Ұлттық сөз өнеріміздің жауһар дүниелерін, әдеби көркем туындыларымызды түрлі деңгейдегі білім беру буындары арқылы ұрпақтар санасына жеткізу бағытында ұзақ жылдар бойы атқарып келе жатқан игілікті істеріміздің нәтижелері мен тәжірибесі аса мол десек те, оны педагогика ғылымында қалыптасқан өлшем-қалыптарды ескере отырып, ғылыми-әдіснамалық негізде оқытудың әдіс-тәсілдерін, көркем әдебиетті оқыту пәнін жүйелеп беретін әдістеме саласы кенжелеу дамығанын естен шығара алмаймыз. Қазіргі таңда республика көлемінде педагогика ғылымының осы саласы, яғни қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі бойынша еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеп, ізбасар мамандар даярлап жүрген әдіскер ғалымдарымыз саусақпен санарлық жағдайда. Бұл дегеніміз, аталған бағытта өз кезегін күтіп жатқан көкейкесті мәселелердің мол екенін аңғартса керек.
Бүгінде жеткіншек жастарымыздың кітап оқуға ықылассыздығы, жалпы қоғамдағы көркем әдебиетті тарату мен насихаттаудағы, оқу бағдарламаларындағы кемшіліктер туралы көп айтылады. Әрине, көркем шығарма мүлде оқылмайды деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Бастауыш мектептен бастап жоғары деңгейдегі докторантураға дейінгі білім сатыларындағы әдебиет пәніне қатысты дәрістерде көркем әдеби туындылар оқылады да, оқытылады да. Мәселе – оқылу-оқылмауында емес, оның қалай оқытылуында болса керек.
Бойындағысын халқына беріп көтерілу
Шындығында да, ұзақ жылдар университет дәрісханаларында филолог мамандар даярлау барысында байқаған бір жағдайымыз – алдымыздағы шәкірттердің көркем шығарма талдауға келгенде шорқақтығы. Орта мектепте де, жоғары оқу орындарында да солай. Білім алушы жастар өздері оқыған көркем шығарманы көбінесе мазмұндап беруге бейім. Ал оны тиісті жүйесімен, теориялық тұрғыда білікті талдау жасау сирек. Қалай істеу керек? Мектеп оқушысы үшін де, жоғары оқу орнының студенті үшін де, тіпті оны шәкірт санасына құюға тиіс мұғалім мен оқытушы үшін де олқылықтың орны қайтсе толмақ?
Осы бір көкейкесті сауалдың жауабын қолымызға алған сайын өзінің рухани бағасын қайта сезіндіретін «Көркем шығарманы талдау әдістемесі» атты монографиялық еңбектен таба алатынымыз анық. Мектеп оқушысының да, студенттің де, мұғалім мен оқытушының да әлгіндей қажеттілігін өтеу үшін туған бұл еңбекті жоғары бағалайтынымыз да сондықтан.
Кітап авторы күні кеше ғана ортамызды ортайтып, мәңгілік мекеніне аттанған қымбатты замандас досымыз, еліміздің білім беру саласында ұзақ жылдар еңбек еткен ұстаз-педагог, әдебиетті оқыту әдістемесіне қатысты іргелі зерттеулер жүргізген белгілі педагог ғалым Бақтияр Өрісбайұлы Сманов болатын.
Өмірінің ақырғы сәтіне дейін он шақты жыл Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Академик С. Қирабаев атындағы Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры ретінде бірқатар жыл еңбек еткен ғалым-ұстаз Бақтияр Өрісбайұлының өмір жолы оңтүстік өңірдің құйқалы топырағына табанын күйдіріп, өмір бойы ұстаздық жолда жүрген әкенің ұлағатты тәрбиесінен бастау алды. Ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып, әдеп-салт қазынасы іспетті оңтүстік өңірдің өнегесі Бақтиярдың бүкіл өмір жолына азық, тұла бойына нәр болып дарыды. Қарапайымдылығы мол бай мінезіне, ойындағысын бүкпейтін ашықтығы мен қандай ортамен болса да тез тіл табысып, сіңісіп кететін жаратылыстық қасиетіне биік мәдениетін, еңбекқорлығы мен ізденімпаздығын, терең білімін қосыңыз. Осының бәрі тоғыса келіп, Бақтияр Смановты білікті ғалым, өнегелі ұстаз, өрелі азамат дәрежесіне көтерді.
