Ғалым Шәлменовтың ғылыми мектебінің шарапаты

Ғалым Шәлменовтың  ғылыми мектебінің  шарапаты

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, ветеринарлық  ғылымдардың докторы, профессор, «Халықаралық ақпараттандыру академиясының» академигі Мәлік Шәлменовтің бір бойынан ұстазға тән ұлағаттылықты, ғалымға тән ізденімпаздықты, маманға тән біліктілікті, жетекшіге тән талапшылдықты,  адамға тән қарапайымдылықты, ағаға тән қамқорлықты жиі көріп келеміз.    

Ардақты азамат, ұлағатты ұстаз ретінде атақ-абыройлары жеткілікті ғалым батысқазақстандық паразитология ғылыми мектебін қалыптастырды. Мәлік Шәлменұлы қиындығы мен қызығы мол білім мен ғылым жолына түсті, үнемі оқыды, үзбей ізденіс жолында болды. Алдымен Мәскеудегі К.И.Скрябин атындағы Бүкілодақтық гельминтология институтының аспирантурасын бітіріп, ветеринария ғылымдарының кандидаты атағын алу үшін диссертация қорғады,  1991 жылы доцент ғылыми дәрежесін алды. Ғылыми зерттеулерді ұлғайтуға, ғылыми кадрларды дайындауға, ветеринарлық ғылыми-зерттеу станциясының материалдық-техникалық базасын нығайтуға тікелей атсалысты. Ғалым ұсынған эхинококкозбен күресу әдістерінің, құралдарының және тәсілдерінің жиынтығының келешегі зор, экономикалық тұрғыдан тиімді және жеңіл орындалады. М.Шәлменовтың докторлық диссертациясында жаңа сапалы дезинвазиялық дәрмектер жасалып, олардың қолдану тәсілдері жетілдірілді, иттердің эхинококктарының дернәсілдері мен жұмыртқаларына қарсы сыртқы орта нысандарын дезинвазиялауға арналған тиімді дезинвазиялық дәрмектер ұсынылды.

Мәлік Шәлменұлы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіндегі «Эпизоотология, паразитология және ветеринарлық санитарлық сараптау» кафедрасының профессоры қызметін абыроймен атқарды. Қазір де өзі қызмет жасап жүрген жоғарғы мектептің абыройын асқақтатып, ортақ іске қомақты үлес қосып, қыруар іс тындырып, тынымсыз еңбектеніп келеді. Ол болашақ мамандарға, магистранттарға және докторанттарға сапалы білім беруді ұйымдастырып, дәріс оқып, тәлім-тәрбие беріп жүр. 

Бір университетте бірге жұмыс жасай жүріп, әріптес ағамыздың жұмыс бөлмесіне мейрамымен құттықтап, көрісіп немесе кеңесу үшін бас сұғып тұру біздің де әдетімізге айналып кетіп еді. Ағамыз да інілері мен шәкірттеріне ізетпен қарап, сыртынан қамқор болып, жөн сілтеп, ақылын аямайды. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деп ұлы ақын Абай Құнанбайұлы айтқандай, кішілер ағасынан, шәкірттер ұлағатты ұстазынан, магистранттар, докторанттар, ізденушілер бағыт-бағдар беретін ғылыми жетекшісінен тәлім-тәрбие,  үлгі-өнеге алып, барынша ұқсап бағуға, талмай үйренуге, айтқан ақыл-кеңесін шашау шығармай жүзеге асыруға тырысады. 

Мәлік Шәлменов – қазаққа қызмет етуді парыз санайтын сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Білім мен ғылым, атакәсібіміз – мал шаруашылығы мен ветеринария, оның ішінде паразитология туралы көкейкесті ойларын, өткір пікірлерін биік мінберлерден, дәрісханаларда, алқалы жиындарда, ғылыми кеңестер мен конференцияларда, симпозиумдарда, дөңгелек үстелдерде, қызу пікірталастарда, бұқаралық ақпарат құралдарында ашық та батыл айтып жүр. «Адам дәрігері адамды емдейді, ал ветеринарлық дәрігер бүкіл адамзатты емдейді». Бұл ақиқат. Академик Шәлменовтың елге жасап жүрген жан-жақты, ауқымды қызметі мен айтып жүрген өткір пікірлері мен тұжырымды ойлары – бүкіл адамзаттың денсаулығына байланысты жаһандық проблемалар мен келелі мәселелер. Бұл салаға ұлағатты ұстаз, ізденімпаз ғалым, тәжірибелі маман, белсенді азамат ретінде ол сүбелі үлес қосты, әлі де бергенінен берері көп. Зейнет жасына жетсе де, еселі еңбегімен, зерделі зерттеулерімен, тың ізденістерімен жастарға әлі де өнеге көрсетіп жүр. 

