Аудан әкімдігінің мәжіліс залында көктемгі әскерге шақыру науқанының өту барысы туралы жиын өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, полковник Көпбосын Нурдинов, аудандық полиция, орталық аурухананың жауапты қызметкерлері, ауыл, ауылдық округ әкімдері және әскери есеп жүргізуші мамандар қатысты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Талғат Салқанұлы ашып, 2023 жылғы әскер қатарына шақыруға көктемгі жасақ жоспарының орындалуы туралы баяндады.
Аудан бойынша әскерге көктемгі шақыруға 135 азамат жоспарланған. Оның ішінде ҚР ҰҚК Шекара қызметіне 28 адам жоспарланып, 29 азамат әскерге жіберілгендігін Талғат Салқанұлы айта келе, аудан әкімдігі мен қорғаныс бөлімі бірлесе жұмыс жасағанда нәтиже беретіндігін жеткізді.
Сондай-ақ аудандық полиция, денсаулық сақтау бөлімі қызметкерлері, ауыл, ауылдық округ мамандары да маңызды науқанға асқан жауапкершілікпен қарау қажеттігін атап өтті.Кейінгі жылдары әскерге шақырылғандар арасында денсаулықтарындағы кінәратты алға тартып, әскерден қалуға әрекет ететіндер саны ұлғайып бара жатқандығы жасырын емес. Сондықтан дәрігерлер жасөспірімдердің денсаулығын мұқият тексеріп, қателікке жол бермеулері керек екендігі баса айтылды. Жиын соңында Отанды қорғау – әр азаматтың қасиетті парызы әрі міндеті болып табылатындығы, бұл Ата Заңымызда анық көрсетілгендігі айтылып, ауылдық округ әкімдері қорғаныс істері жөніндегі бөлімімен бірлесіп, шақырылушылардың ата-аналарымен жеке-жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.