Ол бұл биікке өзі көтеріліп қана қойған жоқ, бойындағысын халқына бере жүріп көтерілді. Еліне қызмет ете білді. Осының бәрі де жастайынан бойына сіңген оқысам, білсем деген ұмтылыстан, әдебиетке, ғылымға құштарлықтан туған қасиет болатын. Сол құштарлықтың ұшқыр қанаты бір кезде анау-мынау ауыл баласының қиялы жетпес қиырдағы Мәскеуге бала Бақтиярдың аяғын да жеткізген еді...
...Жылт еткен жаңалыққа алып ұшқан албырт жүрек бүгін ерекше күй кешкендей... Міне, мынау өзі сан рет қиялмен шарлаған Мәскеу шаһары! Алып қаланың топырағына табаны тиген сәттен-ақ өзінің «оқысам», «білім алсам» деген мақсатына бір табан жақындағандай көрінген. Ал осында оқитын өзі танитын қазақ жастарымен бірге әйгілі М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің жатақханасының табалдырығын аттағанда, тап бір өзі армандаған әйгілі Шығыстану (қазіргі Азия және Африка елдері) институтына қабылданып қойғандай сезінді...
Бұл белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Халықаралық педагогикалық білім беру ғылым академиясының (Ресей) және Еларалық Айтматов академиясының (Қырғыз Республикасы) академигі, көрнекті әдіскер ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бақтияр Өрісбайұлы Смановтың – бір кездегі С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің студенті бозбала Бақтиярдың үлкен қалада, биік білім ордаларының бірінде білім алсам, Шығыс елдерінің білімін меңгерсем, Шығыстанушы ғалым болсам деген арманының жетегінде жүріп, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғында басынан кешкен бір сәулелі шағы еді...
Бұл сапар балалық қиялдың, жастық албырттықтың ғана жемісі емес еді. Жасынан бойына сіңген оқу-білімге деген құштарлықтың, неғұрлым биікке көтерілсем деген ішкі жігер мен үлкен мақсаттан туған дүние болатын. Әйтпесе, сол тұстағы Қазақстанның маңдайындағы жалғыз университеттің ең бір қасиетті дәстүрге бай факультетінің студенті болып оқып жүрудің өзі ешкімнің тақиясына тар келмейтін жетістік еді. Бозбала Бақтияр оқып жүрген оқу ордасы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультеті қазақ елінің түкпір-түкпірінен келген көк өрім жастар – біздердің жолымызды тоғыстырып, тіршілікте қатар ғұмыр кешуді, білім мен ғылымда, өмір соқпағында қанаттас жүруімізге себепкер болған қасиетті қара шаңырақ болатын.
Тәуелсіздігімізді алған кездегі қиындықтарға иығын төсегеназамат
Бақтияр Өрісбайұлымен алғашқы танысуымыз да осынау студенттік жылдар еді. Ортақ оқу ғимараты, көрші дәрісханалар, Алматының Виноградов көшесіндегі № 88 үйде орналасқан жатақхана бәрімізді тоқайластырып, бірте-бірте өмірлік сипатқа айналар достыққа ұластырды.
