Облыстық кәсіподақтар орталығының аумақтық бірлестігі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтіп, оған өңірдегі барлық салалық кәсіподақ ұйымдарының басшылары мен өкілдері қатысты. «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов жиынға қатысушыларға биылғы 27 қаңтарда Астанада өткен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы бас кеңесінің отырысында және Кәсіподақтар федерациясының 2022 жылғы қызметінің қорытындыларына арналған «Жаңа қоғамдық келісім: әділетті еңбек қатынастары» атты әлеуметтік әріптестер форумында айтылған мәселелерді жеткізіп, жан- жақты талқылады. Сонымен қатар Кәсіподақтар федерациясы бас кеңесінің шешімімен 2023 жыл – «Қауіпсіз еңбек жылы» болып жариялануына байланысты биыл өткізілетін іс-шаралар жоспарына ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ жиын барысында төраға орынбасары Бақтияр Қарауылов облыстық кәсіподақтар бірлестігінің 2022 жылы атқарған жұмыстары туралы есеп берді.
Жиын соңында оған қатысушылар биыл 19 наурызда өтетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттар депутаттарының сайлауына байланысты Кәсіподақтар федерациясы қабылдаған үндеуге тоқталып, аймақтағы кәсіподақ көшбасшылары мен мүшелерін алдағы маңызды саяси науқанға белсенді қатысып, лайықты үміткерлерді қолдауға шақырды.