Маңғыстаудағы Амал мерекесінде түркі жұрты бірлік пен береке алауын жақты

Маңғыстаудағы Амал мерекесінде түркі жұрты бірлік пен береке алауын жақты
Биыл Маңғыстау өлкесінде  Амал мейрамы  ізгілікке үндейтін игі  іс-шарадан бастау алды. «Отпан тау» тарихи-танымдық этно-мәдени кешеніндегі «Қарашаңырақта»  Адай атаның рухына Құран бағышталып, жас қарилар  Құранды жатқа оқудан сынға түсті. Киелі орында Құран оқу, Алладан шапағат тілеп,  ата-баба рухына  Құран бағыштау  өте  сауапты іс екендігі мәлім.  Дін өкілдері, руханият жанашырлары, әмме жұртшылық бірауыздан бұл үрдістің тіні үзілмей, дәстүрлі сипат алып, жыл сайын   жалғасын тапса деген игі тілегін білдірді.

Амал мейрамы аясында  Маңғыстауда  Қаратау тізбегінің батыс бөктеріндегі ең биік шоқыларының бірі – Отпан  баурайына қаз-қатар  қырықтан аса ақшаңқан үй тігіліп, қазан көтерілді. Елдің  ұлттық-рухани тамырынан нәр алған тарихи-тағылымдық іс-шараны лайықты деңгейде ұйымдастыру жауапкершілігі биыл Тобыш ата ұрпақтарына жүктелген еді.  Ұлысқа ортақ ұлық мереке дүбірлі той-думанға ұласып, өнер саңлақтарының жыр шашуына жалғасты. 

 

ОТПАНДАҒЫ ОЙ

Құшақтап Амал* таңын алсыншы деп,

Туысты-туыс көріп қалсыншы деп.

Еңіреген ерлеріме дұға жасап,

Есіне ендігінің салсыншы деп.

Қырмызы қыз бен келін алтын бесік,

Халқының арын ойлап барсын десіп.

Түспесін жатырға құл,

Төсекке кір,

Семсердей сертке тұрып қалсын десіп.

Шалдардан көсем жасап көрік қылып,

Жастарды әр сөзіне жерік қылып.

«Бір жеңнен қол, жағадан бас шығарып»,

Кетсек деп үш тағанын беріп тұрып.

Бірінші: айтпай сезер бірлік болса,

Екінші: еңбек, білім – тірлік болса,

Үшінші: салт пен дәстүр, өлі риза,

Дін – таза, ортақ намыс кіндік болса!..

Қараорман Қаратауға келіп тұрса,

Қам жасап болашаққа сеніп тұрса.

Қайысып күндіз-түні халқын ойлап,

Жас көрсе, жаны сүйіп, кеңіп тұрса.

Отырып дін – мұсылман табақтаса,

Бар өнер, байлығына сабақтаса.

Әр Жігіт Отпан тауды «менікі!» – деп,

Қорғаса, ит пен құсқа талатпаса.

Алты алаш бірін-бірі демеп тұрса,

Адайды – қарашаңырақ себеп қылса!

Оятып үш жүз алпыс әулиені,

Пір Бекет: «А, Құдайлап!..» жебеп тұрса.

Бар бақты ынтымақтан таппас па едік,

Ұрандап: ұран отты жақпас па едік?!

Жауға – сес, досқа – қуат, ұлтқа – рух,

Ен жайлап, Маңғыстауды жатпас па едік?!

……………………………………………..

Ей, дүние-ай…

Амал* – ай атауы

САБЫР АДАЙ

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтауда

 

 

Ұлыстың ұлы күніне  арналған дөңгелек үстел

Амал мейрамы аясында  Маңғыстауда  Қаратау тізбегінің батыс бөктеріндегі ең биік шоқыларының бірі – Отпан  баурайына қаз-қатар  қырықтан аса ақшаңқан үй тігіліп, қазан көтерілді. Елдің  ұлттық-рухани тамырынан нәр алған тарихи-тағылымдық іс-шараны лайықты деңгейде ұйымдастыру жауапкершілігі биыл Тобыш ата ұрпақтарына жүктелген еді.  Ұлысқа ортақ ұлық мереке дүбірлі той-думанға ұласып, өнер саңлақтарының жыр шашуына жалғасты.

Мәдени-танымдық іс-шаралар легінде он саусағынан өнер тамған өңірге танымал  қолөнер шеберлерінің бұйымдары қойылған көрме көрермен көзайымына айналды.  Сондай-ақ «Астана сазы» фольклорлық ансамблі концерт қойып,  Жеңіс Ысқақова, Айгүл Қосанова, қарақалпақстандық Жеңісбек Пиязов секілді отандық және көршілес елдердің эстрада жұлдыздары  сахнада өз өнерін паш етті.

