Күншілдік талай қазақтың түбіне жеткен

Күншілдік талай қазақтың түбіне жеткен

Іштарлық пен қызғаншақтықтан көріп келе жатқан жақсылығымыз шамалы. Оның бергі жағында көреалмаушылық пен күншілдік секілді індеттің санамызға сіңіп, бойымызды билеп алғаны да жасырын емес. Өмірдің бәйгесінде сыналатын шақтарымыз, додаға түсіп, қабілет-қарым көрсететін кездеріміз болады. Сол бәйгелерде мерей асырып, жетістікке жетіп, ел-жұртының атын шығарып, төрткүл дүниенің төрінде төбе көрсетіп жатқан дүлдүлдер мен саңлақтарымызға шын қуана білуден артық не болуы мүмкін? Кейде қызғаныштың қызыл иті ішімізде ұлып, жасындай жарқыраған жанның табысына ортақтасудан шет қалып жататынымыз неліктен? Қайта рухани дем беріп, қуанышымен бөлісіп, ыстық ықыласымызды арнап, неге шат-шадыман болып жүрмейміз?

         

   «Бәрекелді! Мақсатыңа жет» деу қиын ба,

ағайын-ау?..

 

Жастық шақтан дүбірлі бәсекелерге қосылып, бақ сынаған сәттер аз болған жоқ. Еншімізге тиген сол бәйгелердің бел ортасында бағың жанып, мәртебең артып, дүйім жұртыңның алдында еңсеңді жоғары ұстап, тек биіктен бой көрсете білгенің қандай ғанибет! Күрестерде шыңдалып өстік, ата-анаң мен ұстаздардың тәлім-тәрбиесімен бойымызды тіктедік, арман еткен биіктерге көтерілдік. Сол бір мазасыз шақтарда жаныңа демеу болып, жөн-жоба көрсетіп, жігер беретін адамыңды іздейсің. Ақ пейілді адамдардың ақжарма тілегін, жылы сөзін, ыстық лебізін естігің келеді.

Қолыма аттестат алған тұстағы мына оқиға әлі күнге дейін көз алдымда. Мектеп бітіріп, үйдегі ата-анамды қуантуға алып-ұшып келе жатқанда қарсы алдымнан Әзімбай ағам ұшырасты. Ол Жамбыл технологиялық институтының студенті болатын. Оқу бітіргенімді, үлкен өмірге жолдама алғанымды айттым. Ол қандай оқуды таңдағанымды сұрады. «КазГУ-ге баратын шығармын» дедім жайбарақат. Ол маған таңдана қарап: «Сен мүмкін МГУ-ге баратын шығарсың?» деді мені мұқатқандай болып. «Шамаңа қарамайсың ба, КазГУ сенің не теңің?» деген ойдың қылаң бергенін түсіне қойдым. Мен де қарап қалмадым. «МГУ дегенің бер жағы ғой, мен Кембридж, Оксфорд университеттеріне барамын. Сол кезде қолымды қысарсың», деп жалт бұрылдым. «Мұратыңа жет, жолың болсын!» деген сөзін қимай іштарлық танытқан қызғаншақ ағама кіжініп, намыс оты қанымды қайнатты. Өзімді дәлелдеп бағуға серт бердім.

Өмірде жолым болды. Тараздың іргесіндегі Қарой деп аталатын ауылдан Қазақ университетінің ең алғашқы студенті атандым. Бір көшеде тұрсақ та, күншілдік кеселін жұқтырған ағам құттықтауға жарамады. Ізгі тілегін айтып, жіберген кемшілігін жуып-шаймады. Білімнің Меккесі саналатын оқу ордасына түсіп, өзінен биіктеп кеткен менің халімді көріп қызғанған секілді. Қызғаныштың қызыл иті ішін тырналап тастаған тәрізді.

Журналистік қызметімде жеткен жетістіктерім аз болмады. Республикалық тіл байқауында жүлдегер атандым. Қазақстан Журналистер одағы мен «Даму» банкі бірлесіп ұйымдастырған байқауда топ жардым. Мұқағалидің 90 жылдығына арналған республикалық бәйгеде ынталандыру сыйлығын алдым. Арасында кітаптарым жарық көріп, тұсаукесер рәсімдерін өткіздім.

