Өңірдің өнеркәсіп секторында басымдық мұнай мен газды тереңдетіп өңдеу саласын дамытуға берілетіні белгілі. Бұл ретте бүгінде жұмыс жасап тұрған Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. (полипропилен) және қазір жүзеге асырылып жатқан Silleno LLP (полиэтилен) жобасын орындауда мұнай-химия тізбегін одан әрі кеңейтудің маңызы зор.
Сарапшы-мамандардың пайымдауынша, мұның өзі Атырауда осыған дейінгілермен салыстырғанда қосымша құн салығы, сәйкесінше өзіндік құны жоғары өнімдер (пластмассалар, композиттер, химиялық талшықтар мен резеңке материалдар) өндіріп, табысқа жетуге жол ашады. Саланың өнеркәсіптік тұрғыдан өсуіне қолдау көрсету үшін өңірде индустриалды және технологиялық парктер құрып, мұнай-химия, машина жасау және құрылыс кластерін, сондай-ақ шағын және орта бизнес нысандарына арналған кіші өнеркәсіп аймағын (аумағы 20 гектардан асады) қалыптастыру жоспарланған.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасындағы жауапты мамандардың сөзінше, қазірдің өзінде қала маңында (400 гектар) және Жылыой ауданында (50 гектар) арнайы экономикалық аймақ құрылуда. Жоспарланғанындай, бұл жобаға қатысушыларға салықтық және кедендік жеңілдіктер, инфрақұрылымдар мен әкімшілік ғимараттар құрылысы қарастырылған. Нақтылай кетсек, ауданы 400 гектарға шақталған алаңда болашақта экономиканың әр саласында қызмет көрсететін шағын және орта бизнес бойынша 40 жобаның жүзеге асырылуына мүмкіндік жасау ойластырылған. Негізгі назар өңдеу өнеркәсібіне, құрылыс материалдары, машина жасау өндірісіне, энергетика және өзге де стратегиялық маңызды салаларға аударылатын болады.
Күні бүгін Атырауда осы жобаның тұжырымдамасы әзірленіп, серіктес компаниялармен бірлесіп, бөлінген аумақта бой көтеретін құрылыс нысандары мен инженерлік инфрақұрылымдардың жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Ал Құлсарыда осындай 10 жоба іске асырудың бастапқы кезеңінде тұр. Мұнда 2030 жылға дейінгі мерзімде жалпы саны 20 компания жұмысқа тартылып, картада қамтылған жобалардың орындалуына атсалысатын болады. Соның ішінде, әңгімеміздің басында айтылғандай, мұнай мен газды тереңдетіп өңдеуге басымдық беріледі. Қажетті мамандарды даярлау мақсатында мүдделі тараптар мен С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті арасында келісімшарт рәсімделген.















