Бағаны реттеу инвесторларға тұсау бола ма?

Бағаны реттеу инвесторларға тұсау бола ма?

Иә, мемлекет әзірге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері мен жанар-жағармай бағасын бақылауда ұстап отыр. Десек те сарапшылар сәуір айынан бастап елде қымбатшылық болатынын айтып, ескертуден кенде емес. Яғни, халықтың нақты табысы азайып, инфляция қарқынына төтеп бере алмай келеді. Еліміздегі жанар-жағар май бағасының күн сайын өсіп бара жатқаны жұртшылықтың қалтасына айтарлықтай салмақ салғаны жасырын емес. Бірақ бағаны көтерудің де бірнеше себебі бар. Осыған байланысты біз Атырау облысына арнайы жұмыс сапарымен келген «ENERGY MONITOR» қорының директоры, мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұловпен әңгімелескен едік.

 

Еркіндік болмаса, бизнес өркендемейді

 

– Нұрлан Атымбекұлы, экспорт пен ішкі нарық арасындағы баға алшақтығын сақтай беру арқылы мемлекет қысқа мерзімді әлеуметтік тұрақтылықты қорғап отырғанымен, ұзақ мерзімде мұнай-газ саласындағы инвестицияны, инфрақұрылым дамуын және энергетикалық қауіпсіздікті құрбан етіп отырған жоқ па? Егер солай болса, бұл тығырықтан шығудың нақты әрі іске асатын балама жолы бар ма?

– Бүгінде елімізде экспорттық және ішкі нарықтағы баға арасындағы айырмашылық өте жоғары. Бұл әдейі қалыптастырылған, себебі мемлекеттің басты мақсаты – халықты арзан жанар-жағармаймен және энергия ресурстарымен қамтамасыз ету. Мәселен, мұнай өнімдерінің экспорттық бағасы тоннасына 130–140 мың теңгеге дейін жетсе, ішкі нарықта ол шамамен 100 мың теңге деңгейінде ұсталып отыр. Бұл – әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін жасалған шешім.

Алайда дәл осы саясат инвестициялық тартымдылыққа кері әсерін тигізіп отыр. Экспорт пен ішкі нарық арасындағы екі есеге жуық баға айырмашылығы – Қазақстанда жаңа мұнай немесе газ өңдеу зауыттарының салынбауының негізгі себептерінің бірі. Инвестор үшін ішкі нарық экономикалық тұрғыдан қызық емес, себебі баға шектелген, ал пайда маржасы жоқтың қасы. Экспортпен салыстырғанда ішкі нарық «премиум» саналмайды және ұзақ мерзімде инвестицияның қайтарымын қамтамасыз етпейді.

COVID-19 кезеңінде бұл мәселе айқын көрінді: логистика бұзылып, отын жеткізуде қиындықтар туындады. Кейбір өңірлерде жанар-жағармай тапшылығының себебі – өндірістің жетіспеушілігі емес, тасымал мен инфрақұрылымның әлсіздігі болды. Теміржол саласында локомотив тапшылығы, әсіресе күзгі егін жинау маусымында, мұнай өнімдерін оңтүстік өңірлерге дер кезінде жеткізуге кедергі келтірді.

Осыған қарамастан, мемлекет отын бағасын ұстап тұру үшін қатаң реттеу шараларын қолданды. Былтыр дизель отыны мен бензин бағасына мораторий жарияланып, бағалар бірнеше айға бекітілді. Бұл шара инфляциялық қысымды уақытша төмендеткенімен, нарықтағы инвестициялық белсенділікті тежеді. Баға еркіндігі болмаған жағдайда, бизнес өндірісті кеңейтуге немесе жаңа жобаларға қаржы салуға мүдделі болмайды.

Әсіресе автогаз нарығында бұл қайшылық айқын байқалады. Қазақстанда сұйытылған газдың ішкі бағасы шамамен 59 мың теңге деңгейінде реттеліп отыр – бұл әлемдегі ең арзан бағалардың бірі. Ал экспорттық нарықта пропан-бутан қоспасының бағасы 450–500 АҚШ доллары шамасында. Мемлекет ішкі сұранысты қамтамасыз ету үшін өндірушілерді газды өзіндік құнынан төмен бағамен сатуға мәжбүрлеп отыр.

