Көші-қонға да жаңа көзқарас, тың реформа қажет

Көші-қонға да жаңа көзқарас,  тың реформа қажет

Шетелдерде тұрып жатқан қазақтардың ХХ ғасырдың соңын ала, тарихи атамекені Қазақстанға бет түзеуі Кеңестер одағы ыдырамай тұрғанда басталғаны белгілі. Соңғы 30 жыл көлеміндегі көші-қон тарихын зерделеушілердің дерегі бойынша 1990 жылы Кеңес одағы мен Монғолия халық республикасы арасында жасалған «Еңбек келісімшартына» байланысты 1990-1991 жылдар аралығында 11800 қазақ (көбісі 20-25 жас аралығындағы азаматтар) Қазақстанға келіп түрлі салаларға жұмысшы болып орналасқан екен. Сондықтан бертінгі көші-қонның басталуын Кеңестер одағы мен МХР арасындағы мемлекеттік келісімдерден бастау керек дейді көзіқарақты азаматтар. Ал Қазақстан тәуелсіз ел ретінде шаңырақ көтергеннен кейін тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің әр түкпіріне шашырап кеткен қазақтарды елге шақырып үндеу жолдағаны белгілі. 

Ресми дереккөздерде бұл туралы мынадай мәліметтер кездеседі. «1991 жылы 18 қарашада Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысы және Қазақ КСР Жоғаргы Кеңесінің шешіміне сәйкес республиканың Министрлер кабинеті «Өзге республикалар мен шетелдерден Қазақстанға келіп, ауылшаруашылығында еңбек етуге тілек білдірген жергілікті ұлт өкілдерін көшіріп алу тәртібі мен жағдайлары туралы» қаулы қабылдады. Мұндай шешім шығарудың себебі, Қазақстан бұл кезде әлі оралмандарды қабылдаудың заңды мүмкіндіктеріне ие емес еді. Содан кейін-ақ өзге елдерден қазақ оралмандарын қабылдаудың заңды негізін анықтау туралы мемлекетаралық келісімдер жүргізу үшін қажетті заңды құжаттар даярлауға байланысты шым-шытырық жұмыстар басталды». Содан бергі уақытта көші-қон туралы талай қаулы, шешім, заңдар қабылданды. Яғни заңдық негізде бекіту жұмыстары үздіксіз кемеленіп келеді. Сондықтан да тәуелсіздіктен бері қарайғы уақытта атқарылған қыруар игі істердің қатарында шетелдерден елге оралып жатқан ағайындардың көші-қонын айтпай кетуге болмайды. 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Көші-қон комитетінің 2020 жылы 6 наурыздағы мәліметі бойынша 1991-2020 жылдар аралығында алыс-жақын шетелдерден 1 062,2 мың қазақ көшіп келген екен. Бұлардың негізгі бөлігі ҚХР, Өзбекстан, Монғолия және Ресейден көшіп келгендер еді. Жалпы көші-қон мәселесі өте ауқымды, стратегиялық маңызы зор тақырыптардың біріне жатады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл үрдістің жалғаса беретіндігін айтқан болатын. Алайда соңғы жылдары орын алған түрлі саяси жағдайлар және әлемді әбігерге салған пандемия кесірінен шетелдерден келетін қандастардың саны айтарлықтай азайып кетті. Дегенмен ғалымдардың болжамы бойынша 2022 жылдың сәуір, мамыр айларына қарай жұқпалы індеттің таралуы көрнекті дәрежеде төмендеп, адамдар қалыпты тіршілікке көше бастайды екен. Ендеше шекаралар ашылып, жұқпалы індеттің үрейі басылатын болса, қазақ көші қайтадан жандана ма деген сұрақ туындап отыр. Біз бұл жөнінде қандас ағайындарымыз көбірек шоғырланған елдерге үңіліп, сұрағымызға жауап табуға тырыстық.

 

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ, журналист:

Қытайдан көп болса, 50 мың қазақ көшіп келуі мүмкін

Қытайда ресми мәлімет бойынша 1,5 миллиондай қазақ бар делінген. Бейресми деректер бойынша шығыстағы көршіміздің аумағына кемінде 2 миллионға жуық қазақ бар деп айтылып жүр. Мемлекеттік мекемелердің мәліметі бойынша 1990 жылғы санақта қазақтардың саны – 1111718 адам, 2021 жылы 1462588 адам деп көрсетілген.  