Бір күні дипломдарым мен кітабымды құшақтап, облыстық деңгейдегі бір басшының алдына бара қалдым. Өзімсініп, жақын тартып барғанымды қайтейін, салқын қабылдады. Құттықтау дегеніңіз жайына қалды. «Бұған бір нәрсе беру керек пе?» деді кітапты үнсіз парақтап отырып. «Өзіңіз білесіз» дедім. Қалтасынан суырып мың теңге ұстатты. Алғым келмеді. «Сыйлықтың үлкен-кішісі болмайды» деген қанатты сөзді қаперге алдым. Бәйгелерден төбе көрсетіп жүрген жетістіктерім оған шаншудай қадалған секілді. Күншілдіктің исі аңқыған кабинеттен тезірек кетуге асықтым.

Әдебиетке жаны жақын азаматтың бірі Кендебай Шүйкебаев болатын. Мені бауырындай көретін. Алып-ұшып өзі басқаратын  мекеменің есігін қақтым. Кенекең құшақ жайып қарсы алып, ең ыстық лебіздерін білдірді. Арқа-жарқа болып, марқайып қалдым. Уысымды толтырып, кітаптың байғазысын беріп, жарылқап тастады. Міне, нағыз азамат осындай болса керек! Іштарлықтан мүлдем ада, жандүниесі таза, тұла бойы адалдықтан тұратын, болмыс-бітімі бөлек, жаны жомарт азаматты бүгінде көбірек іздеймін. Ол оралмайтын сапарына аттанып  кетті.

Білім саласында қызмет атқаратын Дүйсенбек Әбдірайымовтың руханиятқа қосып жүрген үлесі аз емес. Қуанышымды бөлісу үшін қолтаңба жазып, кітабымды ұсындым. Көлдей көңілін білдіріп, жаздай жадырап, күндей күлімдеп, өз бауырындай ерекше ықылас танытты. «Арғымақ аттың құйрығы әрі жібек, әрі қыл, қас жақсының белгісі әрі мырза, әрі құл» деген сөз бар емес пе? Қас жақсымен жылы жүздесіп, қас жақсының  мырзалығын көрдім. Көрсеткен ілтипатына риза болдым. Бауырмал інімнің кабинетінен ат мінгендей арқаланып шықтым.

Өмірімде журналистикадан бөлек теміржолдың да нанын жедім. Осы саланың білгір басшысы Сағымбек Ақшалов ағамыз қызметке шақырған соң келдім. Мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі секторға басшылық еттім, әрі баспасөз хатшысымын. Сағымбек ағаның сенімін ақтадым деп ойлаймын.

Ақпарат саласында адасып жүрген бір әріптесім Сәкеңе келіп: «Мені неге шақырып, жұмысқа алмадыңыз?» деп арызын айтыпты. Көреген басшы не десін? «Екеуің де жақсы көретін інімсіңдер. Сен осы күнге дейін ештеңеден құр қалып, ештеңеден кем қалып жүрген жоқсың. Оған да жетеді, саған да жетеді. Әлі де құр қалмайсың, інім. Мен оған уәде беремін», депті кең пейілді ағам. Одан артық не деу керек? Теміржолдың иісін сезбейтін сол әріптесімнің бұл саланы игеріп кетуге шамасы жете ме, жоқ жетпей ме? Онда шаруасы жоқ. Күншілдікпен күн көріп жүрген адамның қызғаныштан өті жарылып, ұйқысы қашып кеткен сияқты.

 

Биікке ұмтылған Ілияс Есенберлиннің

алдын кескен кімдер?

 

        Ілияс Есенберлиннің қазақ әдебиетінде жасаған ерлігін ешкім жоққа шығара алмас. Қаламгердің «Көшпенділер» трилогиясының өзі неге тұрады? Сол шығармасы кезінде Лениндік сыйлыққа ұсынылған болатын. Борис Симашконың аудармасында романның орысшасы да сәтті шыққан еді. Ілияс аға бұл жолы сыйлық алмаймын деп ойлаған жоқ. Тілектес қауым да зор үміт артты.

Өйткені сол жылдарда бір халықтың төрт ғасырлық шежіресін қамтыған мұндай ауқымды шығарма ұлт республикалары түгіл, орыстардың өзінде де жоқ болатын. Оның қасында соңғы турға дейін Ілияс Есенберлинмен таласып келген  грузин жазушысы Нодар Думбадзенің жұқалтаң романы сол тұста әркімдер-ақ жазып жүрген жай қатардағы шығарма болатын.

Бірақ берекесі мықты, ұжымы берік грузиндер мен қазақтың іштеріне шынашақ айналмайтын күншіл арызқойлары екі жақтап жүріп, Лениндік сыйлықты Есенберлинге емес, Думбадзеге алып берді.

