ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында: «Қазақстан мен Қытай арасындағы кеден статистикасы деректерінің айырмашылығы 5,7 млрд доллар болды. 0,3 млрд доллар методологиялық есеппен байланысты, 2,6 млрд доллар – Қытаймен арадағы тауар транзиті. Тағы 2,8 млрд доллар – нақты емес декларациялаудан, яғни киім, аяқ киім ойыншық сияқты тауарлардың жасырын айналымы. Жалпы алғанда, жоғарыда сөз болған 2,8 млрд доллар нақты емес декларациядан, республикалық бюджеттің жоғалтқаны шамамен 150 млрд теңге», – деген деректерді алға тартты. Қытаймен арадағы көлеңкелі сауда-саттыққа байланысты мәселе талайдан бері сөз болып жүрген. Алайда бұған ешкімнің тісі батпай келген еді. Өйткені Қытаймен арадағы кеденді экс-президент Н.Назарбаевтың туыстары «майшелпекке» айналдырып алғаны сөз болған. Қаңтардағы оқиғалардан кейін жағдай өзгергендей болды. Естеріңізге салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен арадағы кедендегі жемқорлық туралы арнайы айтып, тәртіпке келтіруді тапсырған. Іле-шала бірқатар кеден бекеттерінің басшылары қызметінен кетті.