Кәсібінің нәсібін көрген Марина

Кәсібінің нәсібін көрген Марина

Қазақ қыздарының өрлігі мен ерлігі турасында байтақ даламызда аңыз аз емес. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеген нәзік жандылар бүгінде шаруаның да, жанұяның да жайын тауып, берекесін кіргізіп жүргені жасырын емес. Ақ босағасынан аттаған жұртының өрісін кеңейтіп отырған батыр ананың бірі Тұрар Рысқұлов ауданы Луговой ауылының тұрғыны Марина Құрбанбаева. Бүгінде ол жеті баланың анасы, бұйыртса сегізінші бөбегін күтіп жүр. Көпбалалы ана атына лайық жауапкершілікті арқалай жүріп, ол жеке кәсіпкерлігін дамытып, аудан экономикасына елеулі үлес қосып келеді. 

Алғашқыда жеке кәсіпкерлікті күйеуі Ақылбектің құмблок құю ісінен бастаған екен. Құжаттарды рәсімдеумен өзі айналысқан Марина ол кезде ауылдағы балабақшада іс жүргізуші болып қызмет етіпті. 

– Ақпараттық жүйелеу мамандығын Қайнар колледжінде оқып, үздік дипломмен аяқтаған болатынмын. Алғашқы еңбек жолымды мемлекеттік бағдарламамен аудандық салық басқармасында бастадым. Кейін ауылдағы «Балбөбек», «Алтын сақа» балабақшаларында қызмет еттім. Колледжден алған білімім салық басқармасында да, балабақшада жұмыс істегенімде де, қазіргі кәсіпкерлігімде де көп пайдасын тигізді. Жеке кәсіпкерлікті ашар кезде қосымша курстарды да ақылы түрде оқыдым. Ауыл іші болған соң үй тұрғызатын, қора-жай салатын кісілер көптеп кездеседі. Ондайда құмблок іздеушілер де артатыны белгілі. Негізі кәсіп бастарда әуелі нарықта не нәрсеге сұраныс жоғары соны анықтап алған ұтымды болады. Жолдасым да құмблок құйып сатуды аз-аздан бастады. Кейін тапсырыс артқан соң жұмысшы алуға тура келді. Жұмысшыға жалақы төлеп, жеке іспен айналысқанда бәрін заң аясында жүргізген дұрыс. Сондықтан біз де жеке кәсіпкерлікті ашып, тиісті салығын төлеп, заңды жолмен еңбек етіп отырмыз. Жеке кәсіпкерлікпен айналысуда құжаттарын жүргізу де бір бөлек жұмыс. Сол себепті бұл жағын өзім қолға алдым. Таныстар арқылы жеке кәсіпкерлік ашу, өзге де құжаттарды рәсімдеу, электронды үкімет арқылы жұмыс істеу бойынша ақылы қызмет көрсетуіме ұсыныстар түсті. Осылайша өзім ақылы негізде оқыған курста үйренгендерімді басқаларға да ақылы түрде үйрете бастадым. Үйде де ата-ене алдындағы келіндік қызметім, балаларымның күтімі, үй шаруасы бар, балабақшадағы жұмысымнан шығуыма тура келді. Ондағы қызметтік міндетіме бей-жай қарай алмайтындықтан, жеке жұмыстарыммен ғана айналысқанды жөн көрдім, – дейді Марина Қармысқызы.

Осыдан үш жыл бұрын ашқан жеке кәсіпкерліктерін кеңейтіп, қазір мемлекеттік сатып алуға қатысып, мекемелерге қажетті қызмет көрсетумен де айналысып жүр. Сонымен қатар, бірлесіп жұмыс істейтін дүкендеріне тауар жеткізіп беру арқылы сауда-саттықта да бағын сынап жүрген іскер ана алдағы уақытта әлеуметтік кәсіпкерлікті қолға алмақшы. 

– Осыған дейін атқарған қызметтеріме қарап, осындағы бір кісі әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысуға кеңес беріп, ой қосты. Бұйыртса, «Марина» деп аталатын жеке кәсіпкерлігімді жауапкершілігі шектеулі серіктестікке кеңейтіп, мүгедек жандарды жұмыспен қамтуды қолға алсам деймін. Құжаттарын рәсімдеу істері біраз уақыт алды, толықтай аяқтағаннан соң ауданның 10 мүмкіндігі шектеулі тұрғынын тігіншілік бойынша жұмысқа алып, аурухана секілді өз ауданымыздың мекемелеріне төсек жабдықтарын дайындасақ деп жоспарлап отырмыз, – деген жас іскер ананың сөзінен талапкерлік байқалды. 

