11 желтоқсан күні Орталық коммуникациялар қызметінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков БАҚ саласының өкілдері алдында еліміздегі 3- мегаполистің әлеуметтік-экономикалық даму ахуалы туралы баяндап берді. Әкімнің айтқандарына қарағанда, Шымкент қаласының дамуы орнықты, сондай-ақ экономика, өндіріс, инвестиция тарту, халықтың өмір сүру сапасын жоғарылату, білім саласын кемелдендіру секілді халыққа игілікті көптеген істер атқарылып жатыр екен.
Шымкент – инвестиция тартуға қолайлы қала
Мемлекет басшысының маңызды тапсырмаларының бірі ел экономикасын ілгерілетуге серпін беретін инвестиция тарту екендігі белгілі. Қазіргі таңда әр облыс, әр аудан бұл мәселеге баса назар аударып отыр. Бұл тұрғыда Шымкент қаласында да ауқымды жұмыстар атқарылып, жақсы жобаларға білек сыбана кірісіп отырғаны білінді. Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, алдағы 5 жылда Шымкент қаласының экономикасына 6,6 трлн теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр екен.
«Шымкент қаласының өткен 10 айдағы экономикалық өсімі 14,8%-ды құрап, республика бойынша алдыңғы қатарға шықты. Сауда көлемі 24,6%, байланыс 18,3%, өнеркәсіп өнімі 14,4%, құрылыс жұмыстары 7%, инвестиция 4,7%-ға өсіп, 982 мың шаршы метр пайдалануға берілді. Экономикалық өсімнің драйвері ретінде өңдеу өнеркәсібін дамыту негізгі міндет болып табылады. Бүгінде өңдеу өнеркәсібінде шығарылған өнім көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16%-ға өсті. Соңғы 3 жылда өнеркәсіп саласында құны 150 млрд теңгені құрайтын 40 жоба іске қосылып, 2 жарым мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
«QazAlpack» компаниясы өндіретін алюминий құтыларына сұраныс артып, экспорт көлемінің ұлғаюына байланысты құны 30 млрд теңгені құрайтын жобаның 2-кезеңін іске қостық. Зауыт жылына 2,2 млрд дана алюминий құтыларын шығарады. Онда 112 тұрақты жұмыс орны ашылды. Сол сияқты құны 7,8 млрд теңгеге Sauran Bricks компаниясы автоклавты газдалған бетон өндіретін зауыт жобасын іске қосты. Зауыт жылына 300 мың текше метр газдалған бетон өндіреді. Кәсіпорында 100-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылды», – деді қала әкімі.
Мегаполисте өндірісті дамыту, инвесторларды тарту және тұрақты жұмыс орындарын құру мақсатында жаңадан 2 өндірістік аймақ салу және 3 қолда бар аймақты кеңейту жұмыстары жүріп жатыр екен. Мұнда 900 млрд теңгені құрайтын 300 инвестициялық жоба іске асырылып, 13 мыңға жуық жұмыс орны ашылатын көрінеді. Жоспарлардың қатарында 2026 жылы қолданыстағы сауда-логистикалық орталығын кеңейту жұмыстары аяқталады. Бұл өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және бизнес пен сауда үшін жаңа мүмкіндіктер бермек. Сонымен қоса, Стандарт жеке индустриялық аймағы іске қосылды. Мұнда өндірістік аймақпен бірге мемлекеттік қолдау ретінде инфрақұрылыммен қамтылған арнайы шағын өндіріс алаңдары салынады екен.
«Қалада инвесторларға қолайлы және тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. Соңғы 3 жылда қала экономикасына 20 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Оның 75%-ы – жеке инвестициялар. Алдағы 5 жылда 6,6 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарда бар. Бүгінде құны 4,6 трлн теңгеге тең 221 инвестициялық жобаның пулы жасақталды», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Бизнесті қолдау жалғаса береді
Шымкент қаласында бизнесті қолдау шараларының нәтижесінде соңғы 3 жылда белсенді жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 128 мыңнан 141 мыңға жетіп, жұмыспен қамтылғандар саны 250 мың адамнан асқан. Қала экономикасында орта кәсіпкерлікпен өндірілген өнім үлесі 41%-дан 58%-ға артыпты. Биыл кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына 20 млрд теңге қарастырылып, 1971 жобаға қолдау көрсетілген.
«Кәсіпкерлерге инфрақұрылыммен қамтылған аумағы 45 мың шаршы метрді құрайтын 3 шағын өндірістік алаң құру жұмыстары аяқталуда. Мұнда 50-ден астам шағын кәсіпорын ашылып, 300-ден астам адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылады. Былтырдан бастап кәсіпкерлерді ашық және адал салық төлеуге ынталандыру мақсатында бөлшек салық мөлшері 4%-дан 2%-ға төмендетілді. Қазір осы салық түрінен бюджетке түсетін кіріс 9 млрд теңгеден 31 млрд теңгеге дейін артып отыр. Келесі жылы жеңілдікті пайдаланатын кәсіпкерлер ауқымы 8 мыңнан 102 мыңға дейін артады деп күтіледі», – деді әкім мырза.
Шаһар аумағындағы 19 базардың 15-і модернизациядан өткен. Қалған 4 базарда модернизация жасау жыл соңына дейін аяқталмақ. Сөйтіп, бүкіл базарлар бірыңғай стандартқа сәйкестендіріледі.