Жазушы Қабдеш Жұмаділов өз естелігінде былай деп жазады. «Мәскеу жақтан сәт сайын хабар күтіп жүрген сондай тағатсыз күндердің бірінде Жазушылар одағында Ілекеңмен жолығысып қалдым. Ағамыздың қабағы пәс, иығы солыңқы екен. Жай-жапсар сұрағанымда:

Мәскеудегі жағдай мәз емес. Кеше сол жақта жүрген комиссия мүшесі Шыңғыс Айтматовпен сөйлестім. Грузиндер Думбадзеге сыйлық әпереміз деп артынып-тартынып Мәскеуде жүрсе, мұндағы біздің ағайындар менің үстімнен қарша боратып, арыз айтып жатқан көрінеді.

Мыналары сұмдық қой. Сонда не айтады олар?

Сол баяғы сарын: «Есенберлиннің романдары хансұлтандарды мадақтайды, феодализмді көксейді. Бүлікшіл Кенесарыны дәріптеп, ұлттар достығына іріткі салады. Қазақстанда ол кітаптарды халық қабылдамай, кезінде қатты сынға ұшыраған», деп жаппаған жаласы, жақпаған күйесі қалмапты.

             Арыз жазғандар кім екен, білдіңіз бе?

             Олардың кім екені былай да белгілі емес пе? Өздерінен басқаға болсын демейтін, сол баяғы өзің білетін топтың адамдары, дейді Ілекең.

Қабдеш аға осылай толғаныпты. Сол кездегі шындықты батыл айтыпты. Бұл бізге сабақ бола ма, жоқ болмай ма? Басқа ұлттың алдында масқара болып, өзімізді өзіміз жығып бергенімізді ойлап, қан құсып өкінетін және сорлы әрекеттері үшін кешірім сұраған күншілдерді көргеніңіз бар ма? Жоқ, көрген емеспіз. Ілияс Есеберлин ағамыз Лениндік сыйлық алмаса да, өзінің биігінде ұлы жазушы болып қалды.

Әдебиетші, Алаштанушы Елдос Тоқтарбай осы оқиғаны зерттеп көрген. Архивте отырып, Мәскеуге қарша боратқан арыз иелерін іздеп тауып, аты-жөндерін жалпақ жұртқа жариялады.

Күншілдер Мұхтарды да, Төлегенді де,

Мұқағалиды да аяған жоқ

Мұхтар Әуезов жиырмасыншы ғасырдың басында тәуелсіз Қазақ мемлекетін құруды мақсат еткен Алаш арыстарының бірі болғаны белгілі. Өз кезегінде Алаш көсемдері жас Мұхтарға  үлкен сенім артты. Өздерінің аман қалмай атылатындарына көздері жеткеннен кейін Ахмет Байтұрсыновтың: «Мұхтарды сақтаңдар!»деп аманат айтатыны қандай көрегендік десеңізші! Халқы үшін күресудің амалын тапқан жазушы әйгілі «Абай жолын» жазып, үлкен ерлік жасады. Аман қалған Мұхтар Әуезов Абай атасына осы еңбегімен ескерткіш тұрғызып, ұлы жазушы атанды.

«Абай жолы» роман-эпопеясы жарық көргеннен кейін Мұхтар Әуезовтан тыныштық кетті. Оның шығармасына шүйлігіп, арыз жазатындар көбейді. Ескілік шырмауынан шыға алмаған, ұлтшылдық сарында жазылған, феодализмді дәріптейді деген секілді айыптауларды бұрқыратады. Тарлан ақын Тайыр Жароковтан комиссия М. Әуезов туралы пікірін сұрағанда ұлы жазушыны ақтауға батылы бармаған. Сол кездегі жағдайға байланысты солай жазылуы тиіс болатын деген сөзді айтуға жарамаған. Қадыр Мырза Әлі өзінің «Иірім» атты кітабында осылай ой түйіндейді.

Қазақтың аяулы ақыны Төлеген Айбергеновті білмейтін адам кемде-кем. Жасындай жарқырап өткен, қазақ поэзиясына құбылыс әкелген аса дарынды талант иесі небәрі 30 жыл ғұмыр кешті. Жырдан шашу шашып, туған елін әлдилеген сыршыл ақынның шұғыла шашқан шығармалары өзгелердің тәбетін қашырып, мазасын кетірді. Төлеген аға жұлдыздай жарқырап биіктеген сайын күндестердің таңы атпай қанаттары қайырылды. Ақыры Алаш ақыны жұмбақ жағдайда көз жұмды.