Нәтижесінде, автогаз тапшылығы қалыптасуда. Солтүстік және шығыс өңірлерде газ құбыры жоқ болғандықтан, тұрғындар мен кәсіпорындар сұйытылған газға тәуелді. Алайда мемлекеттік саясатта автокөлік иелеріне басымдық беріліп, тұрмыстық тұтынушылар екінші кезекке ысырылып қалды. Бұл әлеуметтік әділеттілік және энергетикалық қауіпсіздік тұрғысынан да сұрақтар туғызады.

Қазақстанда экспорт пен ішкі нарық арасындағы баға теңгерімі қайта қаралмайынша, мұнай-газ саласына ауқымды инвестиция тарту қиын. Мемлекет әлеуметтік міндеттерді орындау мен нарықтық экономиканың талаптары арасында нақты, ұзақ мерзімді баланс табуы тиіс. Әйтпесе, арзан бағаны ұстап тұру саясаты энергетика саласының дамуын тежеп, болашақта одан да күрделі тәуекелдерге алып келуі мүмкін.

 

Төртінші мұнай өңдеу зауыты қайда салынады?

 

– Ал елімізде төртінші мұнай өңдеу зауытын салу туралы не айтасыз? Бұл да тапшылықтың алдын-алудың бір жолы емес пе? 

– Қазіргі таңда Қазақстандағы үш ірі мұнай өңдеу зауыты елдің ішкі сұранысын толық қамтамасыз ете алмай отыр. Осыған байланысты мұнай өңдеу қуаттарын ұлғайту немесе төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі күн тәртібіне қайта шықты. Жоспар бойынша жаңа зауыт Жезқазған өңірінде, Қазақстан-Қытай мұнай құбырының маңында салынуы мүмкін деген ұсыныстар айтылуда.

Сондай-ақ, Шымкент мұнай өңдеу зауытын кеңейту жобасы да қарастырылған. Қазіргі 6 млн. тоннадан 12 млн. тоннаға дейін арттыру көзделгенімен, бұл бағытта бірқатар кедергі бар. Атап айтқанда, зауыттың 50 пайызына иелік ететін қытайлық инвесторлар қаржы салуға дайын екенін мәлімдегенімен, басты мәселе – шикі мұнай тапшылығы болып отыр. Өйткені соңғы жылдары Маңғыстау өңіріндегі мұнай өндіру көлемі төмендеп келеді, ал Қашаған мен Теңіз жобаларына деген үміт те ұзақ мерзімді келісімдер мен күрделі шарттарға байланысты.

Теңіз кен орны бойынша келісім-шарттың мерзімін ұзарту мәселесі 2028 жылға дейін талқыланып жатыр. Алдағы бес жылда мемлекет пен операторлар арасында ішкі нарықты «қара алтынмен» қамтамасыз етуге қатысты нақты міндеттемелер айқындалуы тиіс. Сарапшылардың пікірінше, ірі өндірушілер өз мұнайының белгілі бір бөлігін міндетті түрде ішкі нарыққа бағыттауы қажет.

Инвесторлар үшін басты тежеуші фактор – бағаны мемлекеттік реттеу және экспорттық шектеулер. Толыққанды жаңа мұнай өңдеу зауыты кемінде 4 млрд. АҚШ долларын талап етеді, ал мұндай инвестицияның қайтарымы тек еркін нарық жағдайында, яғни экспортқа шығу мүмкіндігі болғанда ғана қамтамасыз етіледі. Бағаға ұзақ мерзімді шектеу қойылған жағдайда, ешбір инвестор 30 жыл бойы ақшасының қайтуын күтуге дайын емес.

Біздің елде шамамен 25 шағын мұнай өңдеу нысаны бар, алайда олардың жартысы қазіргі уақытта жұмыс істемейді. Бұл зауыттар негізінен барлау немесе техникалық мақсаттағы өнімдер шығарады және сапалы бензин өндіруге қауқарсыз. Сондықтан олар ішкі нарықтағы жанар-жағармай тапшылығын шешуге айтарлықтай үлес қоса алмай отыр.