Қазақстанға көшіп келген миллионнан астам қазақтың, 300 мыңнан астамы ҚХР-нан келгендер екен. Бұл бір жағынан қазақ елінің шетелдегі қандастарын тарихи отанына шақырған дұрыс саясатының жемісі болса, екінші жағынан Қытайдағы ағайындардың отаншылық рухының биіктігінен дер едім. Дейтұрғанмен көш жолында кедергілер аз болған жоқ. Қырық құбылған көші-қон саясаты – елім деп келген біраз қандасымызды шаршатқаны да жасырын емес. Әрине, бір ауылдан екінші ауылға қоныс аударсаң да әртүрлі қиыншылықтың болатыны секілді, Қытайдан көшіп келген ағайындарға бірден Қазақстанның елімен араласып, сіңісіп кету оңайға соққан жоқ. Менталитеттің айырмашылығын былай қойғанда, орыс тілді қоғамға «Тілім, дінім» деп келген қандастардың алғашында жатырқай қарағаны да шын. Асқынған жемқорлық пен парасыз жұмыс бітпейтін келеңсіз әдет те көшіп келген елдің көңіл күйіне кері әсерін тигізді. Кейбір отбасылар қаржылық жақтан қиындық көрді. Міне, осы сияқты үлкенді-кішілі түрлі себептерге бола аттың басын кері бұрғандар да кездесті. Олардың саны көп болмағанымен, қайтып барған бір отбасының, Қазақстанға қоныс аударғалы отырған мың түтіннің көшін тоқтатуға себеп болғанын көзіміз көрді.

2017 жылдан кейін Қытай билігі Шынжаңдағы қазақтардың төлқұжаттарын жинап алып, шетелге шығуына шектеу қойғаннан кейін Қазақстанға туысшылап және көшіп келетіндер сап тыйылды. Оған 2019 жылдың соңынан бастап, пандемия араласты да, Шынжаңнан Қазақстанға келетін жол мүлде жабылды. Қазір отбасынан бөлініп қалған адамдар ғана қыруар қаржы жұмсап, ішкі Қытайдың қалалары арқылы ұшып келіп жатыр.

Ал енді «Шекара ашылғаннан кейін Қытайдағы қандастарымыз Қазақстанға көшіп келе ме?» деген сұраққа келсек, Қытайдағы қандастарымыздың түп қопарыла көшіп келуі екіталай. Келсе отбасы екі елде бөлініп қалғандар мен «Қазақстанға қоныс аударам» деп ертерек дайындалып, шекара жабылғанда, көше алмай қалған ағайындар көшіп келуі мүмкін. Бірақ менің мөлшерімше олардың саны 50 мың адамнан аспайды. Оның да бір қанша түрлі себебі бар.

Біріншіден, пандемияның әсері. Қытайда 2019 жылдың соңында жұқпалы індет тарап, ел қиналып жатқан кезде Қазақстанда мамыражай мезгіл болды. Табалдырықтан аттап шыға алмай қалған Қытайдағы қандастар мұны көріп, «Шекара ашылса, көшеміз» деп бір қопаңдап қалды да, кейін Қазақстанда да індет ырық бермей кеткен кезде, «Қой мына елге барып бекер қырылады екенбіз» деп райынан тез қайтты. Яғни Қытайдағы қазақтар Қазақстанның емдеу-денсаулық сақтау жүйесіне сенбей қалды.

Екіншіден, Қазақстандағы саяси ахуал. Қаңтардағы оқиға шетелдегі қандастарға да қатты ықпал жасады. Ай мен күннің аманында қан төгіскен қазақтардың әрекетіне қарап, «Осы мемлекет ел бола ма, өзі?» деген күдік туды. Жемқорлыққа батқан биліктің тамырының шіріп тұрғанын да түсінді.

Үшінішіден, ғаламтор беттеріндегі Қазақстан жөніндегі желдей ескен жағымсыз ақпараттар да елдің жүрегін шайлықтырып, көңілін күпті етті. Соңғы кездері бұл елдегі кейбір әлеуметтік желілер Қазақстанда тараған жағымсыз ақпараттарды  іліп әкетіп, «Қазақстанда мынадай сұмдықтар болып жатыр...» деген сарындағы теріс насихат жүргізуді үдетті. Мұның артында «Қытайдан басқа елде ұжымақ жоқ» деген Қытайдың үгіт-насихаты тұрған болуы да мүмкін.