Ақынның қызы Салтанат баспасөзде берген сұхбатында: «Әкемнің өліміне күмәнданып жүрдім. Үрниса анамнан талай мәрте сұрадым. Сұрап қоймаған соң, кімдердің себепкер екендігін білетіндігін айтты. Бірақ олардың аты-жөндерін айтудан бас тартты. Сендер мәңгі жауласып, қастасып кетулерің мүмкін. Сондықтан айтпағаным жөн», деп жауап бергені бар дейді.

Өле берсін күншілдер күйігінде,

Өз ғасырым өзімнің иінімде.

Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты,

Мен өлемін өзімнің биігімде, деп жырлаған еді хас талант. Осы өлеңімен  көре алмайтындар мен күншілдердің аяқ бастырмай жасап жүрген әрекеттерін шынайы  өрнектеген болатын.

Қазақтың тағы бір ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевты өмір бәйгесінде аяқтан шалғандар аз болған жоқ. Алматыда Қазақ университетінде оқыған бес жылда елге мәшҺүр болған тұлпар ақынымыздың шығармашылық кешінің немесе арнайы кездесу-жүздесулердің куәсі болған жоқпыз. Соған қынжыласың. Тірі кезінде ақынын қадірлей алмағанымызға өкінесің. Қадыр Мырза Әлінің «Майдасың ба, жоқ әлде ірісің бе? Адамды қадірлеңдер тірісінде» деген сөзін ұмыт қалдыратындарға таңғаласың. Асқан дарыны мен талантын көре алмай, қызғаныштан іштері күйген кейбір бейшаралардың болымсыз бақталастығына күйінесің. Әдебиет төңірегінде жол бермей тізеден қаққан, тасада тұрып тас атқан кейбір жарымжан шала жандардың шарасыздығына опынасың. Тау тұлғалы арқалы ақынымыз солардың сорақы әрекеттеріне пысқырып та қарамастан, асқар таудай бойын асқақ ұстап, жалынды жырларымен жалпақ жұртының жүрегінен орын таба білді.

Қазақстан Жазушылар одағы да Мұқағалиды жиындарына шақыра бермейтін. Бәрінен шет қалып, жаны қиналып, тағдыры қыл үстінде тұрғанда сол кездегі Қазақ елінің басшысы Дінмұхамед Қонаевқа жәрдем және араша сұрап, арнайы хат жазғанын білеміз. Өкінішке қарай, ол хатына да тиісті жауап алмады. Ешқандай жылы сөз естімей, ешбір марапат алмай, күншілдермен алысып жүріп, 45 жасында өмірден өтті.

Қандай рахат!

Жүрейік достар, күнде өстіп.

Ренжу деген,

Ренжу деген – білместік.

Бауырларым-ау!

Бәріміз қиын күн кештік.

 

Жүруші едік қой,

Мұңымыз бірге, арман да.

Армандап жүріп,

Келдік қой осы орманға.

Көзімізді ашып,

Қарайық атар таңдарға.

Күндестік құрысын!

Күндестік құрысын жалғанда!

 

Тағдырымызға

Тамаша күндер тап келіп,

Отырмыз міне,

Елуге жетпей бақ көріп.

Күндестік құрысын!

Күндестік деген – жат көрік,

Тастайық оны нақ ортасынан қақ бөліп!

 

Елдер мен елдер,

Материктер мен материк

Достасып жатыр,

Татулық туын көтеріп.

Бауырластықтың жалауын біз де көтеріп,

Жарқын өмірден

Жауласпай жүріп өтелік!

 

Ойлаңдар, достар!

Өнерде «жарыс» болмайды!

Өресі жетпей,

Күндестік қылған оңбайды.

Өнерің жетіп,

Өсе алмай қалсаң, сол қайғы.

Күндес таласқан

Өнерің өнер болмайды!!!

 

Жыр дүлдүлі Мұқағали Мақатаев «Күндестік құрысын» деген өлеңімен кейінгілерге өсиет сөзін арнады. Бұл пәлекеттен аулақ болуға шақырды.

Көрнекті жазушы Рахымжан Отарбаев «Жас Алаш» газетінде «Көрген-баққан» деген еңбегін жариялап тұрды. «Мен өлгенде қанша адам жылап, қаншасы қуанар екен? Білем, менің тірі жүргенімнің өзі талайға жазу жаздырмай қойды», дейді қаламгер әлгі еңбегінде. Бұлай демегенде қайтсін? Өзін көре алмайтын күншілдерге осылай айтпағанда қалай айтсын?

 

Маңдайыңызға сыйдыртпаған Күләш

пен Мұстафаның кінәсі не?

