Ғылым дегеніміз не? Ол адамзатқа не үшін керек? Әр адам өмірінде кем дегенде бір рет өзіне осындай сұрақтар қояды. Александр Герцен: «Ғылым – бұл күш, ол заттардың қарым- қатынасын, олардың заңдары мен өзара әрекеттесулерін ашады» деп анықтама берген екен. Бірақ қазіргі ғылым қаншалықты күшті? Оның мүмкіндіктері қандай?
Адам айналасындағы барлық нәрсе – ғылымның жетістіктері. Қазіргі ғылымның таңғажайып мүмкіндіктері зор. 1904 жылы Никола Тесла бір кездері «Адам өз ойын ең алыс қашықтыққа жібере алады» деп мәлімдеді. Бір ғасырдан кейін бұл мүмкін болды. Қоғамды ақпараттандыру соншалықты жоғары деңгейге жетті, қазір адам кез келген ақпаратты интернеттен таба алады. Әр үйде және кеңседе қазір компьютер де, интернет те бар. Олар соншалықты қарапайым болғандықтан, адам оларды қолданумен байланысты қауіптерді ұмытып кетеді. Компьютер – сәулелену мен өрістердің бірнеше түрінің көзі. Стационарлық компьютерлер мен ноутбуктар мониторларының катодты сәулелік түтігі иондаушы сәуле шығарады. Кез келген басқа электр аспаптары сияқты, компьютер де электромагниттік сәуле шығарады. Компьютерге кіретін барлық құрылғылар мен қосалқы электр жабдықтары күрделі электромагниттік өрісті құрайды. Электромагниттік сәулеленудің әсері туралы қазіргі заманғы зерттеулердің көпшілігі оның денсаулыққа зиян екенін айтады.
Алайда ғылым қазіргі кезеңдегі ғылыми қауымдастық құрылымында жаңа салалар құра отырып, осындай мәселелерді шешуге тырысуда. Эргономика ғылымы – адамды компьютермен және басқа машиналармен өзара әрекеттесу арқылы зерттейтін ғылым. Эргономика адамның жұмысын жан-жақты зерттеумен айналысады, сондықтан көптеген ғылыми пәндерді біріктіреді: физиология, еңбек гигиенасы, психология сынды ғалымдар компьютерде жұмыс істеуге байланысты адам ағзасына жүктемені азайту жолдарын табуға тырысады, мінсіз және қауіпсіз техниканы құруға қатысады.
Медицина, биология, генетика, эмбриологияның дамуы арқасында адамзат көптеген ауруларға қарсы «антидот» таба алды. Біздің ата-бабаларымыз ХХІ ғасырда жаңа адам ағзаларын өсіру мүмкін болатынын мүлдем елестете де алмады.
ХХІ ғасырда адамзат жер шарының барлық кеңістігін иеленді. Біз әртүрлі елдерде, әртүрлі ендіктерде, әртүрлі жерлерде өмір сүреміз, демек, әр елдің табиғи жағдайлары мен климатының өзіндік ерекшеліктері бар. Көптеген елдерге табиғи апаттар үнемі қауіп төндіреді. Өкінішке қарай, табиғи ресурстардың тапшылығы барған сайын сезілуде. Сондықтан география, геология, энергетика және топырақтану сияқты ғылымдардың маңызы ерекше. Әртүрлі білім салаларындағы бұл ғылымдар қоғамды табиғи апаттардан сақтандыруға, адамзатқа күнделікті қажет энергия мен минералдардың баламалы көздерін табуға септеседі.
Қазіргі уақытта елдердің әл-ауқаты олардың ғылым саласының жағдайына тікелей байланысты. Менің ойымша, ғылыми зерттеулерге елеулі назар аударатын, ғылымды қажет ететін жаңа технологияларды табысты игеретін, бұл үшін жеткілікті қуатты қаржылық, ақпараттық, өндірістік, зияткерлік құралдарды ұсынатын елдер ғана қазіргі саяси-экономикалық жарыста көш бастап, әлемдік аренада жетекші орын алады. Қазіргі қоғамды ғылымсыз басқару мүмкін емес. Дамудың қазіргі кезеңінде ғылым қоғамның әлеуметтік құрылымын өзгертеді. Бүкіл әлемде ақыл-ой жұмысымен айналысатындар санының өсу және біліксіз физикалық еңбекпен айналысатындар санының азаюы байқалады.
Ғылым адамға тікелей білім арқылы әсер етеді. Ғылыми еңбектер мен жетістіктерді зерттеу балалардың дамуына, олардың білімді тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Қазіргі білім беру үдерісінің негізінде әлемнің ғылыми көрінісі жатыр.
Ғылым әдетте әлем туралы, оның ішінде адамның өзі туралы объективті білімді өндіруге арналған жоғары мамандандырылған қызмет ретінде қарастырылады. Бірақ жемісі адамға қауіпті болуы мүмкін ғылыми зерттеулерді жүргізу әдепке сай ма? Әрине, ғылым қоғам мәдениетінің маңызды нысандарының бірі, ал оның дамуы адамзат өмірінің барлық салаларын жаңартудың маңызды факторы болып табылады. Қазіргі ғылым адамның дүниетанымын қалыптастырады, техникалық прогреспен тығыз байланысты, қоғамның даму болжамдарын құруға және бағдарламалар жасауға, адамзат алдында тұрған мәселелерді шешуге көмектеседі. Бірақ ғылым адамзат үшін әрқашан қауіпсіз бе?..
Қазіргі заманның ғаламдық мәселелерін шешуде ғылымның әлеуметтік күш ретіндегі функциялары өте маңызды. Оған мысал ретінде экология мәселесін де келтіруге болады. Ғаламшардағы табиғи ресурстардың сарқылуы, ауаның, судың, топырақтың ластануы сияқты қоғам мен адамға қауіпті құбылыстардың негізгі себептерінің бірі – ғылыми- техникалық прогрестің қарқындылығы екені белгілі. Демек бүгінгі күні адам ортасында болып жатқан түбегейлі және зиянсыз өзгерістердің факторларының бірі – ғылым. Мұны ғалымдардың өздері де жасырмайды. Қоршаған ортаның қауіптілігінің масштабы мен параметрлерін анықтауда ғылыми деректер жетекші рөл атқарады.
Соңғы уақытта Оқу-ағарту министрлігі ғалымдар мен ғылыми зерттеулердің әлеуеттерін арттырып, олардың нақты нәтижелерге қол жеткізулері үшін «Ғылым туралы» заңды жетілдіріп, заң жобасын парламенттің қарауына енгізді. Қазір ғылымды басқарудың ортақ жүйесін қалыптастыруда. Өткен жылдың соңында білім және ғылым саласын 2025 жылға дейін дамытуға арналған арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Ғылыми- зерттеу салаларының басымдықтары нақтыланып, олардың саны 10-ға жеткізіліп, қайта бекітілді. Базалық, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жүйесі жетілдіріліп, енді базалық қаржыландырудың көлемі артып, ғылыми-зерттеу мекемелері мен қызметкерлерін қаржылай қолдау, оларды зертханалық және ғылыми-техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету күшейтілуде.