ИМПЕРИЯ ҚҰРБАНДАРЫ. «Оралман», «қандас» ұғымдарының тарихи-саяси астары және ұлттық тұтастыққа әсері

ИМПЕРИЯ ҚҰРБАНДАРЫ.  «Оралман», «қандас» ұғымдарының тарихи-саяси астары және ұлттық тұтастыққа әсері

(Тарихи әділетті орнықтыру үшін жазылған халықтық наланың параққа тамған зәредей тамшысы)

Автор

 

Сый табақ, сықпа құрт, сыбаға сайлап еркін жатқан ел едік, несін айтасың.., жанарыңа жас келеді, көңіліңді мұң торлайды, бәрі де көзден ғайып, бір-бір ұшты. Бесті қымыз, құймақ нан, май қуырдақ, кең жайлау, ақ көңіл қазақтың құшағында Күннің сынығы, Айдың сәулесі, шыңырау мен шындықтың тұнығы бар еді. Бұл күнде тасжарған бұта сияқты көп болсақ та жалғызбыз, таулы жерде өсетін уқорғасын секілдіміз. Жарайды, жанқатпарын жағаласаң, не көріп, не сезінбейсің, жүрегің қайдағыдан сыр шертіп қоя береді. Аралдың тоз кемеге маталған балдыр батпағындай, Қаратаудың қойын-қолтығындағы үп пен күптің аранындай, опырылған жарқабақтың шашылған қаңқасындай қайран қазаққа біткен зауалдың шек пен шегі бар ма?! Сарыарқа мен Жетісу, Сырдың бойы сансыз Бап, түгел Түркі, ен Алаш біз ішпеген зәр бар ма?!

Адам Ата мен Һауа Ана қуылғалы жұмақтан күллі адамзат: «Босқынбыз!..». Сонда біздер Алладан мейірім болып жұмаққа барсақ: «Оралман» болып барамыз ба?..

Жә, тақырыпқа жақындайық!..

«Оралман» және «қандас» ұғымдары тарихи, әлеуметтік және саяси тұрғыда күрделі мәнге ие болып, ғылыми айналымда ұзақ жылдан бері қарастырылып келеді», – дейді ғалымдар. Су тасыған кезде жұрттан бұрын жағалауға жетіп, аяққа оратылып, су кеткесін ұйысып, кексе кемпірдің тарақтан суырып жинаған бума шашындай әр жерде жататын арзан тақырыптың бірі осы – «көші-қон» тақырыбы. Қарасаңыз, бәрі айналысып жатыр, ал, бірақ, біткен істің бедері солғындап барады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғылыми орталығы және Қарағанды университетінің тарих және философия факультеті жүргізген зерттеулер оралмандар мәселесін тек әлеуметтік интеграция тұрғысынан емес, тарихи әділет, мәдени сәйкестік және ұлттық сана контексінде қарастыру керектігін көрсетеді. (Шүкіршілік, жастарымыз, санасы уланбаған ғалымдарымыз бар.) Халықаралық зерттеу платформалары (ЮНЕСКО жобалары) бұл мәселені репатриация, этнодемографиялық тарих және мәдени адаптация тұрғысынан жүйелі талдайды.

Ғылыми орталықтардың тұжырымдары бойынша, «оралман» және «қандас» терминдері тек әкімшілік немесе риторикалық атау ғана емес, қазақ халқының қанға бөккен «босқындық кезеңін» тарихи әділеттілік тұрғысынан зерттеудің маңызды объектісі болып табылады. Бұл тақырыпта адамзаттың, тұтас ұлттың көз жасы мен қаны бар, шектен шыққан жауыздық пен әділетсіздік бар. Ғылым мен ақпарат көздері айтудай-ақ айтып келеді. Бізге осылай логикалық тұрғыдан түсіндіріп келеді, бірақ біздің заман мен дәуірдің жүрек көзі соқыр һәм саңырау. Ал күнделікті өмірде мұндай ақиқаттың шыңғырған шындығы, көшенің тоқсан тарау айналымында: «ащы су, алғау сорпа, өкпе мен бауыр, өт пен без араласқан қазанда» бұрқылдап қайнап жатыр. Қазақтың соры, дұшпанның бағы.

Осы жақында ғана Жәнібек Қожық ініміз: «Бөлінбейік, бөлшектеніп..» деген ой-пікірін желіде жариялап, күрделі тақырыптың күрмеуін шешуге шақырды. Өте дұрыс, жанды жара, жазықсыз құрбандықтардың тағдыры мен ұлттық трагедияның тұрмыстағы үні.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздік кезеңінде ресми дискурста орныққан «оралман», кейінірек «қандас» терминдерінің тарихи, саяси және идеологиялық астары сан қабат, санаға ауыр сүрлеу. Бұл терминдер тек әлеуметтік құбылыс ретінде емес, ұлттың тарихи әділетке деген қатынасына әсер ететін фактор ретінде зерттеледі деп ойлаймыз, әрине, әлі оған көп кедергілер бар. «Оралман» термині қазақ тілінде бейтарап сияқты көрінгенімен, шын мәнінде тарихи әділеттің жоқтығын, отаршылдық салдарды мойындамауды білдіреді. Бұл термин қоғамда «кеткендер» мен «келгендер» деп бөлектей отырып, ішкі қақтығысты күшейтеді. Солай болып та жүр. Империя келсе тісімен, кетсе құйрығымен қоламтаның күлін шашып, ойыншық қылып болды.

