Қызылорда өңірінде цифрлық салаға қызығушы жастардың басын қосқан «Innofest» Qyzylorda инновациялық идеялар фестивалі өткізілді.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен өткен байқауға 1700 жас ниет білдіріп, 200-ге жуық команда 3 бағыт бойынша өз жобаларын қорғады. Жастар ұйқы тежегіш көзілдірік, күн сәулесімен жүретін жол талғамайтын көлік, смарт үй, ақылды қоқыс жәшігі мен дрондар арасындағы махаббат сынды барлығы 50-ден аса жоба ұсынды.
Ерекше шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысып, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтауын жеткізіп, өңірде ІТ саласының дамуына үлес қосып жүрген жастарға әрдайым қолдау болатынын тілге тиек етті.
Фестиваль аясында 6 жоба үздік деп танылды. Оларға жалпы жүлде қоры 3 млн теңгені құрайтын қаржылай сыйақылар үлестірілді. Сондай-ақ, ерекше жобаларымен көзге түскен 6 жасқа оқу гранты табысталды. Байқаудың ең жас қатысушысы 6 жасар Дарын Қойшығұлға арнайы сыйлық сертификаты табыс етілді.
Байқау нәтижесінде «Smart Сity» бағытындағы қатысушы Зарина Айданова «Digital innovation and transformation» компаниясымен жұмыс жасауға мүмкіндік алды. Ал, «Кино&Видео» бағытындағы жеңімпаз жобаларға «Қызылорда дизайн» ЖШС қызығушылық білдірді. Сондай-ақ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті ғылыми жоба ретінде 2 жобаға, «Qazinterservice» ЖШС 2 жобаға қолдау білдіруге ниет танытты.