Төртіншіден, Қазақстандағы қазақ тілінің жағдайы да Қытай қазақтарына ой салды. «Қазақстанға қазақ болып қалу үшін барамыз дегенімізбен, барлық салада орыс тілі қолданыста екен. Ендеше, ол жаққа барып орыс болғанша, үйренген Қытайымызда жүре берейік. Басқа түскенін көреміз» дейтіндер көбейді.

Бесіншіден, әлемдік экономикалық дағдарыс Қытайға да үлкен ықпал жасады. Соның әсерінен зат бағасы қымбаттап, халықтың мойнындағы қарызы көбейді. Әсіресе, жайылымы тарылып, малы азайған ауылдағы қазақтардың көбі банкке байланып қалды. Ал ол қарызын қайтармай тұрып ешбір қазақ шетелге шыға алмайтыны белгілі.

Алтыншыдан, «Үш күннен кейін көрге де үйренеді» дегендей, 2009 жылдан басталған саяси қысымға елдің еті үйреніп кеткендей... Шыңжаң өлкесін қатал саясатымен қалтыратқан ПК-ның бірінші хатшысының жақында ғана биліктен кетуі, қазақтардың көңіліндегі «Өңірде саяси жағдай қайта жақсарады, бұрынғыдай мамыражай күн туады» деген үмітін күшейтті. «Көшіп барғанда жан баға алмай қаламыз ба, онан да шекара ашылса, бұрынғыдай барып келіп, жүрсек болды ғой» дейтін қандастар көбейді. Міне осы тұрғыдан алғанда, алдағы 5 жылда Қытайдан келетін қазақтың саны ары кетсе 50 мыңның төңірегінде болады деп ойлаймын. Одан көп болып жатса, қуанамыз.

 

Айгүл ЕРКІНҚЫЗЫ, журналист:

Жағдай оңалатын болса, қоныс аударушылар артатын шығар деп ойлаймын

Өзбекстанда 2021 жылғы статистика бойынша 820120 қазақ бар делінеді. Бұлардың көпшілігі Ташкент облысында, Қарақалпақстанда тұрады. Одан қалса Науаи, Сырдария, Жызақ облыстарын мекендейді. Дегенмен бұл өңірдегі қазақтардың көбі Қазақстанға қоныс аударып кетті де, кейбір облыстардағы қандастарымыздың саны азайып қалды. Ал үлкен қалаға жақын орналасқан, коммуникациясы, инфрақұрылымы жақсы дамыған Ташкент облысындағы қазақтардың қаймағы бұзылған жоқ. 

Халыққа білім беру министрлігінің 2021 жылғы мәліметі бойынша Республика бойынша 375 қазақ мектебі бар делінген. Бұл көрсеткіште бірыңғай қазақ мектептері мен аралас мектептер қоса есептелген. Онда 55 мың оқушы қазақ тілінде білім алады екен. Өзбекстандағы ұлттардың жағдайына қарай жеті тілде білім беретін мектептер жұмыс істейді. Барлығы ортақ бағдарламамен, бірыңғай оқулықтармен оқытылады. Айырмашылығы өзбек тілінде дайындалған оқулықтарды өзге тілдерге аударып оқытатындығы ғана. Соңғы жылдары қазақ сыныптарындағы оқушылардың саны азайғандығы байқалады. Соған қарамастан мемлекет барлығына бірдей қарап, оқушылардың ана тілдерінде білім алуына барынша жағдай жасап отыр. Ал қазақ сыныптарындағы оқушы санының азаюына келсек, оған ата-аналардың өз балаларының болашағы үшін мемлекеттік тілді еркін меңгеруін қалайтындығында деп ойлаймын. Мұнда барлығы өзбек тілімен өмір сүреді. Сондықтан мемлекеттік тілді білу әрбір адамның міндеті саналады.

Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогика университеті, Ташкент облыстық Шыршық мемлекеттік педагогика институты, Науаи мемлекеттік педагогика университеті, Гүлстан мемлекеттік педагогика университеті, Әжинияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогика институты қатарлы ЖОО-ларында Қазақ тілі және әдебиеті, Бастауыш білім беру, Мектепке дейінгі тәлім-тәрбие мамандықтары бар. Олардың барлығында қазақтың зиялы азаматтары оқытушылықпен шұғылданып жатыр. Сонымен қатар Өзбекстанның басқада ЖОО-ларда қызмет етіп жатқан қазақтан шыққан профессорлар, ғылым докторлары көптеп саналады.