 

«Қандас» термині ресми риторикада жұмсартылған түрде қолданылды, бірақ бұл мәселені түбегейлі шешпеді. Жаңарған Қазақстан бұл мәселені басында жақсы көтерді, кейін әлде бір «жандайшап» пиғылдар араласты ма, білмедік, әйтеуір сеңдей бұзылды, тасқа шапқан семсердей кетілді. Мемлекет ұлттың есесін жаудан алып берудің орнына, «оралманды» мұқтаждықтың кейіпкері қылып көрсетіп, өз беделінің «қолбаласы» ретінде қолданып, «жарылқаушы» болды. Қаралы көштің тарихи маңызы мен себебін, ұлы күреспен жеткен жеңісін, әділ талабын тұншықтырып, шектеді. Тарихи әділеттің орнамауы және империялық жауапкершілік мәселесі бітеу ісік, күбір-күбір күбірткеліге айналған күйінде: «Оралман», «Қандас» деген алдампаз атаулардың қанжығасында кетті. Ұлттың ішіне жік салып, қазақтың ақталмаған ары мен зарынан дұшпан тағы да өзіне керегін алды, саяси ұтысқа шықты. Қазақты аяусыз қырған, террорлық соққыға жыққан, босқындыққа ұшыратқан Қызыл Империяның «мұрагерлері» жазаланбақ түгілі, мойындап бірауыз кешірім де сұраған жоқ. Ал, Қазекең (қазағымыз) болса қос жағалауға шығып   алып   бірін-бірі    түртіп қашып «...Соқыр Теке» ойнап жүр.

 

Империялық немесе отаршылдық жауапкершілік – бұл отарлау саясатын жүргізген мемлекеттердің тарихи, саяси және моральдық салдар үшін жауап беруін білдіретін халықаралық-құқықтық және саяси-философиялық ұғым. Бірақ біздің билік бұл тақырыпты жылы жауып, орнына «оралман» деп ат тағып, айдар қойып бүркемелеп, «қандас» деп өз халқынан «Жармақ» жасады. (М.Мағауин). «Ұлтсыз Ұғым» тез тарады. Сонымен не болды?.. Империядан елдің есесін сұраудың орнына, өз отымызға шыжғырып: «оралман», «қандас» атты жасанды терминдерді бітеу сірне, бітпейтін де, піспейтін «ылжа» қылдық. Мысалы: «Қазақ тілінің» талауға түскен тағдырына ұқсас, бұл да бір марғау әрекет, шырғал шындық. Империялардан ұлт тағдырына қатысты жауап алу үрдісі біздің ұлттың санасында жоқ, не аз деңгейде. (Одан бір-бірін түртпектегенді жеңіл көреді.) Қазақстан жағдайында бұл ұғым әлі күнге дейін толық қалыптасқан жоқ. Кеңестік отарлық жүйе жүргізген: күшпен ұжымдастыру, дәстүрлі шаруашылықты күйрету, қолдан жасалған ашаршылық, этнодемографиялық инженерия сияқты саясаттар қазақ халқының тікелей демографиялық, мәдени және территориялық шығынына әкелді. Алайда осы шығындар үшін жауапты тарихи-саяси субъектілерден ресми деңгейде жауапкершілік талап етілмеді.

Қазақстан Республикасының ұлттық тарих алдындағы жауапкершілігін айқындау және қазақ диаспорасына қатысты бірыңғай саяси ұстаным қалыптастыру үшін келесі қағидаттар ұсынылады:

Қазақ диаспорасын отаршылдық саясат салдарынан қалыптасқан тарихи қауымдастық ретінде тану;

«Оралман», «қандас» сияқты бөлектеуші әкімшілік терминдерден бас тарту;

Диаспора мәселесін ұлттық қауіпсіздік пен тарихи әділет категориясында қарастыру;

Қазақ халқының демографиялық шығынын мемлекеттік деңгейде мойындау.

Ұлттық тұтастықты қалпына келтіру, тарихи жадтың сабақтастығын қамтамасыз ету.

Халықаралық ұйымдарға арналған декларативті үндеу жобасы (БҰҰ/ЮНЕСКО форматы).

Қазақ халқының ХХ ғасырдағы отаршылдық қасіретін халықаралық қауымдастық деңгейінде мойындату.

Негізгі тұжырымдар: қазақ халқы отаршылдық саясат салдарынан жаппай демографиялық және мәдени шығынға ұшырады; көші-қон емес, отаршылдық қылмыс салдары.

Үндеудің талаптары: ашаршылық пен қуғын-сүргінді халықаралық деңгейде мойындау, отаршылдық саясаттың салдары үшін тарихи-саяси жауапкершілікті күн тәртібіне енгізу, тарихи жадты қорғау механизмдерін қолдану.

