С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы Ақтөбе қаласындағы «ҚР Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектебіне» барып, Халқымыздың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, соғысқа қатысқан майдангер, соғысты көзімен көріп, әр өлең жолынан қан майданның оқ-дәрісінің исі мүңкіп тұрған ақынымыз – Сырбай Мәуленовтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Көгімде жалғыз сен тұрасың» атты поэзия кешін өткізді.
Қазақ даласы қашанда таланттарға әсте кенде болмаған. Өткен ғасырдың 50-жылдары қазақ әдебиетінің рухани кемелденуіне өзіндік қолтаңбасымен келген үлкен тіректі тұлғаның бірі – Сырбай Мәуленов. Оның қаламынан туған өлең өрнектері өміршеңдігімен мәнді. Ұрпақтың рухани көсемі ретінде біз Қасым Аманжоловты алатын болсақ, осы Қасымдар бастаған рухани сардарлардың ішінде алдымен көзге түсетін ақын Сырбай Мәуленов болды. Сұм соғыста бір қолын жоғалтып, жаралы болып қайтса да, ақын 58 кітап жазған екен. Қазақ поэзиясына нағыз сыршыл сезімді, шынайы, көркем бейнелі өлең үлгісін әкелгендердің жуан ортасында дүр тұлғалы Сырбай ақынның орны өзгеше. Қан майданда қар жастанып, мұз төсендірген соғыстың қайғы-қасіретін, өмір мен өлім айқасын өз көзімен көруі, көңілге түюі ақын жырларының аясын кеңейтіп, көрген-білгенін ойында терең қорытып, тіршілік философиясына айналдыруына себепші болғаны анық. Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндерінде от кешкен жауынгер жырлары Отанға деген жалынды сүйспеншілікті, елге деген асыл сағынышты білдірсе, бейбіт күн бейнелері мен замандастардың жан сырлары бедерленген өлеңдер оқырманына қайталанбас ғажайып сезімдер сыйлары анық.
Шара барысында С.Мәуленовтың өмірі мен шығармашылығына арналған видеоролик, слайд көрсетілді. Тақырыпқа сай, кітап көрмесі ұйымдастырылып, Бекжанқызы Айғаным библиографиялық шолу жасады. Сыршыл ақынның таңғы шықтай таза, өрнекті өлеңдерін «Шаңқай түс», «Соғыстан қайтқан солдаттар», «Солдат туралы баллада»,«Шекара түні» Аманжол Қазыбек, Смағұлов Наурызғали, Панихин Артур, Абаханов Ғалымжан сынды сарбаздар жатқа әрі мәнерлеп оқыды, логикалық сұрақ-жауап арқылы ойындар ойнатылды. ҚР Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектебінің тәрбие ісінің орынбасары, подполковник Бауыржан Құттымұратұлы Молдабаев, сонымен қатар әскери сарбаздар шараға белсене атсалысып, алғыстарын жеткізді.
Қорыта айтқанда, Сырбай Мәуленовтың әдебиет әлемінде алар орны зор. Оның сырға толы өлеңдері халықтың мәңгі жүрегінде.