Мұнай өңдеу саласын дамыту үшін мемлекет тарапынан ұзақ мерзімді, түсінікті және тұрақты саясат қажет. Инвесторлар кемінде 5-10 жылға арналған нақты ережелер мен кепілдіктерді көрмейінше, ірі жобаларға қаржы салуға тәуекел етпейді. Ал мұндай шешімдер қабылданбаса, төртінші мұнай өңдеу зауыты да, қолданыстағы зауыттарды кеңейту жобалары да қағаз жүзінде қалуы мүмкін.

 

Газ тапшылығын қалай шешеміз?

 

– Мемлекет ішкі газ тапшылығын шешу мен стратегиялық энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету үшін қандай нақты, ұзақмерзімді шешімдер қабылдауы қажет?

– Бастапқыда Қазақстан жылына шамамен 89 млрд текше метр газды экспортқа бағыттап келген. Атап айтқанда, Қарашығанақ кен орнынан өндірілген шикі газ Ресей арқылы өңделіп, кейін бір бөлігі қайтадан Қазақстанға жеткізілетін. Бұл схема сол кезеңде тиімді саналды, себебі Ресейде газды өңдеу инфрақұрылымы жақсы дамыған, сұраныс жоғары әрі логистика қалыптасқан болатын.

Алайда уақыт өте келе осы модельдің әлсіз тұстары айқындала бастады. Қазақстан өз газын арзан бағамен сыртқа шығарып, кейін қымбатқа қайта сатып алатын жағдайға түсті. Мысалы, Қарашығанақтан алынатын шамамен 8 млрд. текше метр шикі газды бірлескен кәсіпорындар сатып алып, оны өңдеуге жібереді. Бұрын оның бір бөлігі Еуропаға экспортталса, енді негізгі көлемі ішкі нарыққа қайта бағытталуда.

Бүгінде Қазақстанның ішкі газ тұтынуы 22 млрд текше метрге жуық (оның ішінде жұртшылық пен коммуналдық сектор бар – авт.), ал өнеркәсіп пен өзге тұтынушыларды қосқанда жалпы сұраныс 27-28 млрд текше метрге жетіп отыр. Газдандыру қарқынының артуы, жаңа өндірістік кәсіпорындардың іске қосылуы бұл сұранысты жыл сайын өсіре түсуде.

Сондай-ақ, елде өндірілетін газдың едәуір бөлігі – ілеспе газ, оны өндіру мен өңдеу күрделі әрі қымбат. Қазіргі жағдайда мемлекет газды ішкі нарықта субсидияланған төмен бағамен сатып алуға мәжбүр. Бұл фактор инвесторлар үшін негізгі тежеуші себептердің біріне айналды. Мысалы, Қашаған жобасында газды өңдеудің экономикалық негізделген бағасы 1000 текше метр үшін 130-135 АҚШ доллары деңгейінде болса, кейбір өңдеу зауыттарында бұл көрсеткіш 80 доллар шамасында ғана ұсынылады.

Ал салыстыру үшін айтсақ, Қытай шекарасындағы экспорттық газ бағасы 230-240 АҚШ доллары деңгейінде. Логистика шығындарын есептегеннің өзінде экспорт әлдеқайда тиімді. Алайда Қазақстанда газды сатудың балама нарықтары шектеулі, негізгі ірі сатып алушы – Қытай ғана. Соған қарамастан, ішкі нарықтағы баға саясаты инвесторларға газ инфрақұрылымын дамытуға ынта бермей отыр. Бұл жағдайдың салдары айқын. Қазақстан газ импорты бойынша Ресейге тәуелді бола бастады. Газ өңдеу зауыттары мен жаңа газ жобалары жеткілікті деңгейде дамымай отыр. Мемлекет ішкі нарықты ұстап тұру үшін бағаны субсидиялауға мәжбүр.

Сонымен бірге, «ҚазМұнайГаз» бен қытайлық серіктестердің күшімен салынған газ өңдеу зауыты шамамен 4 млрд долларлық жоба – сала үшін оң үлгі бола алады. Бұл жобалар газ тапшылығын азайтып қана қоймай, энергетикалық қауіпсіздікті күшейтеді.