Батыс Қазақстан облысындағы Егіндікөл ауылының қарадомалақ  балалары атақты академик Мәлік ағаларын үлгі тұтып, сол кісідей елге еңбегі сіңген азамат болуды армандайтынына куә болғанбыз. Мәлік Шәлменұлы құт қонған Қаратөбе топырағында дүние есігін ашып, ертегілер мен аңыздарға құлақ түріп, Мұхит пен Ғарифолланың әндерін тыңдап, Құныскерейдің үңгіріне тығылып жасырынбақ-қуыспақ ойнап, ақ сақалды аталарының ақ батасын алған перзент. Ұлы Отан соғысынан жеңіспен оралған майдангердің ұлы. Еңбек жолында тынбай жұмыс жасап, туған жеріне ащы терін төгіп, туған еліне бір кісідей қызмет қылды.  Туған ауылына барғанда фермерлер мен ветеринария мамандарына кеңес беріп, мектеп оқушыларымен кездесіп, кәсіби бағдар беруді перзенттік парыз санайды. Қаратөбеден шыққан тұңғыш ветеринария ғылымдарының докторы, елге еңбегі сіңген паразитолог-ғалым М.Шәлменов 2012 жылдан бастап үздік оқушыларға өз атынан жылына 120 000 теңге шәкіртақы тағайындап, өз қаражатынан төлеп отыр. Бұл – жәй ғана жомарттық емес, жас ұрпақты білім алуға ынталандырып, үлкен ғылым жолына түсіруге бағытталған ізгі ниет, өзі оқыған мектебіне жасаған қамқорлығының көрінісі.  Егіндікөл жалпы орта білім беретін мектебінде «Қаратөбе ауданының құрметті азаматы» Мәлік Шәлменов атындағы биология класы жұмыс жасайды. 

Ғалымның ғылыми жетекшілігімен 1 PhD докторы, 1 ғылым кандидаты, 11 магистр  диссертация және 45 түлек диплом жұмыстарын қорғады. Оның 270 ғылыми еңбегі, соның ішінде алты оқулық, 41 ғылыми әдістемелік нұсқау, ұсыныс, тоғыз авторлық  куәлік, алты ҚР-ның алдын ала патенті, екі ҚР инновациялық патенті, 12 плакаты бар. Ол ветеринария саласындағы айрықша маңызды міндеттерді шешуге, өңірімізде кең тараған бруцеллез, туберкулез, эхинококкоз, ценуроз, эстроз және басқа да мал ауруларымен күрес шараларын іздестіруге, сол арқылы облысымыздың азық-түлік бағдарламасын жүзеге асыруға ықпал етті. 

Белсенді қызметі үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Қазақ МҒЗИ-ның, облыстық аумақтық басқармасының, облыс әкімінің, университет ректоратының грамоталарымен, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Ветеринария саласын дамытудағы еңбектері үшін» және «Білім шыңы» медальдарымен марапатталды. Өткен жылы «Жаңа Қазақстанның 100 жаңа есімі» республикалық байқауының жеңімпазы болып танылып, сонымен бірге «Еңбек үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ал күні кеше көрнекті ғалымға «Халықаралық ақпараттандыру академиясының алтын ордені» құрметті естелік белгісі тапсырылғанын да мақтанышпен атап өтуге болады. 

Академик, профессор Шәлменовтың ғылыми мектебі күннен-күнге, жылдан-жылға өркендеп, тамырын тереңге жаюда, еліміздің кең даласына тарыдай шашыраған шәкірттері де ұлағатты ұстазының жолын қуып, бастаған істерін жалғастыруда. Әрине, бұл – ұрпақтар сабақтастығы, білім мен ғылымның ілгері дамуының кепілі. Кейіпкеріміз қыста шаңғы тепкенді, түрлі қашықтыққа жүгіргенді, балық аулағанды, аңға шыққанды жаны сүйеді. Сонымен қатар саяжайда жұмыс жасағанды өте жақсы көреді. Мәлік аға – абыройлы шаңырақ иесі, жанұяның ұйытқысы, қамқор әке және Шәлменовтер әулетінің ақылшысы. Бүгінде Мәлік Шәлменұлы алған асуларына 75-тің биігінен көз жүгіртіп, ел алдында есеп берсе, біз оның өнегелі өмірін жастарға үлгі қылып, ардақты азаматтың сегіз қыры мен бір сырын жан-жақты ашуға тырыстық. 

Болатқали ТӨЛЕБАЕВ, ардагер-ұстаз, доцент, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері, «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
30.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНДА ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМ САХНАЛАДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 30
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАСТАРЫ ҮШІН БИЫЛ АРНАУЛЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНА 15 500 ГРАНТ БӨЛІНЕДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 27
ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ҚАЗЫҒҰРТТА КӘСІПКЕРЛІКТІ ЖАНДАНДЫРУДЫ ТАПСЫРДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 36
 СОЗАҚ АУДАНЫ ӨНЕРКӘСІП ӨНІМ КӨЛЕМІ БОЙЫНША ОБЛЫСТА КӨШ БАСТАП ТҰР
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 02.05.2024 28
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА БІРНЕШЕ АУЫЛҒА ГАЗ БЕРІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 28

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1199
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7246
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11110
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7309
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7457