Ұлы Жібек жолы ертеде халықаралық қарым-қатынасты дамытуға ерекше үлес қосты. Оның қазақ жерінен өткенін және сол арқылы елімізде бірнеше сауда жолдары қалыптасып, дамығанын тарихтан жақсы білеміз. Айтайын дегеніміз, қазақ халқы VI-VIII ғасырларда алғаш рет күміс, алтын теңгелерді соға бастады. Ол теңгелер жергілікті саудада ғана емес, халықаралық саудада да кеңінен қолданылған. Бүгінде мұндай тиындардың бірқатарын Сайрам ауданындағы тарихи-өлкетану музейінен көруге болады. Аталмыш музей қызметкерлерінің айтуынша, олар күмістен жасалған. Қазақ хандары өз аттарынан тиын соқпаған. Тек Тұрсын Мұхаммед Бахадүр хан Ташкентте өз атынан күміс теңге шығарған екен. Орта ғасырда Қарлұқ қағанатының, Қарахан мемлекетінің, Алтын Орда және Қазақ хандығы секілді хандықтардың өз ақшалары болған. Оған қола, мыс, күміс, алтын металдар пайдаланылған. Мыстан жасалған тиындар «фельс», «фулус», «пул» деп аталған. Ал, күмістен жасалған тиындарды – «дирхам», алтыннан жасалған тиындарды «динар» деген. Кейбір хандықтарда әртүрлі себептерге байланысты күміс тапшы болған уақытта оның орнына мыс қолданылған. Оның сыртына күміс жағып, күміс дирхам ретінде айналымға енгізген. Ал, Әмір Темір мемлекетінде алтын тиындар мүлде болмаған деседі. Есесіне, күміс теңгенің түр-түрі соғылған екен.