«Осы жылы 34 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасты. Барлығы 46 мың адамды қамту көзделген. Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 2023 жылы 112 725 отбасын құраса, қазір 1800 отбасыға дейін төмендеп, жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ды құрады. Экономиканың өсіміне сәйкес жергілікті бюджет есебінен еңбекақысы азаматтық қызметшілердің жалақысын арттыруға 11 млрд теңге бағытталды. Нәтижесінде орташа жалақы көлемі 10%-ға өсіп, 334 мың теңгені құрады», – деді Ғабит Әбдімәжитұлы.
Шаһарда үш ауысымды мектеп жоқ
Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда әкімшілік тарапынан білім беру, спорт және денсаулық сақтау, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға қажетті инфрақұрылымды дамытуға айырықша көңіл бөліп отыр екен. Соның бір мысалы – қала бойынша 3 ауысымды мектеп мәселесі толық шешіліпті. Әрине, бұл жаңа мектептер салу, қажетті құрылыстар мен инфрақұрылымды жетілдіру секілді қажетті шараларды жылдам жүзеге асырумен аяқталып жатқаны белгілі. Жүзеге асқан жобалардың мысалы мынадай. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 17 300 орындық 12 мектеп толық пайдалануға берілген. Биыл бюджет есебінен 4145 орындық 8 мектептің құрылысы жүріп жатыпты. Бұлардың ішінде 2 мектеп пайдалануға берілген. Жергілікті бюджеттен 10 мектеп пен 1 балабақшаның күрделі жөндеуі қаржыландырылыпты.
«Білім беру саласын цифрландыру аясында бірқатар жаңа жоба қолға алынды. Барлық мектептің бейнебақылау жүйелері полиция департаменттерінің жедел басқару орталығына қосылған заманауи интеллектуалды жүйе «Айқын» жобасы жүзеге асуда. Ол мектептегі қауіпсіздік, өрт және буллинг жағдайларымен бірге контингенттің оқу процесіне қатысуын бақылайды. Мектептердегі тегін тамақтандыруды бақылайтын «Әлеуметтік әмиян» цифрлық жүйесі енгізіліп, 2 айда 460 млн теңге бюджет қаражаты үнемделді. Қосымша білім беру бойынша шығармашылық және спорттық үйірмелерге «бір бала – бір орын» қағидатымен ваучерлік жүйе іске қосылды», – деді Ғабит Сыздықбеков.
«Соңғы 3 жылда шаһарда жаңадан 14 медициналық мекеме ашылып, емханалардың орташа жүктемесі 25 мың адамнан 21 мыңға дейін азайды. Медициналық ақпаратты автоматты түрде талдап, қатерлі ісіктерді, өкпе ауруларын, жүрек-тамыр патологияларын ерте анықтайтын PACS SYSTEMS жасанды интеллект ақпараттық жүйесі енгізілді. Жоғары технологиялардың көмегімен 1102 операция жасалды. Жергілікті бюджеттен 2 аурухана күрделі жөндеуден өтті. Жедел жәрдем қызметіне 40 арнайы автокөлік алынды», – деді қала басшысы.
Сонымен қатар қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру мақсатында инженерлік және жол инфрақұрылымын дамыту, баспанамен қамту, экологиялық таза орта құру бағытында көптеген жұмыстар атқарылған. Қазір Шымкент қаласы тұрғындарының 99,9%-ы ауызсумен, 100 %-ы электр энергиясымен, 98 %-ы табиғи газбен қамтылыпты. Бұл тамаша көрсеткіштер еді.
«Биыл Шымкентте 1 млн 375 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. Оның 982 мың шаршы метрі берілді. Дегенмен халық саны ұлғайғандықтан, қазір тұрғын үй кезегінде 90 мыңнан астам халық тұр. Биыл 3808 пәтерлі 61 әлеуметтік тұрғын үй құрылысы жүріп, жыл соңына дейін 2574 пәтерлі 34 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Әлеуметтік осал топтарға 1523 пәтер сатып алынды», – деді әкім.
Атқарылған қыруар жұмыстардың қатарында инженерлік желілердің қуаттылығын арттыру мақсатында 6 қосалқы станция және 3 газ тарату станциясын салу қолға алынғанын тілге алып өтті қала басшысы. Бұдан бөлек, қала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жарықтандыру мәселесіне барынша көңіл бөліп отыр екен. Көшелерді жарықпен қамтамасыз ету мәселесі жыл соңына дейін 100%-ға жетеді дейді шаһар басшысы. Былтыр қалада 270 шақырым жолға асфальт төселсе, биыл мыңнан астам шақырым жолға асфальт салу жоспары көзделген. Таяу уақытта бітетін жобалардың қатарында «А-2» айналма жолының негізгі бөліктерін қайта құрудан өткізу, 2026 жылы Қонаев даңғылының жалғасын толығымен аяқтау сынды жоспарларын айтып өтті Ғабит Әбдімәжитұлы. Бұдан бөлек, жергілікті әуежайдың жаңа ұшу-қону жолағын салу жұмыстары басталыпты. Бұл жолақ қаланың логистикалық әлеуетін арттырып, өңірлік хаб ретінде дамуына серпін бермек.
PS: Шымкент қаласы – жақсы дамып келе жатқан өңір. Бұл қалаға жолымыз түскен сайын ондағы оң өзгерістер анық білініп тұратыны бар. Климаты қолайлы, халық саны мол, өзге де географиялық артықшылықтары басым бұл өңірде өндіріс, өнеркәсіп, ауылшаруашылығы сынды көптеген салалар жақсы жолға қойылғандығы белгілі. Қала әкімінің кезекті баяндамасындағы нақты деректерге үңіле отырып, шырайлы шаһардың кемел келешегіне сеніміміз беки түскендей болды.
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ













