Жалпы аудан бойынша көктемгі дала науқаны қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Ауа-райының қолайлы болғаны диқан қауымға үзіліссіз жұмыс істеуге жағдай жасап отыр.
Жер қатынастары бөлімінің мәліметіне сәйкес, Қордай ауданындағы ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі 607 330 гектарды құрайды. Оның ішінде 685 гектар көп жылғы дақылдар, 9038 га – шабындық жерлер болса, 454009 га жайылым, 136344 га – жалпы егістік, соның ішінде 40222 га ауыл шаруашылығы жерлері.
2023 жылға 22,5 мың гектар күздік бидай себілді. Көктемгі науқан барысында 46 500 га жаздық арпа, 8 000 га тұқымдық жүгері, 900 га майлы дақылдар, 500 га қант қызылшасы, 3 800 га картоп, 6 500 га көкөніс, 39 940 га мал азығы, соның ішінде 900 га сүрлемдік жүгері, 15 200 га бір жылдық шөптер, 23 840 га көп жылдық шөп, 10 204 га сарымсақ себіледі деп жоспарланған. Барлығы 129 240 га.
29 наурыздағы жағдай бойынша 18,8 мың га жер жыртылды, немесе 91,0% (жоспар 20,648 мың га). Жоспарланған 46,5 мың га жаздық арпаның 26 040 гектары себілді, бұл 56,0% құрады.
Тұқым қоры жеткілікті. Көктемгі дала жұмыстарына 19,8 мың тонна тұқым қажет болса, 18,9 мың тоннасы дайын, яғни 95,3%. Соның ішінде І-репродукциялы жаздық арпа – 744 тонна, ІІ – 2604 тонна, ІІІ – 4092 тонна. Мақсарыдан 14 тонна, картоп 11400 тонна дайын. Жетпей жатқан қант қызылшасы, дәндік жүгері және сүрлемдік жүгерінің тұқымдарын алыс шетелден және Алматыдан әкеледі.
Бұдан бөлек, 14 430 га алқапта су үнемдеу технологиясы енгізілген, соның ішінде тамшылатып суғарылатыны - 12 030 га, жаңбырлатып суғарылатыны - 2 400 га. 2023 жылға қажетті минералды тыңайтқыштар көлемі 10 200 тонна (аммиак селитрасы – 5 500 тонна, аммофос – 2 000 тонна, басқа түрлері – 2 700 тонна).