Тірі ғалымның, ірі профессорлардың қандай екенін ойында образға айналдырып Алматыға келген бізге өткен ғасырдың сонау алпысыншы жылдарының аяғы мен жетпісінші жылдарының басындағы филология факультетінде дәріс оқыған Б.Кенжебаев, М.Ғабдуллин, Б.Шалабаев, Ы.Маманов, М.Балақаев, Ә.Нұрмаханова, Х.Сүйіншәлиев, З.Қабдолов, Х.Сайкиев, К.Аханов, Т.Кәкішев, Р.Нұрғалиев сынды ұстаздар шын мәнінде тау тұлғалы жандар болып көрінді. Біздің бақытымыз да осындай ғажайып ғалымдардан дәріс тыңдап, тәлім-тәрбие өнегесін көргеніміз дер едік.
Бір үйдің баласындай болып кеткен сол кездегі Шәкір Ибраев, Бекен Ыбырайым, Құныпия Алпысбаев, Тұрсынбек Баймолдаев, Өтеген Оралбаев, Анарбай Бұлдыбаев сынды жастар бүгінде еліміздің әдебиеті мен мәдениетіне, білімі мен ғылымына үлес қосып жүрген белгілі ғалымдар. Сол қатарда Бақтияр Смановтың орны да ерекше болатын.
Менің ұғымымда әріптесім Бақтияр Өрісбайұлы о бастан-ақ ұстаздыққа жаралғандай көрінеді. Университетті тамамдағаннан кейінгі оның өмір жолы бұған айқын дәлел. Студент кезінің өзінен-ақ ол ғылымға бейімділігін байқатты. Алғашқы мақаласы «Қазақстан мұғалімі» газетінде 1969 жылдың 1 қаңтарында жарияланғанда, Бақтияр небәрі филология факультетінің бірінші курсының студенті болатын.
Университет бітіргеннен кейін ол ұзақ жылдар республиканың оқу-ағарту саласында қызмет етті. Республика Оқу министрінің кеңесшісі, министрліктің Бас басқарма басшысы, Білім министрлігінің алқа мүшесі болды. Бұл жылдар еліміздің тарихындағы аса күрделі де, өте жауапты кезеңдер еді. Бұл уақыттағы министрлік мамандары кеңес дәуірінің қасаң қағидаларынан қалай жол тауып шығуды мақсат етті. Тәуелсіздік жылдарының алғашқы қиындықтарын иығымен көтерді. Міне, осы қатарда еңбек еткен Бақтияр Смановтың да еліміздің білім беру саласындағы бүгінгі жетістіктеріне жол ашқан үлесі аз болмады.
Бұдан кейін бірқатар жыл Бақтияр Өрісбайұлы Қазақстан Президенті мен Министрлер Кабинетінің Аппаратында жауапты қызметтер атқарды. Үкімет жанындағы Дін істері жөніндегі Кеңестің жауапты хатшысы бола жүріп, еліміздегі діни ұйымдар жүйесінің жұмысын жолға қоюда көптеген игі істерге мұрындық болды. Бұл жұмыста оған университеттегі араб тілінен алған білімі мен өзінің діни сауатының тереңдігі, әріден келе жатқан тегіне тән қабілеті зор көмек болды.
Ал кейінірек әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде доцент, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтында факультет деканы болған жылдар Бақтияр Өрісбайұлының бойындағы ұстаздық талантын мейлінше аша түсті. Мамандар біліктілігін жетілдіру жөніндегі Алматы облыстық институтының кафедра меңгерушісі, Республикалық институттың директоры лауазымдарында, одан кейін он жылдан астам уақыт бойы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті аппаратының басшылығында, Академик С. Қирабаев атындағы Қазақ әдебиеті кафедрасында профессор бола жүріп, еліміздің білім беру жүйесіндегі осынау аса бір маңызды әрі білім беру саласындағы қажетті буынның бағыт-бағдарын бүгінгі өскелең талаптар деңгейіне бейімдей реформалауға күш салды.
Әдетте шығармашылық адамының тағдыры бір ғана іспен, белгілі бір кәсіп аясында шектеліп қалмаса керек. Оның мойнында жауапкершілік, ойында идея, қолында қалам, алдында сан тарау жоспар жататыны белгілі.