Қазақстан газ саласында стратегиялық шешімдерге келуі тиіс. Баға қалыптастырудың ұзақ мерзімді, ашық және нарыққа жақын тетігі болмайынша, инвесторлар жаңа газ жобаларына қаржы салуға дайын емес. Ал газдандыру қарқыны мен ішкі сұраныс өсіп келе жатқан жағдайда, бұл мәселені кейінге қалдыру елдің энергетикалық тәуелсіздігіне тікелей қауіп төндіреді.

 

«Оңай мұнайдың» дәуірі өтті

 

– Күндердің-күнінде «қара алтын» қоры таусылатыны анық. Қазірдің өзінде геологтар мұнайды тереңнен өндіру мәселесін жиі қозғап жүр...

– Қазақстанның мұнай-газ саласында ғылыми және өндірістік тұрғыдан пайдаланылмаған әлеует айтарлықтай жоғары. Әсіресе Атырау өңірі мен батыс аймақтарда қолданыстағы инфрақұрылым шегіне жетіп отыр. Қазіргі таңда ірі кен орындарында өндірілетін мұнайдың бір бөлігі өңдеусіз қалып, жылына 10 млн тоннадан астам көлем экономикаға толыққанды әсер етпей отыр. Бұл – өңдеу және сақтау қуаттарының жеткіліксіздігінен туындаған жүйелік мәселе.

Инвесторлардың белсенділігін төмендететін тағы бір фактор – салық пен реттеу саясаты. Мұнай-газ компаниялары өнім өндірмей тұрып-ақ бірқатар салықтарды төлеуге міндетті. Ал ішкі нарықта баға шектеулі болғандықтан, инвестицияның қайтарымы белгісіз. Сондықтан ірі өңдеу немесе сақтау жобаларына жеке сектордың қызығушылығы төмен. 

Ұзақ мерзімді жоспарда елдегі көмірсутек қоры табиғи түрде азаятыны анық. Кейбір ірі кен орындарында өндіріс 2040 жылдардан кейін төмендей бастайды деген болжам бар. Осыған байланысты Энергетика министрлігі терең қабаттарды барлауға арналған жаңа аукциондық модельді енгізді. Бұл модель 3-6 мың метр тереңдіктегі күрделі геологиялық құрылымдарды игеруге бағытталған және инвесторларға бірқатар салықтық жеңілдіктер ұсынады.

Мұндай жеңілдіктерге экспорттық баждан босату, ішкі нарыққа жеткізілетін өнім көлемін икемді реттеу, барлау-бұрғылау жұмыстарына салықтық демалыс беру жатады. Себебі бір ғана терең ұңғыманың құны 50-100 млн АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін, ал бұрғылау мерзімі кейде бір жылдан асады. Бұл – жоғары тәуекелді, бірақ стратегиялық маңызы бар инвестициялар.

Газ саласында да ұқсас жағдай қалыптасқан. Қазақстан жылына шамамен 60 млрд. текше метр газ өндіреді, алайда оның жартысынан астамы пласт қысымын сақтау үшін қайтадан жер қойнауына айдалады. Тауарлық газ көлемін арттыру үшін міндетті түрде газ өңдеу зауыттарын салу қажет. Қашаған жобасында да газ өңдеу қуатының шектеулі болуы өндірістің өсуіне кедергі келтіріп отыр.

Қазіргі таңда газ өңдеу зауытын салу бойынша кемінде 1 млрд. долларлық инвестиция талап етіледі. Бұл бағытта катарлық және басқа да шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Алайда негізгі түйін – газды өңдеп, ішкі нарықта немесе экспортта тиімді сату үшін нақты әрі тұрақты мемлекеттік саясаттың болмауы. Қорытындылай келе, Қазақстан мұнай-газ саласында ғылыми, өндірістік және инвестициялық әлеуетке ие. Бірақ бұл әлеуетті іске асыру үшін өңдеу және сақтау инфрақұрылымын дамыту, газды терең өңдеуге көшу, ұзақ мерзімді салықтық және тарифтік тұрақтылықты қамтамасыз ету, тәуекелі жоғары жобаларға арналған арнайы ынталандыру тетіктерін енгізу қажет. Осы шарттар орындалмайынша, көмірсутек ресурстарын тиімді игеру және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз   ету күрделі мәселе болып қала береді.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Әңгімелескен – А. ХАМИТТЕГІ 

Атырау облысы

02.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24155
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23826
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41296
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37210
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41503