Атырауда игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл басынан бері жалпы аумағы 5,1 мың гектарды құрайтын 13 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның ішінде 4,5 мың гектары жайылымдық жерлер болса, 0,6 мың гектары өзге мақсаттағы алқаптарға тиесілі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Жалпы, өңірде пайдаланылмай жатқан 40 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін қайтару жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
– Жер ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында учаскелерді бөлу жұмыстары да жүргізілуде. Атап айтқанда, конкурс арқылы жалпы көлемі 11,9 мың гектар болатын 32 жер учаскесі табысталса, аукцион арқылы 9,1 гектарды құрайтын 7 учаске берілді, – деді Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастар басқармасының бөлім басшысы Назкен Утешова.
Бұл шаралар жерді тиімді игеруді қамтамасыз етіп, ауылшаруашылығы саласының дамуына оң әсерін тигізеді дейді мамандар.















