«Qazaqstan dauiri» газетінің «AMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ауыл» партиясы, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ, «ЕлАна» сайты, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» атты дәстүрлі экспедициясы Алматы, Жетісу, Маңғыстау, Атырау облыстарында жалғасуда
Жетісу облысынан кейін газетіміздің басшысы Сәуле Мешітбайқызы Алматы облысына қарай бет түзеді. Жанына газеттің Бас редакторы Ертай Айғалиұлын алып, тақтайдай күре жолмен Қонаев қаласына келді. Экспедицияның белді мүшесі әрі қамқоршысы «АMANAT» партиясының облыстық филиалында болды. Экспедиция мүшелері партияның атқарушы хатшысы Аслан Кубентаевпен бірге Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев мырзаның қабылдауына келді.
Ғанидың бұл қызметке келгеніне бар болғаны екі айдан асыпты. Ғани экспедиция мүшелерін емен-жарқын қарсы алды. Сәуле Мешітбайқызы бірден сөз тізгінін өзі алып, «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» экспедициясының сапарларына, оның мән-маңызына тоқталды. Әсіресе соңғы жылдары экспедиция облыстарда ұлттық құндылықтарды өзек етіп, көшпелі дөңгелек үстелдерді жиі өткізіп жүргенін сөз етті. Себебі елімізде ұрпағымыздың азғындау мәселелері ушығып кеткенін ащы айтып, осы кесапатты тоқтатудың жолдарына ерекше тоқталды.
Ғани Айдарұлы өз кезегінде экспедиция туралы, әсіресе Сәуле Мешітбайқызының атқарып жатқан игі істері жөнінде толық хабардар екенін айтты. «Ақыл – жастан, асыл – тастан» демекші, Ғани Айдарұлы өзінің қызметтік мәселелеріне жетік екенін айтқан ойларына қарап, экспедиция мүшелері көз жеткізді. Әсіресе ол қай мәселе болса да оның жедел, тыңғылықты шешілуіне зор мән береді екен. «Арық айтып, семіз шық» деген сөзді үнемі ту ете көтеретінін, яғни экспедиция көтеріп жүрген мәселелерді алдағы уақытта бірге көтеріп, бірге шешуге болатынын нақты пікірлері мен ойларын толықтырды. Осы кездесуде Ғани Айдарұлы ел анасымен көпшілікті жиі кездестіріп, келелі жиындар, онлайн жүздесулерді жасауға өрелі жоспарлар жасалатынын айтты. Әрине, оның жүзеге асуын алдағы уақыт еншісінде көре жатармыз. Ең бастысы оның ниетіне, ықыласына риза болып аттандық.













