КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫ ТҮРКІ ЖҰРТЫНЫҢ РУХЫН АСҚАҚТАТТЫ

КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫ ТҮРКІ ЖҰРТЫНЫҢ РУХЫН АСҚАҚТАТТЫ

ЖАЛПЫ КОМАНДАЛЫҚ ЕСЕПТЕ ДАРА ШЫҚТЫҚ

Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары дәстүрлі этноспорт түрлерін және мәдени мұраны сақтап, дамытуға бағытталған ірі халықаралық спорттық шара екенін айта кеткен дұрыс. Себебі заман өзгеруде. Ұлттық құндылықтар жойылуда. Дәстүр сабақтастығы үзілуде. Осындай қысылтаяң кезде көшпенділер өркениетін сақтап қалу, түбі бір көшпенді түркі халқының ынтымағы мен салт-дәстүрін, спорттық ойындарын қайта жандандыру үлкен іс. Табанды еңбек нәтижесі. Заманында Еуразия кеңістігінде түркілердің атой салғаны тарихтан белгілі. Шығысы Сібірден, Батысы Қара теңізге дейінгі алып аумақты мекендеген халық мыңдаған жылға созылған Ұлы дала өркениетін қалыптастырды. Бүгінде осы бай құндылықтың мұрагері Түркітілдес мемлекеттер екені даусыз. Енді олардың арасындағы бірлік жалғаса берсе, ортақ құндылықтарын да насихаттауға мүмкіндік зор.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аяқталды: еліміз жалпыкомандалық есепте 1-орынды иеленді. Шүкір, тәубе дейміз.

8-13 қыркүйек күндері Қазақстан Астанасында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өткенін алдыңғы нөмірде жаздық. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында апта бойы  21 спорт түрінен сайыстар, «Көшпенділер ғаламы» этноауылында мәдени шаралар, ғылыми бағдарлама шеңберінде «Көшпенділер: тарих, білім, сабақтар» атты ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Дүбірлі додаға 89 мемлекеттен 2800-ге жуық спортшы қатысты.

«Қазанат» ипподромы маңындағы  этноауылда  100-ден аса мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Еліміздің барлық өңірінен жиналған өнерпаздар күнделікті концерттер, ауылшаруашылығы жәрмеңкелерін, көрме, айтыс сайысын өткізді. Белгілі фотожурналист Джимми Нельсон киіз үй ішінен фотостудия  құрды. Сондай-ақ, UNESCO, UNICEF, Alageum киіз үйлері тігілді.

21 спорт түрі  қамтылған сайыстар алты күн бойы 6 түрлі нысанда өтті: «Қазанат» ипподромы, «Арғымақ» спорт алаңы, этноауыл, Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Алау» мұз сарайы. 

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру дирекциясы әдепкіде этноспорттың 21 түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады деп жариялаған болатын. Шетелдік құрамалардың өтініші бойынша жарыс барысында дәстүрлі садақ атудан қосымша «пұт», «қалқан» және «жамбы» нысаналары бойынша қыздар сайысы қосылып, медаль жиынтығы 100-ге жетті. Қазақстан спортшылары 112 медальмен көш бастады. Оның 43-і алтын, 32-і күміс және 37-сі қола жүлде.

Екінші орынды Қырғызстан ойыншылары еншіледі. Қырғыз спортшыларының қоржынына 65 медаль түсті. Оның 19-ы  алтын, 21-і күміс және 25-і қола медаль.  

Медаль саны бойынша үшінші орынды Ресей спортшылары иеленді. 12 алтын, 12 күміс және 25 қола –  жалпы 49 медаль жеңіп алды.

Ойындарға қатысушылардың көбі – қазақстандықтар.  Елімізден 195, Қырғызстаннан 172, Ресейден 144  спортшы қатысты.

Қатысушылар мен қонақтарға 1600-ге жуық волонтер көмектескенін ерекше айтуға тиіспіз. 

Қазақстан бұған дейін 4 мәрте өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойынында 43 алтын алса, осы жолы 43 алтын иеленді.

Арқан тартыс және алыптар сайысы атты жаңа спорт түрлерінде спортшыларымыз жүлдеге таласты. Ат бәйгесі, мангала, бүркіт салу, теңге ілу, корэш, кураш, алыптар сайысы, бес асық,  жамбы ату (түркі стилі, Азия стилі) спорттарында бірінші рет чемпион атандық.

Qazsport телеарнасынан ең көп көрілген видеодан-ақ халықтың қай сайысқа ерекше құштарлық танытқанын білуге болады:

Бәйге сайысының финалы 64 мың қаралым жинапты.

Көкпар. Қазақстан – Өзбекстан 16:0 – 47 мың қаралым.

Көкпар. Қазақстан – Қырғызстан 5:4 – 39 мың қаралым.

КӨКПАРДА ОРЫН АЛҒАН ЖАНЖАЛҒА КІМ КІНӘЛІ?

Көкпар демекші, бас жүлдеге талас кезінде бауырлас екі елдің шабандоздары ренішке бой алдырды. Әрине, көкпар – эмоциясы көп сайыс. Бірақ бауырлас екі халықтың ұлттық ойындары жанжалмен біткені туысқандық қатынасқа сызат түсірмесе екен дейміз. Ашу-ызаға ерік берсек, ағайындық қайда қалады? Түркі жұртының ынтымағы бір көкпармен ырду-дырдуға айналса, өзгелер не демек? Той болғасын ағайын адамдар арасында түсінбеушілік болып жатады. Бұл жолғы жанжалды сондай әрекетке балай салғанымыз дұрыс болар.

Көкпар федерациясының құрметті президенті Айдарбек Қожаназаров V  Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында болған қазақ-қырғыз арасындағы жағдайға қатысты пікір білдірді: 

«Көкпар федерациясының құрметті президенті ретінде, бірнеше жылдан бері көкпардың дамуына үлес қосып жүрген азамат ретінде, кеше өткен финалдың куәгері ретінде қазақ-қырғыз арасындағы ақтық ойынға қатысты пікір білдірген дұрыс деп шештім.

Көкпар – нағыз батыр жігіттердің арасындағы бәсеке. Кейде аттың үстіндегі адамның эмоциясы доп қуған не боз кілемде алысып-жұлысқан спортшыдан басым түсіп жатады. Әр спорт түрінде ереже әртүрлі бұзылады. Көкпарда қамшысын сілтеп жіберсе, аса бір арызданатын жағдай емес. Жаппай көкпарда одан да қорқынышты кадрларды көріп жүрміз. Рас, бүгін ойында тәртіп бұзылды, төрешілер кеңесе келе тәртіп бұзған ойыншыға ескерту берді. 2 минутқа шетке шығарды. «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» дегендей, алаңдағы ала шаң сол жерде қалуы керек. Бұл әуелден көкпардың жазылмаған ережесі. 

Екіншіден, төрешінің айтқаны – заң! Мейлі қандай спорт түрін алсақ та, спортшы онымен салғыласпайды. Шамдануы мүмкін, келіспей сұрау салуы мүмкін, бірақ тулап, әдептен аттамайды. Әдемі ойын көрсетейік деген жерде, төрешіні тыңдау парыз. Әлемдік деңгейдегі кез келген спортта төрешіге бағынбау, құрметсіздік көрсету деген атымен жоқ.

Үшіншіден, саған құрмет көрсеткен жерде оған жауап ретінде ілтипат білдірсе қандай жарасымды! Іштегі отың күйдіріп сөнбей жатса, мойныңдағы медальді алып тастай бер. Түріңді тыржитып, теріс қарап тұрсаң да қабылданады. Бірақ қонақ қылып шақырып, жағдайыңды жасаған, ағайын деп ардақтаған, жүлдесін қолыңа ұстатып, арқаңнан қаққан мемлекеттің әнұраны ойнағанда бір сәтке сабыр етіп, елдік мүддені жоғары қою – әр спортшыға қажет қасиеттің бірі.

