ГАЗА СЕКТОРЫНЫҢ ТУМАСЫНА ПРЕЗИДЕНТІМІЗДІҢ КӨМЕГІ

ГАЗА СЕКТОРЫНЫҢ ТУМАСЫНА ПРЕЗИДЕНТІМІЗДІҢ КӨМЕГІ

Газа секторы Израиль мен Египеттің арасында орналасқан, ұзындығы 40 шақырым, ені 10 шақырымды құрайтын шағын аумақ. 1920-1948 жылдары бұл аймақ Британияның бақылауындағы Палестиналық мандат болды. 1948 жылы Араб-Израиль соғысынан соң Газа секторы Египет бақылауына өтті. Ал 1967 жылы Таяу Шығыстағы соғыста Израиль Газаны, Батыс жағалауды және Шығыс Иерусалимді басып алған болатын. Палестиналықтар бұл үш аумақты болашақ мемлекетіміздің аумағы деп санайды. 1987 жылы Газада палестиналықтар көтеріліске шығып, елін, жерін азат етуді қолға алды. Осының салдарынан Хамас тобы құрылған болатын (кейбір елдер бұл топты террорлық ұйым деп таниды).

1994 жылы Израиль билігі Газа секторы мен Батыс жағалауының бір бөлігінде үстемдік жүргізуді күшейтті. Израиль аумағынан қуылған палестиналықтар амалсыздан Газа секторына қоныс аударуға мәжбүр болды. Осы көші-қону барысында босқындардың саны 1,4 миллионды құрады. Озбырлыққа төзбеген жалынды жастар қолына қару алуға мәжбүр болды. Қақтығыстар қайта басталып, екі тараптан да адамдар шығыны болды. Сүреңсіз соғыста бомбалар жарылысынан тұрғын үйлер қирап, көшелер үлкен үйіндіге айналды. Заман талабына сай қаруланған Хамас тобы Газа секторына бақылауды қолға алған соң, Израиль мен Египет күре жолдарға бөгет қойып тастаған болатын. Толастамаған қақтығыстардың салдарынан Газа экономикасы құлдырап, өндіріс ошақтары тұралап қалды. Аймақта жұмыссыздық белең алып, тұрғындардың әлеуеті күрт төмендеді. Электр жарығы жиі өшіп, ауызсу ластанып, азық-түлік тапшылығы байқалды. Әскери және экономика саласындағы сарапшы мамандар Газа секторы әлемдегі ашық аспан астындағы ең үлкен түрме деп қорытынды жасады. Соғыстың салдарынан қайтыс болған марқұмдардың басым көпшілігі бейбіт тұрғындар екенін айта кеткен жөн. БҰҰ, АҚШ және халықаралық қауымдастық атысты тоқтатуға шақырғанымен, ешқандай нәтиже болмады. БҰҰ есебінше, 38 мың палестиналық Газа секторынан қашуға тура келді. 2500 адам баспанасынан айырылып, босқындар санатына қосылды. Басқыншы жасақтар Храм тауына кіреберісті жауып, мұсылмандарды тарату үшін Әл-Ақса мешітінің ауласына басып кіріп, жұртты күштеп шығара бастағанын барша жұрт жақсы біледі.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған: 

«Біз Палестина халқына көмек беру мақсатында 100 мың тоннадан асқан гуманитарлық көмек көрсеттік. Бұл қайырымдылық шара алдағы уақытта да жалғасын табады. Бауырлас елде болып жатқан соғыс өртін өшіруге атсалысамыз», – деп мәлімдеме жасаған болатын.

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мысырда өткен келіссөздерде Газа секторындағы атысты тоқтату және тұтқындарды босату туралы келісімді қолдайтынын жеткізді. Президентіміз жаһандық саясаткерлер бас қосқан дөңгелек үстелде терезесі тең келісімдер жүргізе алатын тұлға ретінде танылған. Тіршіліктің тынысын басты назарда ұстаған Президентіміз жүрген жерінде бейбіт әлемде өмір сүруге үндеп келеді.

Әлемдік ахуал ауытқып тұрған шақта, тұрақтылықты сақтап қалуға мүдделіміз. Бұл болашақ үшін жасалған басты қадам болып қала бермек. Алайда бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Себеп пен салдар, түрлі кедергілер мен тосын тосқауылдар тарту таралғысын ұсынбай тұрмайды. Қайшылық пікірлер мен қанды қақтығыстар бейбіт тұрғындарға зардабын тигізіп, арты үлкен қайғы мен қасіретке алып келеді. Мұны әлемдік бұқаралық ақпарат көздерінен көріп, біліп отырмыз. Соғыстың кесірінен тауқымет тартқан бауырлас елдердің азаматтары да кемеңгер тұлғаға үміт артып, қазақ даласынан пана іздеуде.

 

Адамның күні – адаммен

Газа секторы аймағындағы Палестина қаласына қарасты Хан-Юнис қаласының тумасы Әл-Астал Мұхаммед деген азамат білім алу үшін Қазақстанға келген болатын. Соғыстан көз ашпаған қаһарман халықтың бір перзентін тілге тиек ете отырып, тағдыр талайы мен өмір жолын тақырыпқа тамызық етуді жөн санадық.