Бақтияр Өрісбайұлы жоғарыда аталған мәртебелі қызметтердің қызығына алданып, жалаң лауазымдық мақсаттардың шеңберінде қалып қоймады. Қайда жүрсе де қолынан қаламын тастамады. Қазақ әдебиетінің сан түрлі мәселелерін қозғайтын мақалалар жазды, әдебиетті оқытудың проблемалары жөнінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Көз майын тауыса жасаған еңбегінің нәтижесінде кандидаттық диссертация жазды.
Ол кезде, Кеңес дәуірінде, педагогика ғылымының әдістеме аталатын саласынан Қазақстанда диссертация қорғау қиынның қиыны еді, тіпті мүмкін емес болатын. Қазақтың тілі мен әдебиетінен жүргізген зерттеуіңді орыс тілінде жазуға және орыс тілінде қорғауға тиіс болатынсың. Оның үстіне бітірген жұмысыңды қорғайтын диссертациялық кеңес Орталық Азия мен Қазақстанда жоқ. Мәскеуге қарап ауыз ашып отырған заман еді ол.
Міне, осындай жасанды қиындықтарға қарамастан Бақтияр Өрісбайұлы өзінің «Қазақ орта мектебіндегі жоғары сыныптарда эпикалық шығармалардың кейіпкерлер бейнесін талдау» деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясын өзі бір кезде, сонау 1969 жылы, «шығыстанушы болсам» деп барған Мәскеудің қақ төрінде абыроймен қорғап шығып, педагогика ғылымдарының кандидаты атанды.
Ғылымдағы о баста таңдаған жолына адалдық танытқан әдіскер ғалым бұдан кейінгі кезеңде де осы бір аса қажет салада бұған дейінгі жинақталған бай тәжірибе материалдарын қорыта отырып, ендігі жерде оның ғылыми-теориялық тұғырын тиянақтауға ден қойды. Соның нәтижесінде «Мектепте көркем шығарманы талдаудың ғылыми-әдістемелік негіздері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, 2010 жылы педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алды. Осы зерттеудің нәтижелері «Көркем шығарманы талдау әдістемесі» деген атпен «Ұлағат» баспасынан монография түрінде кітап болып шықты.
Бұл еңбектің құндылығы онда қамтылған тақырыптардың атауынан анық көрініп тұрады. Атап айтқанда, «Мектепте көркем шығарманы талдаудың теориялық негіздері», «Көркем шығарманы талдау технологиясының педагогикалық-психологиялық жүйесі», «Көркем шығарманы талдай оқытуды тәжірибе арқылы бекіту», «Жеке тұлғаның құзыреттілігін қалыптастыруға көркем туындыны талдаудың ықпалы» деген тақырыптардың аясында ғалым шығарманы талдаудың қыр-сырына терең үңіле отырып, шын мәніндегі теориялық талдаудың үлгісін ұсынады. Әдіскер ғалым құрғақ теориялық тұжырымдармен шектелмейді, әрбір қорытындысын нақты тәжірибе барысында алынған дәйекті материалдармен түйіндеп отырады.
Педагогика саласындағы құнды зерттеулер
Кітаптағы көрнекті қаламгерлер М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясына, С.Мұқановтың «Ботакөз» романына, сондай-ақ Ғ.Мүсіреповтің шығармаларына жасаған талдауларында әдіскер ғалым өзінің ұзақ уақыт бойы жалпы білім беретін мектептерде тәжірибе жасай жүріп жинақтаған эксперимент материалдарын оқырманға мейлінше түсінікті дәрежеде жеткізеді.
