Нұр-Сұлтан қаласында халық санының артып, көлік ағынының ұлғаюына байланысты жолдар мен көпірлер, жол айрықтарын көптеп салу мәселесі туындап отыр. Мәселені шешу мақсатында елордада Кешенді көлік схемасының тұжырымдамасы бекітілді. Бұл халықтың жыл сайынғы өсуін және жолдардағы трафиктің ұлғаюын ескере отырып, қалалық көліктің 10 және одан да көп жылға арналған бірыңғай техникалық пайымын әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл туралы қалалық мәслихат отырысында «CityTransportation Systems» ЖШС Басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов айтты.
– Қаланың бас жоспарында көліктік даму бөлімі бар, бірақ уақыт талабы мен урбанизацияны, жаңа сын-тегеуріндерді ескере отырып, егжей-тегжейін (көлік-ауысып отыру тораптары, бұрылу алаңдары, жаяу жүргіншілер, бағдаршамдар және т.б.) жазып, кешенді көлік схемасының дамуын жеке бөліп көрсету қажет. Әлемдік тәжірибеде қалалық және көліктік жоспарлау қала құрылысының өзара байланысты және өзара тәуелді элементтері болып табылады, – деді Бекмырза Игенбердинов.
Сонымен қатар, көлік компаниясының басшысы қалалық көлікті басқаратын ұйымдар арасындағы үйлестіру жұмыстарын күшейту қажеттігін айтты.
– Бұдан басқа, магистралды көшелер мен өзен арқылы өтетін қосылым санын арттыру қажет. Тұрғын кварталдардың құрылысын көліктік қолжетімділікті ескере отырып жоспарлау қажет. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, қалалық көлікті басқару саласындағы стратегиялық құжат – кешенді көлік схемасын жасау ең дұрыс шешім болады, – деп атап өтті Бекмырза Игенбердинов.
Бекмырза Игенбердиновтің айтуынша, Кешенді көлік схемасы (ККС) қалада қалалық көлікті ұйымдастыру мен басқаруға қатысты қолданыстағы құқықтық жүйедегі олқылықтар мен қайшылықтарды анықтайды, жер пайдалану мен қалалық көлікті жоспарлауды, қалалық көлік саласына тартылған органдардың функциялары мен өкілеттіктерін біріктіреді. Бұдан басқа, қоғамдық көлік, жол-көлік инфрақұрылымы, жол қозғалысын ұйымдастыру, көлік ағындарын басқару, тұрақ кеңістігі және т.б. салалардағы проблемаларды шешуді ұсынады.
Кешенді көлік схемасының тұжырымдамасын қалалық мәслихат бекітті. Үкіметпен және ҚР ИИДМ-мен бірлесіп қаржыландыру көздері келісіледі, бұдан әрі ККС іске асыру үшін алынатын болады. ККС әзірлеумен қатар, Нұр-Сұлтан қаласының аумағын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасында нысаналы көрсеткіштерді жоспарлау қажет болады.
Айта кету керек, елорда әкімдігі жол инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Биыл 100-ге жуық көше салынып, жөнделеді, соңғы екі жылда 300-ге жуық көше жөнделді, олардың жартысы тұрғын үй алаптарындағы көшелер.
Сонымен қатар, белгілі болғандай бүгінде Ұлы дала даңғылында екі автокөлік көпірінің құрылысы жүріп жатыр, ол осы жылы аяқталады деп күтілуде. Ал Есіл өзені арқылы Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің құрылысы 2023 жылы аяқталады. Олар жолдардағы трафикті айтарлықтай жеңілдетеді. Сондай-ақ Алаш тас жолының бойындағы көпірге «бүкір көпір» күрделі жөндеу, жаңа жол айырықтарын жобалау және басқа да жұмыстар жүргізілуде.