Сондай-ақ Амал мерекесі аясында «Ұлыстың ұлы күні: тарихи тағылымы мен жаңа көзқарастар» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Мазмұны бай маңызды іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен киелі топыраққа табан тіреген зиялы қауым өкілдері мен  алыс-жақын шетелдерден арнайы сапарлап келген тарихшы, этнограф, ғалымдар атсалысып, Амал мерекесінің тарихы турасында ой сабақтады. Басқосуда  Амал мейрамы мен «Отпан тау»  сәулет кешенінің  өлкенің тарихи болмысын айшықтаудағы маңызы талқыланып, түбі бір түркі халықтарының танымындағы мәні сараланды.

– Қасиетті Амал мерекесі құтты болғай!  Жер-жаһан жаңарып, дүние құлпырған тұста бұл мереке ерекше тойланады. Қол алысып,  көрісер, төс түйістіріп, өкпе-назды ескі жыл еншісіне қалдырар күнді  ерекше емеурінмен күтеміз. Ал бүгінгі басқосудың түркі халықтарының тарихи таным көкжиегін кеңейте түсуде үлесі зор болмақ, – деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев.

«Еңбек Даңқы» орденінің, Ұлы Отан соғысы жеңісінің 65 жыл, 70 жыл медальдарының иегері, «Баталы ел арымас» атты ақсақалдар арасындағы байқауының жеңімпазы, Еңбек ардагері, Тыл ардагері, 93-тегі батагөй  ақсақал Құлханов Қалмұрат Құлханұлы жиылған қауымға арнап батасын берді.

Биыл алғаш рет ата ғұрып, салт-дәстүр дәріптелген дөңгелек үстелге Әзірбайжан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан елінен келген тарихшы-ғалымдар қатысты. Мұхаммед Физули атындағы Әзірбайжан ұлттық ғылым академиясы қолжазбалар институтының ғылыми қызметкері, доцент және профессор Незакет Меммедли сөзіне сүйенсек,  әзірбайжан халқы жер тоңы жібіп,  табиғат жаңарып, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағын жыл басы ретінде қабылдап, айрықша ықыласпен атап өтеді екен.  От киесіне  тәу етіп, қызыл жалынның кесапат-кеселден сақтап, күллі жамандық атаулының алдын алатын қасиетіне сенім білдіретін әзірбайжандықтар Наурыз қарсаңында  алаудан  аттап секіру салтын берік ұстанады.  Сонымен қатар,  көршілес елде Наурызда бақилық болған ата-баба рухына Құран бағыштау, тұрмыс құруға ниетті  қыз балаларға сыйлықтар табыстау дәстүрі орныққан.

Амал мейрамында Отпан тауда от жағылды

Ал Түркиядағы «Байрам Вели» университеті және «Қажы Бекташ Вели» зерттеу орталығының директоры Ахмет Ташғын туған өлкесінде бала күнінде  Амал мерекесінің тойланғанына куә болғандығын айтты.

– Амал мерекесінің түп-төркіні, ілкі бастауы турасында көп толғандым. «Бұл мереке қайдан шықты, не үшін ойлап табылды?»  деген сауалдар  мені қатты қызықтырды.  Амал мейрамы түрік және қазақ халқының мәдениеті мен тұрмыс-салты тамырлас екендігіне дәлел бола алады. Жаһандану үрдісі белең алған біздің елде  ұлттық  салт-дәстүрлеріміздің ұлт жадынан көмескілену жайттары жиі орын алып жатыр. Өте өкінішті. Себебі  ата-баба ұстанған сара жол мен салтты, ұлттық құндылықтарды өскелең ұрпаққа өнеге ете білуіміз аса маңызды.  Тез арада ауызбірлігіміз бен тұтастығымызды сақтап, рухани жаңғыру даңғылына түсуіміз керек, – деді Түркия елінен келген профессор Ахмет Ташғын.

Наурыз – әлемдегі ең көне мейрамдардың бірі. Орта Азия елдері оны 5000 жылдан аса уақыт бойы тойлап келеді. Наурыз мейрамы заманауи діндер мен көптеген мемлекеттер пайда болғанға дейін шамамен 5 мың жыл бұрын пайда болды. Бұл ежелгі мереке күнәдан тазару, киім-кешектерді, үйді тазарту, ой-санадан жамандық пен өшпенділікті өшіру секілді ұғыммен астасады. Наурыз мейірбандық пен ізгілікке, сабыр мен кісілікке үндейді. Сондай-ақ, көне заманда бұл күні шығыс елдері екі арадағы кез келген соғысты тоқтатқан. Ал қазақ ақсақалдары мерекеде араздасқан ру-тайпалармен татуласатын болған.

Тағылымдық-танымдық мәні зор басқосуда  халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің директоры, қоғам қайраткері, ел ішінде «Ел Ана» атанған Сәуле Мешітбайқызы сөз сөйлеп, Ұлыстың ұлы күнінің тарихы, Амал мейрамының ұлттық бірегейлік бекітудегі маңызы  турасында ой өрбітті.

