Ислам өсімқорлықты құптамайды

Ислам  өсімқорлықты құптамайды

Ислам дінінде  өсімге қарыз беру өсім жеушілік болып саналады. Ал өсім жеу – харам іс, ауыр күнә. Құран Кәрімде «Бақара» сүресінде: «Алла Тағала сауданы адал, ал өсімді харам етті», – делінген. Қаржылық пирамидасы өсім жеушіліктің бір түрі екен. Өйткені пирамидаға ақша салған адам «кейін өсіммен қайтарып алам» деген мақсатпен салып отыр ғой. Яғни қаржы пирамидасының өзі арам табыс көзі болғаны сияқты оған ақша салу да тозаққа түсірер арам іс. Соңғы уақытта қаржылық пирамидалар өздерінің атын жасырып  бүркемелеудiң жаңа әдiстерiн  ойлап тапқан. Мысалы, олар өздерiн онлайн ойындар деп атайды, онда ағаш отырғызу және өсiру қажет немесе жануарларды сатып алу, оларды өсiру және кейiннен сату, өзара көмек кассасы, ақша тумбочкалары және тағы сол сияқты. Алайда бiрiншi кезеңде нақты ақша сомасын салуды, ал екiншi кезеңде жаңа қатысушыларды шақыруға құрылған әдiстердi ұсынады. Яғни олар қаржылық пирамида жүйесiмен жұмыс iстейдi. Біраз жандардың  осы уақытқа  дейiн қаржы пирамидасы деген атауды естiгенiмен, оның қандай жүйе екенiнен толықтай хабары жоқ.

Жалпы қаржылық пирамида дегенiмiз (кейде оны инвестициялық пирамида деп те атайды) – жаңа адамдарды тарту арқылы, солардың қаражаты есебiнен өзге қатысушылардың табысын қамтамасыз ету әдiсi. Яғни пирамиданың бiрiншi қатысушыларына табыс кейiнгi қатысушылардың салымы есебiнен төленедi. Көп жағдайда соңғы қатысушының қаражаты қайтарылмайды.

Қаржы пирамидасының белгiлерi қандай? Пирамидадағылар жаңа қатысушы тартқанда жоғары табыстылықты, кез келген жағдайда ақша кiрiстiлiгiн, мансаптық сатыда жылдам көтерiлу туралы уәде бередi. Таныс адамдар арқылы жарнама жасап, түрлi тренингтер жүргiзедi.

Қаржылық пирамидаға қарсы заң бар. 2014 жылдың 17 қаңтарында «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметiне қарсы iс-қимыл мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заң қабылданды. Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құрған және оның қызметiне басшылық жасаған адам қылмыстық жауапкершiлiкке тартылып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 217-бабы бойынша мүлкi тәркiленiп, 3 жылдан 12 жылға дейiн бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ, оның қызметiн жарнамалаған адамға әкiмшiлiк жаза да қарастырылған. Ол  жеке тұлғаға – 150, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 600 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiндегi айыппұл.

Экономист Мақсат Халықтың пайымдауынша, қаржы пирамидаларына алданудың да өз себептері бар екен. «Кейбір азамат тез арада байып кетуді көздейді. Олар қаржы пирамидаларына ақша салады. Ал қаржылық сауатты азаматтар ондай пирамиданы ажырата алады. Себебі нарықта депозитке салатын сыйақы мөлшері 10 пайызды құрайды. Онда 1 млн қаржы салсаңыз, жыл соңында 170 мың теңге сыйақы түседі. Ал құнды облигациялар, акциялардың өзі 25-30 пайыз кіріс береді. Қаржы пирамидаларында екі айдың ішінде екі еселеп аласыз дейді. Әрине, қазіргі кезде ай сайын 8 пайыздан алып отырасыз дейтіндер де бар. Олар бір жылда 1 млн салсаңыз, үстінен тағы 1 млн келеді деп айтады. Мұндай бизнес қазір жоқ. Қандай бизнеске ақша салсаңыз да, жылдық кірісі 30 пайыз болады. Сондықтан ақшаңызды аз уақыттың ішінде екі еселеу туралы айтылса, олар бірден қаржы алаяқтарының әрекеті деуге болады. Сол себепті де қаржылық сауаты бар адам көрсеткіштерге мән беру арқылы ондай дүниелерден бойын алыс ұстайды», – деді ол. Сарапшы атағандай, қазіргі таңда майнинг, криптовалюта, биткойн сынды дүниелер трендке айналды.

  «Алайда ондайға арнайы білімі бар адамдар кіргені дұрыс. Оның үстіне дәл криптовалюта нарығында қаржы пирамидалары бар. Көп айтылып жүрген биржалардың өзінде өте көп криптовалюталар тиімді қаржылық пирамидалар арқылы пайда болған. Сондықтан барынша олардан аулақ болған дұрыс. Криптовалюта нарығына кіргісі келетіндер арнайы біліммен кіргені дұрыс. Көп оқудың да қажеті жоқ. Танымал негізгі криптовалюталар бар. Артында мықты командасы бар, әлем бойынша инвестиция салған арнайы криптовалюталарға қоюға болады. Оның өзінде артық қаражат болса ғана. Бірақ соңғы кезде үйін, көлігін сатып биткойн сатып алғандар бар. 5 биткойн алып, оның бағасы түскен кезде салған ақшасының тең жартысын жоғалтқандар да бар. Сондықтан бұл экономика болғандықтан, өсу мен түсулер бірге жүреді. Ондай жерде қаражат құюдың қажеті шамалы. Яғни мұнда жоғалтулар да болуы мүмкін», – деді ол.