 

«Мені біреулер мінезді дейді. Мінез деген айналайын ғой. Мінезі жоқтардан қорқу керек. Олар жол таңдамайды, жағдай таңдайды», дейді Рахаң. Мінезі жоқтар жол таңдай алмай амалсыз күншілдік жол таңдайды. Бұл талантқа теңесе алмайтын, ілгері озғандарды көре алмайтын мінезсіз пенделердің пендешілік әрекеттерінің ең сұрқия көрінісі һәм сорлы мінезі.

       Атақты әншіміз Күләш Байсейітова қазақ өнерінде жұлдызы жарқырап, бағы жанды. Кеңестер одағында алғашқылардың бірі болып, 24 жасында КСРО халық әртісі атанды. Оның бұл аспандап кеткен жетістігін қызғанып, жандары жай таппай аласұрған пенделер пендешіліктен аса алмай күндеумен айналысты. Оған тыныштық бермеген, күн сайын концертке жұмсаған, өсек-аяң көп болған. 1957 жылы  алты адам «Арақ ішеді, жеңіл жүріс жасайды, көп қыдырады, моральдық жағынан азғындаған» деген сарында Мәскеуге арыз жазады. Осыдан кейін тергеп-тексеру көбейіп, жаны жараланып, өмірден түңіледі. Осы жылы 45 жасында белгісіз жағдайда Мәскеуде көз жұмады.

Әлемнің алты тілін жетік меңгеріп, еркін сөйлеген, таэквондодан қара белбеудің 6-шы дан иегері, «Қазақтың Брюс Лиі» атанған Мұстафа Өзтүріктің өмірі тым қысқа болды. Маңдайымызға сыймай кетті, ел-жұрт болып қорғай алмадық. Билік болып, басқамыз болып, алақанымызда ұстап, көзіміздің қарашығындай сақтап, абырой биігіне көтермедік. Керісінше кеудесінен итеріп, ілгері басқан қадамдарына кедергі жасап, жолын бөгедік.

«Мұстафаның шын есімі – Мұстафа Қабенұлы Әбдірахман. Түрік палуандарымен белдесіп, жауырыны жерге тимеген Мұстафаның әкесі Қабенге сый-құрметі ретінде түрік бауырлар оны «Өзтүрік» деп атайды. Сөйтіп бұл сөз әулеттің тегі болып, Қабен палуан өмірге келген ұлының есімін Мұстафа қойып, тегін Өзтүрік деп жазады. Германияның Мюньхен және Түркияның Стамбул қаласында Мұстафа Өзтүрік атындағы таэквондо мектептері бар. Халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы. Мұстафа Өзтүрік Қазақ елінде тұңғыш таэквондо мектебін ашып, Қазақ таэквондо қауымдастығының негізін қалады.

Мұстафа Өзтүрік кенет дүниеден өткен 1995 жылдар елде қылмыстық топтар қаптаған, зорлықшыломбылықшыл рэкетирлер андыздаған уақыт еді. Мұстафаның елге келіп, беделінің күрт өсе бастағаны ұнамады ма, байқатпай тамағына у қосылған Мұстафа Өзтүрік қастандықпен өлтірілген сияқты. Мұстафаның өнегелі өмірі туралы танымал режиссер Қалила Омаров «Барып қайт, балам, ауылға» фильмін түсірді. Стамбул қаласында әкесінің жанында жерленген, жұмбақ өліммен арамыздан тым ерте, небәрі қырықтың қырқасы көрінгенде ғана мәңгілікке  кеткен нағыз намыстың алмас қылышы Мұстафа Өзтүрік көзі тірі болса, жетпістің желкенін тартар еді... Әттең!» деп ой толғайды Қажымұқан Ғабдолла өзінің «Маңдайға сыймаған Мұстафа» деген мақаласында. / «Жұмадағы жүздесу» газеті, №46, 26 қараша 2023ж./

Күншілдікәлсіздердің әлсіз әрекеті, әлжуаз әлегі. Осалдардың қиямпұрыс қылығы, дәрменсіздігіне құлдық ұрған құл мінезі.

Біреуге жақсылық тілемеген, жақсылық жасамаған адамның жолы да болмайтын тәрізді. Күншілдік пен көре алмаушылық секілді дертке шалдыққанның шаруасы оңалмай, тірлігі де оңбайтын секілді. Бәрін реттеп отыратын Құдайдың құдіреті неткен күшті!   

Мақұлбек Малдарбеков
09.02.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 15
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 16
Ауызсу мәселесі толық шешіледі
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 2
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 7
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 11
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 10
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 12
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 16
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 249
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 244
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 869

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8941
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8333
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11561
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9319
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10545