірмейді?

 Бұл да мемлекет басындағы басшылар, идеологияға жауапты азаматтар ескеретін жайт. Ескерткіштерге немқұрайлы қарау, ұлттық нақышқа, ұлттық болмысқа, тарихқа обал. Елім деп өткен арыстарға дұшпандық! Барыңды бағалай алмау! Бұдан өткен сорақылық болмас... 

Бір кезде үлкен трассада Кенесары ханның ескерткіші тұрушы еді, ол да біраз дау-дамайға себеп болған-тын. Ол жайлы біздің «Qazaqstan dauiri» газеті арнайы мақала да жазған. Ескерткіштің заңсыз салынғаны, оны төрелердің еншілеп алғаны да нақты дәлелдермен әшкереленді. Үш жүздің соңғы ханы Кенесары бар қазаққа ортақ тұлға еді. Оны «жекешелендіріп алуға» әсте болмайды ғой. Ел ішіне іріткі салу парасаттылыққа қайшы. Ескерткіштерді салу барысында осындай нәзік мәселелерді де айналып өтпеу керек. Ескерткіш ұлтты ұйыстыратын, халықты бір жерге тоғыстыратын мәнге ие болмаса, бәрі бекер.   Жақында өтіп бара жатып көз қырымды салдым, ескерткішті алып кетіпті. Билік пен төрелер бір келісімге келген секілді... Тұғыры ғана қалыпты. Кенесары ханды мазақ еткендей, мыжырайған кескінді жол бойынан алып кеткеніне қуандым, расы. «Қазақтың соңғы ханын ынжық етіп көрсеткен ескерткіштің барынан жоғы» дедім іштей.

Мысалы Шу ауданына кіре берісте Төле би бабаның ескерткіші тұр. Әттең-ай дейсің. Үш жүздің төбе биі мыжырайған шалға ұқсап езіліп отыр. Еңсесі төмен. Қалжыраған кейіп.  Шымкент қаласындағы Бәйдібек бабаның ескерткішін қараңыздаршы, қандай әдемі! Көк тіреп тұр. Сұсымен басады. Айбарымен састырады. Шығыс Қазақстанда Семей өңірінде Жәнібек батырдың Қытай жақ бетке қасқия қарап тұрған ескерткіші бар. Қасында көкжал бөрі!  Рухыңды көтереді. Кәдімгідей баба рухы барлық қазаққа қорған болып тұрғандай күйге түсіреді. Осындай тарихи мәні бар, ұрпаққа айтары бар ескерткіштер тәуелсіз елге ауадай қажет. Оны жасау, қаржыны бақылау өзімізге байланысты...

Ғылым мен технология дамыған заманда зәулім ескерткіштеріміз 10 жылға  шыдамайды. Жауын-шашынға мүжіледі, аязға үгіледі, дауылға шытынайды, боранда бұрқырайды. Демек мүсіннің қоспасы аз, сапасы төмен.  Бұл да жемқорлықтың «жемісі».

 Ал бабалар мұрасы,  Қарахан мен Айша бибі кесенесі, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мавзолейі, Арыстан баб тарихи орны, өзге де өңірлердегі тарихи ескерткіштер әлі күнге айбарлы, ардақты. Неге? Түйемен көшіп, атпен атойлаған дәуірдің құрылысы технология үстемдік құрған заманнан биік тұр. Ол ғасырдың адамында, мүсіншісінде, басшысында иман, иба, ұят мықты болған-ау шамасы... 