Тарихқа әділетті көзқарас, ұлттық ар-намыс және деколониялық жауапкершілікті арттыру.

Шындықты айту – тек ғылымның басты міндеті емес, мемлекеттің де өз халқының алдындағы парызы. Ұлттық ар-намыс – мемлекеттің және қоғамның іргетасы.

Ғылыми қағидат: тарихи шындықты дәл ашу, отаршылдық қасіретті толық көрсету.

Моральдық қағидат: қоғам мен мемлекет өткенге әділетпен қарауы тиіс.

Деколониялық ұстаным: өткенге өшпенділік емес, болашаққа жауапкершілік.

Ғылым мен мемлекеттің ортақ міндеті: үнсіздікке жол жоқ, жартылай мойындауға жол жоқ, бөлектеуші терминологияға жол жоқ.

Шетелде туған қазақтар үшін ұлттық сана – тірі тәжірибе. Туған жерді аңсау, тарихи сана, мәдени және тілдік байланыс. Бұл сезім моральдық және ғылыми белсенділікке, ұлттық сана мен тұлғалық болмысын сақтауға, декларация арқылы үнін жеткізуге мүмкіндік береді. Біз «оралман», «қандас» ұғымдарын желеу етіп, «кеткен», «келген» мағынасында ұлттың жанын, көңілін жазықсыз жаралағанша: оған себеп болған «Қызыл Империяның» әрекетін көрсетіп, саяси дерттің диагнозын дәл көрсетейік. Халқымыздың тұтастығын сақтайық, кінәлі кім екенін айқындайық. Ұлттық сананың қорғану бағытын шындыққа қарай бұрайық.

 

Мысалы: «Империя құрбандары» ұғымының ғылыми негізіне тоқталайық.

«Империя құрбандары» – постколониялық зерттеулерде кең қолданылатын заңды ғылыми категория.

Бұл ұғым мыналарды қамтиды: отаршыл империя жүргізген саяси, экономикалық, демографиялық, мәдени саясаттың салдарынан мәжбүрлі көші-қонға, қырғынға, мәдени жойылуға, территориялық мұра мен мекеннен ажырауға ұшыраған халықтар мен қауымдастықтар. Қазақ халқы ХХ ғасырда: ашаршылыққа, зорлықпен ұжымдастыруға, этнодемографиялық ыдырауға, шекарадан тыс қалдырылуға ұшырағанын ескерсек, қазақ диаспорасының басым бөлігі – классикалық мағынадағы империя құрбандары. Сондықтан «империя құрбандары» – эмоциялық емес, ғылыми дәл анықтама.

 

Неліктен «көші-қон» емес, «империя құрбандары»?

Ресми термин. Нақты тарихи шындық. Көші-қон: мәжбүрлі ығыстыру.

Оралман:

Тарихи отанынан зорлықпен ажыратылған ұлт өкілі.

Қандас:

Биологиялық жақындықты ғана көрсетеді.

Империя құрбандары: саяси-құқықтық себепті дәл көрсетеді.

«Империя құрбандары» деу:

жауапкершілікті жеке адамға емес, жүйеге жүктейді, тарихи трагедияны ұлттық кемшілік емес, саяси қылмыс ретінде көрсетеді.

Қайталап еске салуға тура келеді, моральдық тұрғыдан ең ауыр шындық:

мемлекет ұлттың есесін империядан алып берудің орнына, «оралманды» жарылқаушы болып көрінуді «мейірімділік ұстанымы» етуді тоқтату керек. Мемлекет – бар қазаққа, азаматтарға ортақ заңның аясында онсыз да мүлтіксіз қамқор болуға міндетті.

Осы жерде «империя құрбандары» термині: қазақты «біреудің есігін қаққан» емес, тарихи әділет иесі ретінде дәуірдің төріне, өз орнына қояды.

Бұл – жаралы жүректі қорламайтын, адамдық қадірді сақтайтын атау.

Құқықтық-саяси тұрғыдан «империя құрбандары» ұғымы ресми айналымға енсе:

Мемлекет қайырымдылық субъектісі емес, тарихи жауапкершілік иесі болады;

Диаспора мәселесі: әлеуметтік емес, деколониялық, ұлттық қауіпсіздік,

тарихи әділет категориясына өтеді.

Ең дәл, салмақты формула:

Қазақстанға оралған қазақтар – көші-қон субъектісі емес,

ХХ ғасырдағы отаршыл империялық саясаттың құрбандары болып табылатын тарихи қауымдастыққа айналады.

Немесе:

Қазақ диаспорасы – империялық саясаттың тікелей салдарынан қалыптасқан халықтық қауымдастық, яғни империя құрбандары ретінде ақиқатқа қол жеткізеді.

«Империя құрбандары» – әлсіздік емес, шағым емес, өтініш емес.

Бұл – тарихи айыптау.

Бұл – ғылыми категория.

Бұл – ұлттық ар-намысты қалпына келтіру тілі.

Сабыр АДАЙ, 

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

 

16.01.2026

Ұқсас жаңалықтар

Бауырлас елдерді барласақ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 15.01.2026 68

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 22227
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 21989
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 37703
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 35572
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 39627