Сөз жоқ, қырғыз көкпаршылары тәуір дайындалған. Аттарын шебер баптаған. Бірақ қазақтың көкпаршылары анық басым түсті. Қырғыздар ойын алаңында 10 салым саламыз десе, біреу оған кедергі жасады ма?! Керек десе екі жақ тең түсіп, қосымша уақыт та берілді. Қосымша уақыт берілмей, «Қазақстан басым түсті» десе, ортаға қамшыны ең бірінші мына мен тастар едім. Құдайшылығын айтайық, Қазақстанның Ұлттық құрамасы таза жеңді! Алысты, жұлысты, бірақ ұтты! Жалпы дала ерлері үшін жеңілгенін мойындау да ерлік! Басқа артық сөз жоқ!

Екі мемлекеттің татулығы мен достығы кез келген ойынның нәтижесінен қадірлі. Бүгін қазақ жеңсе, ертең қырғыз ұтады. Ымыра мен ынтымақты ойласақ, әлі талай көкпар тартамыз. Қайта қазақ пен қырғыз секілді мықты қарсылас шықпаса, көкпарда сән болар ма еді? Осыншама жанкүйер жиналып, қиқулап тік тұрып тамашалар ма еді?! Ашығын айтқанда, бізден басқа кімге керек бұл ойын? Серкені ілеміз деп жүріп сыйымызды кетіріп алмайық. Қандай ғасыр, қандай заман келсе де, қазақ пен қырғызға тек бауырмалдық жарасса керек!». 

Осымен бұл дауға нүкте қоялық. 

ҰЛТТЫҚ РУХЫМЫЗ БИІКТЕП, КӨК ТУЫМЫЗ КӨККЕ ӨРЛЕЙ БЕРСІН!

 Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса: «Дүниежүзілік көшпенділер олимпиадасы көк түріктік рух – қазақтың ұлттық рухын көтеріп кетті. Алдымен ашылуындағы ғұндар мен сақтардан, көк түріктер мен Алтын Орда, Қазақ хандығынан,  Аттила, Томирис, Күлтегін-Тоныкөк, Шыңғыс хан-Жошы хандардан тартып, Қазақ Елінің Көк туы көкте желбіреуіне дейінгі күшті көріністер рух тербеді! Қалың халықтың рухтанып, дүр сілкінгенін көргенде осындай дүбірлі шаралардың маңызы зор екеніне көзің жетеді.

Көшпенділер ойыны  көшпенділердің қарашаңырағы – Қазақ Еліне – Ұлы дала төсіне жетті! Көк түріктен көктеген көк тулы Қазақ Елінде Көшпенділер олимпиадасы дүрілдеп өтуде.

Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ең шырқау шегі – «Қазанат» атшабарындағы көкпардың ақтық сайысы қазақ-қырғыз тартысы болды! Арқа төсіндегі алып атшабардағы айқай салған аттан мен ұран аспан астындағы ақша бұлттардың өзін желпіп жіберіп жатты… Дәл бұндай айқайы күшті ұранды  Бразилиядағы футболдан өткен әлем чемпионаты да көрген жоқ шығар…

Қазақ-қырғыз көкпары нағыз шайқас болды! 

Қазақтар секілді ат жалында ойнап өскен қырғыздарың да нағыз көкжал көкпаршылар екен! Ойынның негізгі уақыты тең болып аяқталды. Бірінші таймда 3:1 есебімен жеңіліп тұрған қазақтар екінші таймда 4:3 есебімен жеңіп тұрғанда, соңғы секундтарда қырғыздар есепті теңестіріп үлгерді! Бұл үшін қандай жанкештілік, қандай рух керек десейші!?

