КӨЛІНДЕ БАЛЫҒЫ ТУЛАҒАН

КӨЛІНДЕ БАЛЫҒЫ ТУЛАҒАН

Жуырда Сарыбұлақ ауылдық округіне қарасты Қайнар ауылының тұрғыны Салман Аманов өз қаражатына заманауи мал сою цехын салып, осының арқасында ауылдағы мал етін өткізу мәселесі біршама шешімін тапқан. Тәулігіне шамамен 70-тей ірі қара, 200-дей қой-ешкі союға қауқарлы қасапхананың құрылысын кәсіпкер талай жылдан бері арман етіп, бүгінде оның бұл ойы жүзеге асып отыр.

Иә. 90-шы жылдардағы тоқырау заманы ешкімге де оңайға соққан жоқ. Осы кезде Салман Амановты да «отбасымды қалай асыраймын?» деген ой мазалады. Алайда, бос уайымға салынбаған кейіпкеріміз өзін де, жерлестерін де тұрақты жұмыспен қамту мақсатында тәуекелге бел байлап, өз ісін бастап кетті. Айта кетсек, Салманның арнайы экономикалық білімі мен кәсіпкерлер курсынан өткен тәжірибесі жоқ. Дейтұрғанымен, бала кезінен әкесінен алған тәрбиесі мен дағдысы болды. Осының арқасында ол қолға алған әр ісін жүйелі түрде жүргізіп, адал атқара білді. Мұны қазір кейіпкеріміз қолға алған өндіріс орнындағы тазалық пен тәртіптен-ақ байқауға болады.

Кәсіпкеріміздің айтуынша, ісін бастарда бірқатар қиындықтар да кезікті. Бірақ алған бағытынан таймаған ол ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігінің арқасында ауылдастарына мал сою қызметін ұсынып, Алматы қаласына ет өткізе бастады. Осылайша, біртіндеп тапсырыс берушілері көбейіп, тұрақты клиенттері пайда болды. Салман бұл іспен бірге мал шаруашылығын да қатар алып жүретінін айта кеткен жөн. Бүгін оның базасында 300 бас ірі қара бордақыланса, бірнеше отар қойы, үйрегі мен тауығы бар.

Салман Ёлчиевич бизнесін белсенді түрде дамыту жолдарын іздестіруден еш уақыт жалыққан емес. Қазіргі таңда ол мал шаруашылығын дамытып, жалпы көлемі 5 гектар аумақты алып жатқан екі көлді жалға алып, оларға 90 мың сазан шабақтарын жіберген. Жалпы, аталмыш шаруашылық бизнесті әртараптандырудың айқын көрінісі болып табылады.

…Біз шаруашылық басшысымен бірге жаңа цехты аралап шықтық. Оның қарапайым болғанына қарамастан мұнда барлығы егжей-тегжей ойластырылған. Цехта сойылған малдың еті бөлшектеліп, өлшеніп, тоңазытқышқа салынады. Оған қоса мұнда зертхана да бар. Салман мал соятын жаңа желіге тапсырыс та беріп қойған. Ол орнатылғаннан соң цех салтанатты түрде ашылатын болады.

«Біз еш қиындыққа мойымай, табысқа жеткен адамдардан үйренеміз. Егер сүйікті іспен айналыссаң, міндетті түрде табысқа жетесің. Мақсатқа жету үшін ізгі ниет пен ерік-жігерің болса болғаны», — деген кәсіпкер табысқа жетудің құпиясымен бөлісті.

Жастайынан балық аулауға әуестенген балықшы Қайнардың тамаша табиғатын пайдалануды мақсат етіп, балық өсіруге бел буған. Бұл іспен айналыссам деп жүргенде ауылдасы иелігіндегі екі көлін сатып жатқанын естиді. Осылайша, Салман тоғанның ішін тазалап, сазан шабақтарын жіберіп, айналасын абаттандырады. Айта кетерлігі, мұнда ауыл тұрғындарына жұмыстан кейін демалуға барлық жағдай жасалған. Жағалауға тапшан қойылып, ауланған балықтан сорпа пісіретін қазан-ошақ орнатылыпты.

Алғашқы жылдың нәтижесі жұмыстың тура жолға қойылғанын дәлелдеді. Балық өсіп, көбейіп, аулауға жарап қалды. Бірақ, күтпеген жерден көлдерде суқұзғын атты құс пайда болып, балықты іліп алып кетеді екен. Құс алып кететін жүздеген килограмм балық кәсіпкер үшін айтарлықтай шығын екені анық. Қазір құстарды үркітуге жағалауға арнайы қондырғылар қойылыпты. Бұл балықты құстан қорғаудың бір тәсілі болмақ.

«Табиғаты тамаша көлге келген адамның бойы сергіп, миы тынығады. Демалам деген адамға бұдан артық не керек? Ауыл тұрғындары көлге отбасымен келіп, демалыс күндері бос орын қалмайды», — дейді Салман.

Салман Амановтың жұмыс күні түнгі сағат 4-те бітеді. Өз ісін асқан сүйіспеншілікпен атқарған адам үшін істейтін іс те әрқашан табылып тұрады.

Кәсіпкер шаруашылығында жұмыс істейтін 30 отбасыға қарайласуды өзіне міндет еткен. Қызметкерлері үшін жұмысқа қолайлы барлық жағдай жасалып, тиісті жалақы, белсенді отбасылық демалыс қарастырылған.

С.Аманов ауылдастарының, туған-туыстарының сый-құрметіне ие болу үшін дұрыс іс-әрекет жасау маңызды деп біледі. Сондай-ақ, кейіпкеріміз әрбір адам қоғамның дамуына өз үлесін қосуы керек деген ойда.

Жасұлан СЕЙІЛХАН, Жамбыл облысы
04.10.2021

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 225
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 361
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 361
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 592
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 535

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9239
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8635
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11862
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9633
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10844