Әл-Астал Мұхаммед 1971 жылы Палестинада дүниеге келген. Балалық шағы да осы аумақта өтті. Ата-анасы 14 бала тәрбиелеген. Әл-Астал Мұхаммед 1991 жылы Қазақстан Республикасына медициналық білім алу үшін келіп, болашақ өмірі мен кәсібін қазақстандық денсаулық сақтау саласымен байланыстырды.

Ол 1998 жылы Қазақ мемлекеттік медицина университетінің емдеу факультетін бітірген. 2009 жылы Қазақстан Республикасының азаматтығын алды. 1998 жылдан 2002 жылға дейін Қазақ мемлекеттік медицина университетінің көз аурулары кафедрасының базасында клиникалық ординатурадан өтті. 2002 жылдан 2006 жылға дейін Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында оқыды. 2006 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады. «Метилен көк және толқын ұзындығы 578 нм лазерлік сәулеленуді қолдана отырып, қабықтың неоваскуляризациясының фотодинамикалық терапиясы». 2009 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты» АҚ-да жұмыс істейді және офтальмохирург-дәрігер ретінде 2-ші бөлімше базасында кәсіби қызметін жалғастырып келе жатыр. Жоғары біліктілік санаты бар дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі бар екенін де айта кеткен жөн. Жалпы еңбек өтілі 27 жыл, мамандығы бойынша еңбек өтілі 16 жылдан асады.

Көз жанарының ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерін, сондай-ақ катаракта, глаукома, торлы қабықтың бөлінуі, көру органының жарақаттары және басқа да офтальмопатологияларды хирургиялық емдеу технологияларын меңгерген, шұғыл офтальмологиялық көмек көрсете алатын кәсіби маман. Ол еңбек жолында көрген-білгенін қағазға түсіруге машықтанған. Дәрігердің еңбектері келешек жас мамандарға үлгі-өнеге болатыны сөзсіз. Әдістемелік ұсынымдарды қоса алғанда, 100-ден астам ғылыми мақала жариялаған екен. Әл-Астал Мұхаммед Қазақстан Республикасының үш инновациялық патентінің және Ресей Федерациясының бір патентінің авторы болып табылады. Клиникалық және ғылыми қызметпен қатар педагогикалық жұмыстармен де белсенді айналысады. Жас мамандар мен резиденттерді оқытуды қолға алған. Қазақстан мен таяу шетелдердің дәрігерлерінің біліктілігін арттыру курстарында дәрістер оқып, өзінің іс-тәжірибесімен бөлісіп келеді. Халықаралық және республикалық конференцияларда үнемі баяндама жасап жүрген білікті дәрігер, кәсіби маман екені даусыз.

Медицина саласындағы әріптестері мен оқушылары арасында лайықты құрметке ие. Жұбайы – Әсел Болатқызы Медитбекова да балалар офтальмологы болып жұмыс істейді. Екі баласы бар. Денсаулық сақтауды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Денсаулық сақтау министрлігінің медалімен марапатталған. «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі», сондай-ақ бірнеше рет кәсіби қызметі үшін Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттар алған. Әл-Астал Мұхаммед «Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының» офтальмохирургі болып еңбек етіп келе жатқанын зор мақтанышпен айтуға болады.

Жиырма жеті жыл бойы науқас адамдарға дәрігерлік қызмет көрсетіп, көру қабілеті төмен пациенттердің көз жанарын қалпына келтіріп, жарық сыйлаған білікті маман. Оның еңбегі бағаланып «Денсаулық сақтау үздігі» медалімен, Денсаулық сақтау министрлігі мен Алматы қаласы әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталғаны сөзімізге дәлел бола алады.

Қазіргі таңда Әл-Астал Мұхаммед дәрігерді еліміз жақсы таниды. Медицина саласындағы әріптестері де ол туралы жақсы пікірде. Дәріпті дәрігеріміз еліміздегі денсаулық сақтау саласына өлшеусіз үлес қосып келеді. Сырқатқа шалдыққан жандар дертінен құлан-таза айығып, дәрігерге шексіз алғыстарын білдіруде. Елдің құрмет-қошеметіне бөленіп жүрген ақ халатты абзал жанның көкірегінде шер боп қатқан қасірет пен қайғы бар екенін былайғы жұрт біле бермейтін.

Қазақ жерінде бейбіт өмір сүріп, адал еңбек етіп жүрген дәрігер Газа секторы Хан-Юнис қаласындағы туған-туыстарын ойлап қабырғасы қайысатын. Жарғақ құлағы жастыққа тисе, жанын қоярға жер таппайтын. Анасы Әл-Асталь Рукая Дахер Ганим, қарындасы Әл-Астал Ильхамды Қазақстанға алдыруды ойлап әрекеттенген болатын. Құзырлы орындардан көмек сұрап, талай табалдырықты тоздырды. Бірақ ешқандай нәтиже болмады.