Мақсат Халықтың айтуынша, қазір ақшаның формасы өзгеріп келеді. «Қазір біз цифрлық ақшаға өтіп келеміз. Теңгенің цифрлық нұсқасы жыл соңына дейін дайындалады деп жатыр. Оның барлығы алдағы уақытта криптовалютаның болашағы бар екенін көрсетеді. Жақында ғана әлемдегі танымал британдық криптобиржа саласында понци схемасына ұқсас әрекеттер байқалып жатқанын айтты. Понци дегеніміз – қаржы пирамидасының негізін қалаған Чарльз Понцидің атағы берілген алғашқы пирамида. Сондықтан онда да қаржы пирамидалары бар екенін білу керек. Қазір криптовалюталардың бағасы түсіп жатыр, артық ақша болса, сатып алуға болады. Бір-екі жылдың ішінде ол табыс беруі мүмкін», – дейді ол.

Экономистің пікірінше, қаржылық алаяқтардың түрі мен формасы өте көп. Алайда олардың ортақ белгісі тез байып кетуді насихаттайды. «Тамыр-таныс, достардың арасынан қаржы пирамидасымен айналысушылар келеді. «Маған сенбейсің бе?» – деп бастайды. Өзінің артынан 2-4 адам алып келуді насихаттайды. Сондықтан осындай жағдайларды ескере жүру керек. Көп жағдайда азаматтар іштерінен сезіп тұрса да, ақша салады. Ішкі сезімге де берік болған жөн. Ломбард, микроқаржы ұйымдары өздерінде депозит ашып, табыс табуды жарнамалайды. Ислам дінінің атын жамылып, мұсылманшылыққа басатындар да бар. Қазіргі уақытта алаяқтар ештеңеден қорықпайды. Бірақ оларды анықтайтын заңды тетіктері де бар. Мысалы, қаржы инвестициясымен айналысатындардың Ұлттық банктен алған рұқсаты болуы керек. Егер ол рұқсат болмаса, оларға алаяқ екенін айту керек. Осындай құжат сұрағанда алаяқ компаниялар Әділет басқармасында тіркелген куәлігін көрсетеді. Бірақ олардың жеке лицензиясы болуы керек. Қазір оны Қаржылық агенттік береді. Компанияның шетелдік немесе отандық екенін сұрау керек, мекенжайы қандай екенін тергеп, сұрау керек. Сол кезде олар сескеніп, сізден ақша сұрауды доғарады. Сондықтан қаржылық сауаттылық осындай алаяқтықтан құтқаруға жәрдемдеседі деп айтуға негіз бар», – деді ол.

Жақында екі танымал блогер қаржы пирамидасының негізін қалап, ұйымдастырғаны үшін қамалды. Mudarabaһ capital қаржы пирамидасына 162 салымшы 2 миллиардқа жуық қаржы құйған. Осы қаржы пирамидасына қаржы құйғандардың бірі – Арман Салақбаев. Ол бастапқыда жеңіл табыс көзін мақсат етіп, пирамидаға 2 млн теңге салады.

«Бастапқыда өзімнің жинаған азын-аулақ ақшам бар еді. Соны екі еселеу бойынша бір ұсыныс келіп түсті. Яғни оның қаржы пирамидасы екенін мүлдем байқамадық. Себебі біз арнайы келісімшартқа отырдық. Осынша инвестицияны салып, кейін ол нарықта айналып, екі есе болып қайтады деп айтқан болатын. Солай болды да. Мен 2 млн қаржымды салған соң, бір айдың ішінде 2 млн бонус ретінде түсті. Тағы жарты айдан соң өзімнің ақшамды қайтарды. Сонда мен өз қаражатымды екі еселедім. Кейін бұл жұмыс істейтін схема болған соң табысымды көбірек салып, оны қайта екі еселеп қайтарып алуды көздедім», – дейді ол. Салақбаевтың айтуынша, осының желігімен ол көлігін сатып, үстінен тағы 2 млн теңге қосып, бұл жолы пирамидаға 6 млн ақша салады.

«Бір ай өткен соң, алдыңғы тәжірибе бойынша маған түсім келген жоқ. Олардан сұрағанда, қазір акциялар кешігіп жатыр деді. «Ертең боладымен» алдады. Кейін 1,5 ай өткен соң мен қатты күмәндана бастадым. Өзім сияқты салған адамдармен әңгімелестім. Бір шикілік барын сол кезде білдік. Осылайша, 6 млн теңге желге ұшып, алаяқтардың қалтасын қампитты. Біз акция деп қаржы салған азаматтар – 16 адам қол қусырып қалдық. Оның қаржы пирамидасы болып шығып, танымал вайнерлер қамалғанда барлық үміт үзілді. Бұл жағдайдан кейін мен екі айдай үйден шықпадым, күйзелісте болдым. Себебі адамдардан алған қарыздарым да болған еді», – деді ол. Қорытындылап айтқанда, халықтың мұндай пирамидаларға алданып қалуының басты себептерi қаржылық-кредиттiк заңнама саласындағы бiлiмнiң жеткiлiксiздiгi, ақшаны ұстау мәдениетiнiң төмендiгi, сондай-ақ азаматтардың ақша жинауы және инвестициялауынан болып табылады.

Атап айтсақ, бүгiнгi күнде қаржылық пирамидалар заңсыз деп танылып, дүниежүзiнiң 39 елiнде тыйым салынған. ҚР Қаржы министрлiгi Мемлекеттiк кiрiстер комитетi халыққа абай болуды ескертедi.

ШАРГҮЛ ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ
21.04.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 56
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 582
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 696
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 611
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 620

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8756
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8156
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11385
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9139
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10370