“Мәдениет - асыл қазынам” облыс аудандарындағы мәдениет күні киелі Құлан өңірінде мәресіне жетті
Шара Көгершін ауылдық клубының ашылуымен басталып, Тұрар Рысқұлов ескерткішіне гүл қоюмен жалғасты.
Орталық алаңда ауылшаруашылық өнімдер жәрмеңкесі, спорттық ойындар мен салт-дәстүрлер бейнеленген көріністер мен тақырыптық көрмелер көпшілік назарына ұсынылып, мәдени шара концерттік бағдарламаға ұласты.
Концерттің шымылдығын ашқан мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай құландықтарды мәдениет күнімен қатар келген 85 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Аудан әкімінің уақытша қызметін атқарушы Ерғазы Еспенов тілектер легін жалғастырып, ауданның тарихы мен жетістігіне шолу жасады.
Ұлы Жібек жолында жатқан киелі Құланның мақтаныштарынан құралған керуен көші жүріп өтіп, “Тұғыры биік - қазағым” театрландырылған қойылымы көрерменге тарту етілді.
Туған жерге ат терлетіп, арнайы келген Досымжан Таңатаров,
“Астана” тобы, Руслан Мамытов сынды белгілі өнер майталмандары мен аудан өнерпаздары әсем әндерімен құлақтың құрышын қандырды. Мың бұралған бишілер, әр түрлі аспаптың құлағында ойнайтын күйшілер де өнерлерімен дүйім жұртқа тамаша көңіл-күй сыйлады.
Осылайша, “Мәдениет - асыл қазынам” аудандардағы мәдениет күндері киелі Құлан өңірінде ұлан-асыр тойға ұласып, мәресіне жетті.
Айта кетейік, алдағы уақытта жеңімпаз аудандар жүлделі орындармен марапатталатын болады.