 

ТҮЙІН:  «ЕКІ ШЕРХАН ТУМАЙДЫ,

 ҚАРАТАУҒА ЕКСЕҢ ДЕ»

Елден жеткен соңғы ақпаратта Шер-аға ескерткіші жоғарыда айтылған жерге тұратын болып шешіліп қойған дейді. Кім білсін! «Еститін үкімет» тағайындаған облыс әкімі жамбылдықтардың назы мен уәжіне құлақ түрер деген сенімдемін әлі. Мақаланы жазып бола бергенде әлеуметтік желіден тараздық жерлес бауырым Бекет Момынқұлдың жазбасын оқыдым. Ол комиссия мүшесі екен.  Оқыдым да, облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтың Шер-ағаның ескерткішін қай жерге қоюды халықтың талқысына салғанын аңғардым.  Бекет Момынқұл былай деп ағынан жарылыпты:  «Фейсбукті парақтауды қойғаныма бірнеше апта болып еді, бүгін бір досым телефонмен хабарласып, фейсбукте айқай-шу болып жатыр, Шерхан көкеңнің ескерткіші қай жерге қойылуы керек деген тартыс тоқтар емес», – деді де, сен неге үндемей жатырсың деп кінәлағандай болды. «Ойпырай, не болып қалды?!» – деп фейсбукті ашсам, шынымен-ақ кәдімгідей пікірталас. Әулиеаталықтарым ояна бастағанына қуандым. Белсенділігін танытып жатқанына риза болдым. Мен Шерхан көкемнің ескерткішінің таңдау және оны қай жерге орналастыру жөніндегі комиссия мүшесі ретінде өз ойымды қосқым келеді. Иә, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов осы мәселелерді халық өзі шешсін деді. Бір миллионнан астам әулиеаталықтардың атынан сол шешім комиссияға тапсырылды. Комиссияның құрамын ол жасақтаған жоқ, сол жиынға қатысқан біз құрдық. Ал комиссияның жұмысын ұйымдастыру «Көне Тараз» қайырымдылық қорына тапсырылды. Қордың төрағасы Мұратбек бауырым өз міндетін жақсы атқарды деп айта алам. Комиссия отырыстары өте қызу өтті. Сол отырыстарға мамандар шақырылып, олардың пікірлері де ортаға салынған. Комиссияның әр мүшесі өз пікірін айтып, шешімді жабық дауыспен қабылдадық. Сондықтан облыс әкімін кінәлаған бауырларыма айтарым – ескерткішті қай жерге орналастыру туралы шешімді комиссия мүшелері қабылдады. Әрине, дауыстар екі-үшке бөлінді, бірақ ескерткіш «Студенттер үйінің» алдында орналастырылсын деген ұсыныс комиссия мүшелерінің басым көп дауысымен қабылданды. Мен осы ұсынысты бірден қолдадым. Жері кең, жастардың орталығы, үлкен даңғылдың бойы. Әлі де осы жер керемет орталыққа айналар деген сенімім зор».

Өз басым келешекте Шер-ағаның ескерткіші қателікке ұрынбай, кескін-келбеті бұзылмай, ұнжырғасы түспей, ел үшін еткен еңбегі әбден таразыланып, көне Тараздың ең көрікті, халық көп серуендейтін, келген қонақтар асықпай тамашалайтын жерінен  орын теберіне сенемін.  Қалай десек те, Шер-ағаң – көрнекті жазушы, қанжар тілді қоғам қайраткері.  Осындай тұлғаның алып ескерткіші «Студенттер үйінің» алдында тұрғанын қорашсынбаймын. Шер-ағаң – өскелең ұрпақтың жазушысы. Жастарға сенім артып өткен азамат. Тараздың қай жерінде тұрса да, Шер-ағаң ескерткішіне халық іздеп барып тәу етері, құрмет көрсетері сөзсіз!  Күні ертең бой көтерер зәулім ескерткіш, Шер-ағаңдай қайталанбас тұлғаның мүсіні   «Студенттер үйінің» маңындағы  (біреулер жазып жатқандай) жекеменшік жатақхананың алдында «именіп» тұруы біртүрлі көрінеді маған. Шер-ағаң көзі тірісінде жекеменшік байлар мен жерді жекешелеп алғысы келген олигархтармен күресіп өтті. Енді келіп көзі жоқта (рас болса) жекеменшік жатақхананың алдына «кіріптар қылып қою» қалай болар екен?..