Бұл еңбектің астарында көп жылдарға созылған қыруар ізденіс пен мол тәжірибе жатқаны ақиқат. Педагогика саласында орындалған диссертациялық жұмыстар, монографиялық зерттеулер тікелей оқу сыныптарында, дәрісханаларда жүргізілген тәжірибелер мен сынақтардың материалдарымен «тұздықталмаса», іске аса бермейді. Ғалым еңбегінің басты құндылығы осында, яғни оның теориялық тиянақтылығымен қатар, практикалық және қолданбалылық мазмұнында жатса керек. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бақтияр Смановтың ғылым-әдістемелік материалдарының қорында ұзақ жылдар бойы жинақталған аса мол тәжірибелік мағлұматтары мен әдістемелік тұжырымдары негізінде жазылған осы монографиялық зерттеу кітабын еліміздің жалпы білім беретін мектептерінен бастап жоғары оқу орындарына дейінгі білім беру баспалдақтарындағы қазақ әдебиетін оқыту арқылы жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарды құрметтей білуіне, халықтық рухани қазыналар жөнінде жан-жақты әрі терең білім жинауына жол ашатын аса пайдалы еңбек деуге болады.
Көркем әдебиетті оқыту технологиясы жөнінде жазылған әдіскер ғалым, академик Б.Смановтың ғылыми еңбектері мұнымен шектелмейді. Оның қаламынан әр жылдары туған «Кейіпкер бейнесін талдау», «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі», «С.Мұқановтың «Ботакөз» романын оқыту», «Ғ.Мүсірепов шығармашылығын оқыту», «Көркем шығарманы талдаудың әдістемелік мәселелері», «Мектепте көркем шығарма талдаудың әдістемелік негіздері» кітаптары мен «Көркем шығарманы талдау әдістемесі» атты монографиясы еліміздің ғылыми және педагогикалық қауымы тарапынан өзіндік жоғары бағасын алды. Жалпы алғанда, ғалым-ұстаз Бақтияр Өрісбайұлы Смановтың қаламынан туған 450-ден астам ғылыми-зерттеу еңбектері, оның ішінде 9 монография, 4 оқулық, 7 оқу құралы, 11 оқу-әдістемелік басылымы ұлттық педагогика саласына қосылған қымбат қазына болды.
Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ретінде Бақтияр Өрісбайұлы еліміздің рухани кеңістігінде өзінің азаматтық үнін, қайраткерлік тұлғасын таныта білді.
Азаматтық сергектік, ғалымдық парасат, болашақ алдындағы жауапкершілік және осынау қасиеттерін жарқырата көрсету жолындағы белсенділік пен жігер кім-кімді болса да көріктендіре түссе керек. Әсіресе бүгінгідей ой мен сана тәуелсіздігі жағдайында, алға қадам жасап келе жатқан ел тарихында, ұлтымыздың жоғалтқанын түгендеп, барын байыта түсу қажеттігі алдыңғы шептегі міндеттер қатарында тұрған шақта ғалымның қаламынан туған жолдардың, жүрегінен ақтарылған ой-толғамдардың салмағы да айрықша маңызды. Міне, осынау салмақты бар болмысымен сезінетін ғалым Б. Смановтың білікті талдауларға негізделген ойлы мақалалары ұзақ жылдар бойы республикалық баспасөз беттерінде ұдайы жарияланып, өз оқырманын тауып жатты. Бүгінгі күннің өзекті проблемалары дейсіз бе, еліміздегі тұлғалы қайраткерлердің өмірі дейсіз бе, жас ұрпақ тәрбиесіне қажет мәселелер дейсіз бе, бәрі де бар.