Тәуекелшіл кәсіпкер келіншек өзінің іскерлік қабілетін әр салада сынап көріп, табыстың тетігін табуға ұмтылғаны қуантады. Биыл мал шаруашылығымен де шұғылдануды бастаған. Қымыз өндіру үшін жылқы бағып, ет бағытында қой өсіріп отыр. Олардың өнімін өткізетін тұрақты тұтынушылармен келісім жасасқан. Еңбекқорлығымен ауданның екі қолға бір күрек іздеген тұрғындарын да жұмыспен қамтып жүрген ол отбасында ана. Қазір сегізінші сәбиін күтіп жүрген ерекше жағдайына қарамастан әлі де ізденіс үстінде. 

– Әрине, әйел адамның отбасы-ошақ қасындағы шаруалары да жетіп, артылады. Бірақ мен тек үй шаруасымен шектеліп қалғым келмейді. Балаларымның жарқын болашағы үшін әрі еліме титтей де болса өз үлесімді қоссам деген ниетпен бар білімімді салып, еңбектеніп, іздене жүріп әлі де жаңа істі үйренсем деймін. Дүниеге нәресте әкеліп, босанған кезімде өзіме екі ай ғана демалыс беремін. Соның өзінде құжаттық жұмыстар бойынша ақылы қызмет көрсетуіме сұраныс жасайтындар көп болады. Сондайда өзімнің айналамдағы адамдарға керек екенімді сезініп, жұмысқа араласпай жата алмаймын. Көрсеткен қызметіме ризалығын айтып, ісі алға басқанын көрсеткен көпшіліктің лебізі мені одан сайын шабыттандырады. Ізденіске, үйренуге деген құштарлығым да оянады. Балалардың кір-қоңын жуып, уақытылы тамақтарын әзірлеп, бірін балабақшаға, бірін мектепке апарып-әкелу, үйді, ауланы таза ұстау уақыт талғамайтын, қайталанып отыратын тіршілік. Мұндайда екінші анам – қайын енем көмектеседі. Ол кісінің маған қолдауы өте жоғары, анашыма шексіз ризалық ниетпен рақметімді айтамын. Балаларымның сапалы білім алып, дұрыс тәрбиеленіп өсуі үшін де ештеңеден аянбаймын. Мектепте оқитын 5 баламды да қосымша ақылы оқыту орталықтарына апарамын. Екі кішкентайым балабақшада. Мейлінше олардың уақытын оқып-үйренуге жұмсағым келеді. Баланың аты бала ғой, бос уақыты болса телефон мен теледидарға телміріп, қайтып келмейтін алтын уақытын текке өткізумен қоймай, өз денсаулықтарына зақым келтіреді. Ғаламтордағы шегі жоқ ақпараттар олардың тап-таза санасына не салатынын байқай да алмай қаламыз. Шүкір, мектепте оқитын ұл-қыздарымның бәрі де «4» пен «5»-ке оқиды. Оларды «Кім оқу жылын озат оқушы болып аяқтаса, жазғы демалыста басқа қалаларға қыдыртамын» деп сабаққа ынталандырып отырамын. Баланы алдауға болмайды, уәде еттің бе – орындау керек. Бұл – менің ұстанымым. Олар мектептен демалысқа шыққандарында айтқан сөзімді іс жүзінде орындап, жан-жаққа қыдыртып, әрі дүниетанымдарын кеңейтуге тырысамын. Қыдырып барған жерлердің тарихын, басқа аймақтардан ерекшеліктерін алдын ала өзім оқып алып, кейін балаларыма айтып отырамын. Адам санасындағы білім кеңістігі күнделікті айналасынан көрген-естігенімен толығады ғой. Болашақта балаларымның жан-жақты дамыған, сана-сезімдері біліммен, тәліммен толыққан тұлға болып қалыптасулары – менің негізгі мақсатым. Жеке кәсіпкерлігімді дамытсам, еңбектеніп табыс тапсам, басқаларға көмегім тисе дегеннен де бұрын ең әуелі ана екенімді, балаларымның алдындағы жауапкершілігімді ешқашан естен шығарған емеспін. Бала – бізге берілген бақыт және аманат. Олардың өмірі, келешегі үшін әкесі мен анасы жауапты. Кейде балалар бірдемеге ұрынып қалса, бірден мектептен, мұғалімдерден жауап алынып жатады ғой, бірақ жас өскелең ұрпақ үшін ең әуелі әкесі мен анасы жауапты екенін ұмытпасақ екен. Мені өмірге құлшындырып, білімімді арттыра түсуге ұмтылдыратын, іскерлікке жетелейтін осы балаларыма деген махаббат. Қандай да бір жетістікке жетсем, ол осы махаббаттың күшімен келіп жатыр, – деген Маринаның сөзінен аналық мейірім аңғарылды. 