Өткеннен сабақ алсақ, Жамбыл атамыздың жаңа ескерткіші бұрынғының көшірмесі болса да тартымды, әсерлі шыға қоймады. Ақынның жүзі жұтаңдай, өзі алдыңғысынан аздап арықтау көрінеді. Ал тұрған орнының өзі облыстық  әкімдіктің алды болғанымен, ел үшін елеусіздеу болып қалды. Оның үстіне алдын декорация үшін тігілген қарағаштар жауып тұр. Баба ескерткішін көру үшін ағаштан асып, әкімдікке қарай өту керек. Ал көшеде келе жатқан адамның көзіне ілінбейді. Шер-ағаңды да артық қыламын деп, осылай тыртық етіп алмасақ екен. 

Ескерткіш көшпелі дүние емес қой, ертең орнын ауыстыра салатын. Тұрғызылған жерінде «тамырлап» тұруы керек. Бұл – мың ойланып, жүз толғанып шешетін мәселе! Асығыстыққа жол жоқ!  Шер-ағаң – халықтың адамы. Сондықтан қаланың ең көрікті жерінде тұруы тиіс! Ұрпаққа игі тәрбие беру үшін, ұлыны ұлықтау үшін. Менің білетінім – облыс әкімі – ел тарихынан хабары бар, қара топыраққа аунап өскен, халықпен етене жұмыс істеп төселген, тәжірибесі мол, білімді азамат. Ескерткіш тұрғызыларда комиссияның шешіміне байланбай, халықпен санасарына, түрлі ой-пікірлерді қаперге аларына сенім зор. Ел ағаларын, зиялы қауымды шақырып алып ақылдасса, бір ойлағаны бар да!

Бұл мақала өткеннен сабақ алсақ деген ақ ниетпен жазылды. Қателікті жіберіп, жөндегенше, болдырмауға тырысқан дұрыс-ау. Келісіп пішкен тонның келте болмайтыны тағы бар. Ескерткішті не үшін саламыз? Мақтан үшін бе? Онда не қадір-қасиеті болмақ! Келер ұрпаққа тағылымды тәрбие беру үшін болса, ол – басты мұрат. Ұлы мұрат! Олай болса, ескерткіштің сапасы мен сыр-сипаты, тұрпаты мен бітімі көрген адамды тамсандыруы тиіс. Тұлғаның бар болмысы ескерткіштен  «оқылуы» міндет!   Қара тасқа жан бітіп, пенделерді ой құшағына алса, аруақтардың  алдында жүзіміз жарық болары анық.

Нұржан Молдиярұлының  Әулиеата өңіріне басшы болып келгеніне де жүз күн болып қалды. Көп уақыт болмаса да, үш ай іскер алғыр басшыға алды-артын бажайлап, ақылмен іс етуге, халықпен бірге болуға таптырмайтын мүмкіндік. Иә, облыс әкімінің алдында үлкен жауапкершілік тұр. Сыннан сүрінбей өтер деген ойдамын. 

Өз басым Шер-ағаңмен өмірінің соңғы жылдарында, депутаттық кезеңдерінде жақсы қарым-қатынаста болдым. Ақ батасын алдым. Салғырттығым болар, ағаммен жайраңдап отырып суретке түсу ойымда болмапты. «Жақсылықты жаз, қарағым, жамандықты өздері-ақ жазады» деген аға ақылы санамда жаңғырып тұр. «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де» демекші, «Екі Шерхан тумайды ғой, Қаратауға ексең де». Олай болса, Шер-ағаңа тұрғызылатын ескерткіш оның күрескерлік болмысын ашса, қайраткерлік мінезін боямасыз бере алса, елім деп ұйқысыз өткізген түндерінің белгісін көз жанарына сыйдырып, шалт қимылын жіті көздерге елестете алса, керегі сол ғой жұртқа. Қара тасқа жан бітіру деген осы ғой. Біздің де қалайтынымыз осы емес пе?! 

 

Сәуле Мешітбайқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
21.07.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 59
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 584
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 699
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 613
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 622

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8758
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8158
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11387
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9141
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10372