Дегенмен, Көк түріктен көктеген Көк тулы ел – Көшпенділер қарашаңырағы – Қазақтар бәрібір басымдығын көрсетті. Қосымша уақыттағы ойында бірінші болып, қазақ батыры Құрбанбек Тұрғанбек Жеңіс салымын – Алтын салымды салып үлгерді...

...Атшабардың да орналасқан жері керемет екен! Қарсы алдыңда  тұлпарлардың құйғытуы, шабандоздар көк туды желбіретіп шауып бара жатқанда көкшіл күмбездері көз тартқан көк мешіттің көрініп тұруы керемет көз тартатын көрініс! Ұлттық рухың биіктеп, ұрандап кеткеніңді өзің де сезбей қаласың...

...Ал Дүниежүзілік көшпенділер ойынына кеткен шығын ұлттық рухтың дүр көтерілуімен ақталып тұр!

Тағы бір айтарымыз, түйе көтерген, темір илеген  Темір Сыпатай балуанымыз бастамашы болып жүрген «Толағай-Алыптар айқасын» Көшпенділер ойынына қосуға сол кездегі Спорт министрі Ермек Маржықпаевқа айтып жүріп, өзіміз үлес қосып едік. Елімізге 18 елден алыптар келіп, дүрілдеген сайыс өтті. 180 келілік алыптар келгенде көпсайыстан алтынды Түркістан облысының баһадүрі  Азамат Мақұлбек жеңіп алғаны керемет болды!

Дүниежүзілік көшпенділер ойынының даңқы әлемге тарап жатқаны қуанышты!

 

V ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫ ДҮРКІРЕП ӨТТІ, КӨҢІЛГЕ НЕ ТҮЙДІК?

Қазақ атамыз «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деп бекер айтпаған. Себебі той өтеді, артында түрлі әңгіме, әпсана, аңыз қалады.  Түрлі пікірлер айтылады. Сандаған болжамдар жасалады. Соның нақты бір көрсеткіші – V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны. 

ФБ парақшасында  «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тұрар Сәттарқызы Шәкен былай жазды: 

«Бір аптаға созылған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары да бітті.  «Ұлы дала дүбірі» деген атына заты сай болды. Ұлы даланың дүбірі рухани сусап жүрген қазаққа рух берді, адаспас үшін, азып-тозбас үшін,  ұлт болып қалуы үшін, өзінің түп-тамырына оралу қажеттігін сездірді. 

Бүгінгі қазақ еліндегі барлық мәдениеттердің тоғысқан, қойыртпақ мәдениеті емес, тарихы терең қазақ мәдениеті керек екенін көрсетті. Қазақтың құндылығы ешкімнен кем емес екенін, мақтан тұту керектігін ұқтырды.

Өзгенікін зор, өзіміздікін қор санайтын, ҚАЗАҚ болудан ұялатын, ҚАЗАҚЫЛЫҚТЫ менсінбейтін, «мәмбетский, ауылбайский» санайтын бәзбіреулердің қазақ екенін есіне түсіртті.

Тіпті бұған дейін «қазақылық не керек, ауылбайский, қазақбайский, мәмбетский, ХІХ ғасырға тартасыңдар» деп жүргендердің өзі оянып,  «көшпенділер ойыны этниканы күнделікті тұрмысқа енгізу қажеттілігіне деген сенім берді», – деген пост жазып кетіпті. Өзім шок болдым. 

«Бұрын ұлт құндылығы жайлы бір ауыз сөз айтпайтындардың не айтуға қорқатындардың не қазақылықты менсінбейтіндердің өзі шапан киіп, рухы оянып, «Тасып  жатыр бойда батыр рух» деген әндермен рилс шығарып жарысып кетті. 

«Шіркін-ай, 1 апталық Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде «рухы оянғандар»,  енді қайтадан қалың ұйқыға кетіп қалмаса екен, осы қызумен, ұлт құндылығын ұлықтап кетсе екен-ау!» – деп тілеп жүрмін. 