Әл-Астал Мұхаммед «Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі» мемлекеттік мекемесіне, Қазақстанның Қызыл Жарты Айы штаб-пәтеріне, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментіне, Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит корольдігінің елшілігіне, Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппараты жанындағы азаматтарды қабылдау орталығына, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына да хат жолдап, көмек сұраған. Алайда белгісіз себептермен қанағаттанарлық жауап алмаған. Жеті жыл бойы әуре-сарсаңға түсіп, шақшадай басы шарадай болды.

Сөйтіп жүргенде республикалық «Шабыт» салалық кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Исламбек Омаров мырзаға жолығып қалып, басына түскен қиындықты айтып, қолынан келгенше жәрдем беруін өтінеді. Кәсіподақ басшысы мәселені мұқият тыңдап алып: «Мәселені шешіп берем деп уәде бере алмаймын. Десе де, қолымнан келгенше әрекет жасап көрейін», – деп тарқасады. Осы тұста орайы келген соң оқырман қауымға түсінікті болуы үшін кәсіподақ жетекшісі туралы аз-кем ақпарат бере кетейік.

Исламбек Әдәһәмұлы Омаров Ташкент қаласындағы Теміржол транспорты институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірген. Исламбек осыдан кейін Арыста және Шымкент қалалық және облыстық партия комитеттерінде бірқатар жауапты қызметтерде болған.

Кәсіподақ қызметінде көшбасшы атанған Исламбек Омаров Әл-Астал Мұхаммедтің мәселесін қолына алып, білек сыбана кірісті. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жазып, заңда қарастырылған мүмкіндіктерді пайдалануға және құзырлы орындардың шама-шарқынша атсалысуын сұрады. Мұнымен шектеліп қалмай, Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Қызыл Жарты Айы штаб-пәтерінің басшысы Рустам Жұматовтың қабылдауында болып, осы мәселені заң аясында қарап беруін өтінді. Сауатты да дәлелді дәйектермен жазылған талап хаттама талай жыл бойы қозғалмаған сеңді орнынан қозғағаны, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен аталмыш мәселе оң шешімін тапты.

 

 Бақыт құшағына бөленген бауырлар...

    Бақытты әркім әрқалай түсінеді. Дана қазақ «Бірінші байлық – денсаулық...» деп бекер айтпаса керек. Денсаулығыңда қандай да бір кінәрат болса, бақыттың да, байлықтың да мән-мағынасы болмайды. Сондықтан денің сау болғанға не жетсін! Мұны біз неге айтып отырмыз? Себебі Газа секторында болып жатқан соғыстан зардап шегіп жүрген бір отбасы ақыры қазақ жерінде аман-есен қауышты. Мұндай бақыт кез келген адамға беріле бермейді десек, артық айтқандық емес. Әңгімемізге арқау болып отырған да осы отбасының қуанышы, көз жасы... Бұл көз жас қуаныштың көз жасы болатын. «Қуанышты бөліссең көбейеді...» – демекші, жақсы жаңалықты жамағатпен бөлісіп отырған жайымыз бар.

Алматы қаласындағы әуежайда Әл-Астал Мұхаммед аяулы анасымен, қарындасымен және отбасы мүшелерімен қауышып, көз жасына ырық берді. Талай жыл көрмеген ет жақындарымен есендікте қауышу бақыт емей немене?! Бұл көріністі сырттай бақылап тұрған әуежайдағы жолаушылар да ерекше толқыныспен, тебіреніспен тамашалап, бейнетаспаға түсіріп, қайран қалысты.

Мұхаммедтің қарындасы Әл-Астал Ильхам керемет суретші екенін айта кету керек. Оның қылқаламынан туындаған дүниелер еріксіз таңғалдырмай қоймайды. Бұл – өнер құдіреті. Біз өнерді бағалай білуіміз керек. Иә, бауырлардың аман-есен қауышуы барша елді тебірентпей қоймады. Осы мәселенің оң шешім табуына ұйытқы болған Исламбек Омаров мырзаның іскерлігін ауыз толтырып айтуға болады. Кәсіподақтың мәртебесін үстем еткен осындай көшбасшылар қазіргі кезде жетіспейтіні жасырын емес. Арамызда ардақты азамат жүргенін бірі білсе, бірі білмейтін де шығар. Арда азаматтардың еселі еңбегі ел есінде қалары хақ. «Мұсылман – мұсылманның бауыры» болатын болса, әрбір мұсылман адам бір-біріне осылай қамқорлық танытуы тиіс деп ойлаймын. Газа секторының тумасы бауырлас елден пана тапқаны біз үшін үлкен қуаныш. Бұл бір ғана адамның өмір дерегінен алынған мысал. Әлемде қаншама адамдар қолдауға зәру болып отыр. Жер бетінде өмір сүрген Адам ата ұрпағы қақтығыспай, аман-есен жүрсе екен дегім келеді.

«Әйел» атты

Әл-Асталь Ильхамның еңбегі                                                                                     

 

Қайрат АҒЫБЕРГЕН,

 ақын, жазушы

 

06.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23073
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 22828
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 38854
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36365
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40455