Қазіргі уақытта Марина Құрбанбаева құжаттарды рәсімдеу ісіне көмектесу үшін 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның пікірінше, «жұмыс жоқ» деген жалқаулыққа жетелейтін сылтау ғана. Адамда ниет болса, шағын ауылдан да нәпақа табар жұмыс болады. «Барлық адамның бойында бір іске деген қабілет болатыны сөзсіз. Тек соны дамытып, еңбектенсе, жұмыссыздық та, кедейшілік те орын алмайды» дейді кәсіпкер ана. Өзі де жеке кәсіпкерлікті декреттік демалыста отырғанында бастапты. Тұрақты жалақы алып отырған жұмысынан бала күтіміне байланысты уақытша босағанында оның да ойында «жұмыссыз қалдым, енді табыс қайдан келеді?» деген қорқыныш болыпты. Сол ой оны іскерлікке жетелеген. Қиындықтар адамды уайымға салу үшін емес, қамшылап, жаңа қырын ашу үшін берілетініне тағы да көзіміз жетті. Сынға салатын уақытша сәтсіздіктерге мойымаған адам алға жаңа қадам басып, табыскерлікке жетері анық. Біз бұның дәлелін Алтын алқалы ана, кәсіпкер Марина Қармысқызының қазіргі 33 жасына дейін жүріп өткен жолына қарап, көз жеткіздік. Сондай-ақ, оның бойында кездескеннің бәрінен ұтымды жол таба білетін сұңғылалық та бар. Олай дейтініміз – бүгінгі техника заманындағы әлеуметтік желіні бос қарап қана қоймай, кәсібінің қанат жаюына қолданады. Ал, балалары тәрбиеленетін балабақшалардағы қайырымдылық акцияларына қатысып, бүлдіршіндерге мерекелік сыйлықтар тарту ете отырып, өзге балдырғандардың жағдайын саралап, қолдан келгенінше көмектесуге талпынады. Ол өмірді адамдарға бақытқа жету үшін берілген үлкен мүмкіндік деп бағалайды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ, Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы
17.10.2024

Ұқсас жаңалықтар

Қауіпсіздік – бізге байланысты
Материал Жамбыл облысы бойынша ҰҚКД ақпараты негізінде дайындалды - 27.12.2024 115
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 3 МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 27.12.2024 32
ТҮРКІСТАНДА ҮШ АҚЫННЫҢ КІТАБЫ ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 27.12.2024 34
ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 614
Жамбыл ауданы:  Жерге – тыныс, елге – ырыс
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, журналист Жамбыл облысы Жамбыл ауданы - 20.12.2024 748
«Ауыл аманаты – ел аманаты»
Марат ҚҰЛИБАЕВ, Тараз қаласы - 20.12.2024 754
Талас ауданы:  Ілкімді жобаның  игілігін көргендер
Нұрболат АМАНБЕК, Жамбыл облысы Талас ауданы - 20.12.2024 744
Тоғыз жолдың торабындағы  Шу елінің ықыласы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 751
Жуалы ауданы:   Бағдарлама  аясында  5,1 млрд  теңге  игерілді
Нұржан МАНАСҰЛЫ, Журналист, Жамбыл облысы Жуалы ауданы - 20.12.2024 528

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 11805
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 10735
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 13964
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 12925
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 17931