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны нені көрсетті? Біздің еліміз алыс-жақын туристерге тартымды бола алатынын және ол үшін ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ зор мүмкіндік бар екенін, елімізге жан-жақтан ағылып келген  шетелдіктерді жылтыраған жаңа ғимараттар мен еуропалық мәдениет емес, ҚАЗАҚТЫҢ этникалық ерекшеліктері қызықтыратынын көрсетті.

Шетелдік қонақтар ұлттық киімімізді көріп «Қай елден келдіңіздер? Киімдеріңіз қандай әдемі! Естелікке суретке түсейік» деп бізге таңғала қарап жатты. Айтпақшы, небір елдің туристері елдеріне бізбен түскен суреттерін әкетті.

Еліміздің түпкір-түпкірінен келген музей жәдігерлері, алтын қолды зергерлеріміздің, этнодизайнерлеріміздің, қолөнершілеріміздің қолынан шыққан, ғажап туындылар Астана төрінде, бір жерде жиылды. Халық өз көзімен көріп тамашалап, тарихи тамырына бойлай алды. Өзінің ұлтының жауһар өнерін көріп кеудесін мақтаныш сезімі кернеді.

Ұлттық ойындарын, ұлттық өнерін өзге де, өзіне де көрсете алды.

Жастарымыз бұрын-соңды көрмегенін көрді, білмегенін білді. Таңғалды.

Ұлт құндылығы деген осы екен, біз ешкімнен кем емес екенбіз деген сезім пайда болды. Бұл жастарымыздың бойында отаншылдық, намыс сезімін сіңіру үшін күнде керек екенін неше жылдан бері айтып келеміз. Осындай тұрақты жұмыс істейтін этноауылдар керек.

Көшпенділер ойындарында рухы оянғандар, қайта ұйықтап қалмаңдаршы, қазақ қазақтығын сақтау үшін  ұлттық құндылық күнде керек, ұлттық құндылықты дәріптеушілер мен қолөнершілер енді наурызда ғана қажет болар демеңіздерші! 

Дүниежүзілік көшпенділер ойынында оянған рухпен, қызды-қыздымен Астананың төрінде ұлттық құндылықтар орталығын ашып тастаңыздар.

МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ТОЛҒАМЫ

Астана қаласы мәслихаты төрағасы Ерлан Каналимов өзінің Facebook-тегі парақшасында мынадай жазба қалдырды. 

«V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте бірінші орын алды. Біздің қоржында 114 медаль: 44 алтын, 33 күміс және 37 қола. Ойындарға дайындалу барысында бірнеше ай бойы тынымсыз еңбек етілді, мыңдаған адам бұл шараны өткізуге атсалысты. Бүгін мен өз үлесін қосқан барлық адамдарға жеке алғысымды білдіргім келеді – коммуналдық қызметкерлерге, энергетиктерге, «Астана Тазалық», «Астана Зеленстрой» қызметкерлеріне, тәулік бойы кез келген ақауларды жоюға дайын жедел әрекет ету бригадаларына үлкен рақмет!» – деді Е.Каналимов. 

Сондай-ақ, ол тәртіп сақшыларына, құтқарушылар мен медицина қызметкерлеріне ерекше алғыс айтты. 

«Сіздердің арқаларыңызда ойындар келеңсіз жағдайларсыз өтіп, халықтың ықыласына бөленді. Қалалық және аудандық әкімдік қызметкерлеріне, ойындарды ұйымдастыру дирекциясы мен жұмыс штабына, құрылыс компаниялары мен кәсіпкерлерге, авто және такси парктеріне жеке ризашылығымды білдіремін. Сіздердің еңбектеріңізге баға жетпейді, барлықтарыңызға табыс, отбасылық бақыт, денсаулық және бар жақсылықты тілеймін!» – деді ол.

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
18.09.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 19
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 564
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 679
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 591
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 602

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8736
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8138
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11367
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9120
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10351