Ақпарат саласы бойынша айтар болсам, мұнда Республикалық «Нұрлы жол» газеті, онан бөлек қазақтар қоныстанған аудандарда қазақ газеттері шығып тұрады. Электронды басылымдардың алға озуындай әлемдік үрдіске байланысты қазір газеттердің таралымдары азайып барады. Өзбекстан радиосында «Арайлы өңір» атты радио, мемлекеттік телеарнада «Дидар» бағдарламасы бар. Көптеген әріптестеріміз Журналистер бірлестігінің (Журналистер одағы) мүшесі. Олардың арасында Мемлекеттік наградалар алған қандастарымыз да баршылық.

Таяу жылдардан бері Өзбекстанның экономикалық өсімі артып келе жатыр. Үкімет халықты жұмыспен қамтамасыз етуге күш салуда. Бұған қоса шетелдік инвесторлар көптеп келіп, жұмыс орындарын ашуда. Жалпылай айтқанда қазіргі күні жұмыссыз жүрген адамдар аз. Бұл үрдістен осындағы қазақтар да шет қалып жатқан жоқ. 

Қазақстан туралы ақпараттарды жиі қарап отырамын. Қазақстанда шетелдерден көшіп барған қандастарға көптеген игіліктер қарастырылғандығы белгілі. Ішкі және сыртқы көші-қон саласына арналған мемлекеттік бағдарламалардың қабылданғанын оқып, біліп отырмыз. Қазақстан Президенті алдағы уақытта көптеген оң өзгерістер болатындығын айтып, сендіріп жатыр. Егер сол айтылып жатқан жоспарлары жүзеге асып, халықтың тұрмысында өзгерістер болса, атажұртқа көшетіндердің қатары молаятын да шығар... Өзбекстан жылы өлке. Сондықтан мұндағы ауа райына үйреніп кеткен адамдарды бірден Қазақстанның солтүстік бөлігіндегі суық жерлерге қоныстандыру жағы сәл ойландыратын мәселе. Онан кейінгі бір түйткіл – тіл мәселесі. Біздің Ташкент облысындағы қазақтар ана тілдерімен қоса өзбек тілін жақсы меңгерген, орысшаға шорқақтау келеді. Сондықтан Өзбекстаннан көшіп барған қазақтардың суық өңірге, орыс тілді ортаға бейімделу жағы қиындау болуы мүмкін. Меніңше шетелден барған қандастарды қоныстандыру жағында таңдау еркіндігін берген дұрыс деп ойлаймын.

Пандемияға дейін, «Отандастар» қоры шетелдегі қазақ балаларына арналған түрлі байқаулар ұйымдастырып, жеңімпаздарына Қазақстандағы демалыс орындарына жолдамалар беріп келді. Бір балам Қазақстандағы «Балдаурен» демалыс орнында болып қайтты. Өте жақсы әсермен оралды. Мұны айтып отырған себебім қазір әлеуметтік желіде Қазақстан туралы негативке толы ақпараттар өте көп. Қарапайым адамдар ондайға бірден сене кетеді. Мұндайда Қазақстан туралы теріс пікірді көкейлеріне тоқып алатыны белгілі ғой. Сондықтан «мың естігеннен бір көрген артық» дегендей, жастарға осындай шараларды көбірек ұйымдастырып отырса, келешекте атажұртқа қоныс аударғысы келетін және Қазақстандағы ЖОО-ларында білім алғысы келетін жастардың қатары артады деп ойлаймын.

 

Жалғасы бар

P.S: 

«Жаңа Қазақстанның бір тамыры шетелдерде жатыр. Сондағы  бауырларымыздың саны да қомақты. Әлі де олардың дені Атажұртқа оралуды аңсайды. Шынын айту керек, соңғы жылдары оларға қырын қарадық. Енді ол көзқарасымызды түбегейлі өзгертіп, көші-қонды жақсартатын реформа керек. Осы көкейтесті мәселеге бәріміз де атсалысайық, ағайын!

 

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
03.02.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 40
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 116
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 34
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 41
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 49
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 41
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 111
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 116
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 308
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 302
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 925

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8998
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8393
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11618
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9376
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10602