Профессор Бақтияр Смановтың жан-жақты қаламгерлік қырын танытарлық үлкен еңбегі ел өмірінің өзекті мәселелеріне арнап жазылған ғылыми-танымдық мақалалары, елдік пен азаматтық туралы, тәуелсіздіктің жемістері мен еліміздің бүгіні мен ертеңі жайында ой толғаған туындылары болды десек, қателеспейміз. Бұған оның әр жылдары жазылған Д.А.Қонаев, Б.Момышұлы, М.Ғабдуллин, Ш.Айтматов, С.Қирабаев, С.Жошыбаев, Ш.Қалдаяқов, К. Нәрібаев, М.Жұрынов сынды біртуар тұлғалар туралы мақалаларын қосыңыз... Бір қарағанда, әр кезде жарыққа шыққан жеке-жеке туындылар болып көрінгенімен, бұл еңбектер автордың өз халқының тарихы мен тарихи тұлғалары жөніндегі ой-толғамдарынан тұратын біртұтас топтама еңбек болды. Бұл – қаламгер ғалымның шынайы азаматтық ұстанымын, ұлты мен туған жеріне деген сүйіспеншілігін айқын бедерлейтін дүниелер еді.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде шәкірттерге ұлттық тәрбие беру мәселесі ерекше қолға алынып, оқу ордасында «Ұлттық тәрбие» кафедрасы ашылып, барлық мамандықтар мен дәрісханаларда осы аттас пән оқытылу ісі жолға қойылған жылдары ұлт болашағы үшін аса қажет осынау игі істің тұғырын бекітіп, көшін алға апару ісіне Бақтияр Өрісбайұлы өзінің елеулі үлесін қосты. Атап айтқанда, ол пән мазмұнын айқындайтын оқулықтар мен оқу құралдарын даярлауға белсене атсалысып, «Ұлттық тәрбие және дін мәселесі» атты оқу құралын жарыққа шығарды. Оқу топтарындағы негізгі оқу құралдарының қатарынан берік орын алған бұл еңбек бүгінгідей жат діни ағымдар мен секемді секталар қаптап кеткен заманда студент жастар үшін аса пайдалы құрал болып шықты.
Ұстаз-ғалым Бақтияр Сманов – еліміздің жалпы білім беретін мектептеріне арналған бірнеше оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарының авторы. Бұл еңбектер жиырма жылдан астам уақыт бойы үш-төрт қайта басылым көріп, мектеп мұғалімдері мен университет ұстаздарының, оқушы-студент-шәкірттердің кәдесіне жарады. Сонымен қатар педагог ғалым орта мектептердегі білім тұжырымдамасын, лицей, гимназиялар мен авторлық атаулы мектептердің нормативтік құжаттарын, жалпы білім беретін мектептерге арналған оқу жоспарларын жасауға белсене араласып, жетекші авторларының бірі болды.
Республикадағы орта және жоғары білім жүйесін өркендетуге қосқан үлесі үшін берілген «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстанның мәдениет саласының үздігі», «ҚР білім беру саласының үздігі» төсбелгілері мен «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Ы. Алтынсарин» медальдарының иегері, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты тәрізді марапаттар Бақтияр Өрісбайұлының қол жеткізген жетістіктерінің биік дәрежесін аңғартса керек.
Ғалымның азаматтық тұлғасы оның ғылыми еңбектерінен, ғылымда алға қойған мақсат-мұраттарынан және сол арқылы көтерілген абыройлы тұғырынан сомдалса керек. Әлемдегі әдебиет атты ең ізгі ғылымның әрқайсысымыздың жанымыз бен жүрегімізге өзінің қасиетті шуағын сіңіріп, болашақ ұрпақтарды ізгілік пен парасат нұрымен нәрлендіру жолында өмірінің ақырғы сәтіне дейін адал қызмет атқарған Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Халықаралық білім беру ғылым академиясының академигі, Еларалық Шыңғыс Айтматов академиясының толық мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бақтияр Өрісбайұлы Смановтың ғалымдық тұлғасы бүгінде оның ұзақ жылдар бойы алдынан өтіп, дәрісін тыңдаған, адами өнегесін бойына сіңірген сан мыңдаған шәкірттерінің, сондай-ақ замандас әріптестерінің жүрегіне мәңгіге ізін қалдырғаны анық.
Балтабай ӘБДІҒАЗИҰЛЫ,
филология ғылымдарының
докторы, профессор