– 362 әулиелі киелі Маңғыстауға, Пір Бекет бабамның табаны тиген өлкеге тағы да жолым түсіп тұр. Қазақтың бар даласы киелі ғой, әрқайсысының өз жолы, өз жөні бар. Ал батыс, соның ішінде Маңғыстау өлкесі салт-дәстүрге беріктігімен, әсіресе Наурыз мейрамын өзгеше өрнекпен тойлайтынымен ерекшеленеді. Наурызды қазақ халқы ежелден тойлап келеді. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер тұсы да осы көктемнің басы наурызға тұспа-тұс келеді. Біздің бала кезімізде Наурызды тойлауға Кеңес өкіметі шектеу қойды.  Бала болсақ та ата-аналарымыз, туған-туыс, көрші-көлем қыстан қалған сүрлерін асып, дәнді дақылдарын қосып, қазан-қазан наурыз көже пісіріп, мәре-сәре болып жататындығын көрдік. Бір-біріне ізгі тілектерін жолдап, құшақтасып, көрісіп,  кешірім тілеп, қыстан аман-есен шыққандарына шүкіршілік етіп жататын. Осыдан-ақ Наурыз мейрамының қазақ танымындағы орнын білуге болады.

Еліміздің әр түкпірінде жылдан-жылға  Амал мерекесі қайта жаңғырып, кең ауқымда тойланып келеді. Атырау, Ақтөбе,  Батыс Қазақстан облыстары мен Жамбыл Түркістан, Алматы,  Жетісу өңірлерінде жыл басы – Амал мерекесі атап өтіледі. Бұл бірлік, ымыралы ынтымақ пен жақсылық атаулыға меңзейтін ұлттық мерекелердің ішіндегі ең ұлысы. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деудің өзінде үлкен мән бар. Міне, биылғы Амал мерекесі халықаралық деңгейде өтті. Бүгінгі конференцияда «Адай ата-Отпан тау» этно-мәдени кешенінің  тарихи-тағылымдық мәні турасында  әңгіме өрбітуді жөн деп таптым.

Қазақтың өр ақыны САБЫР АДАЙДЫҢ ерекше еңбегін атап өтуім керек. «Адай ата – Отпан тау» этно-мәдени,  тарихи-танымдық  орталықтың  идеясын тұңғыш ұсынып жариялаған,  игілікті және аса маңызды іс-шараға ұйытқы болған  азамат  ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып рухани қағидалар негізінде  аталмыш орталықтың концепциясын жасады. Сол концепцияның негізінде Ұлттық ататек шежіремізге негізделген «Адай ата» кесенесі сомдалды. («Адай Ата» кітабының 3 томдығы, «Қарапайым қағидалар» және «Керуен көшеді» кітаптарында жасалған халықтық қызметтің тізбесіне Сабыр Адайдың концепциялық ой-толғаулары толық қамтылған).

Ұран отын жағу, Қарашаңырақ ұғымы,  Амал мейрамы, Көкбөрі тұғыры, «Ақсарай» ұлттық тарихи-танымдық мұражайы, «Ана келбеті» сәулетті ескерткіші  тұрғызылды. Болашақта Алаш батырының ескерткіші, қазақ руларының таңбалық тақтатасы қойылады. Абаттандыру, қонақүй салу мәселесі де күн тәртібіне қойылған. Амал мерекесі республикалық деңгейде қайта жаңғырып келеді. Осының бәрі Маңғыстау халқының тұтас қазақ елінің жұмыла көтерген жүгі.

Отпан тау – барша қазақтың бірлігі үшін тұрғызылған ескерткіш. Болашақ ұрпаққа үш жүздің ынтымағын танытатын тарихи-мәдени кешен. Бұл киелі өлкеге  бірнеше рет  арнайы шақыртумен келіп қонақ болдым.  Қасиетін таныдым. Қадіріне жеттім. Сабыр Адаймен таныстым. Бұл қасиетті өлкені Сабыр Адайдың өлеңдері,  өзі арқылы таныдым.  Пір Бекет бабамның  рухына  перзенттік сағынышпен келіп бас идім, өңім түгіл түсімде де дұға жасап, киесін сезініп жүрдім. Елдің ықыласына бөлендім. Маңғыстау халқының ұлттық құндылықтарымызға деген мұрагерлік зердесі мен жадына және бұқаралық сипаттағы белсенділігіне ризашылықпен тәнті болдым. Отпан тауға сан мәрте келіп, Амал мерекесінің жандануына барынша ақпараттық тұрғыдан қызмет жасап, өнегелі іске өмір сыйлауға талпынып келеміз.

«Адай ата – Отпан тау» рухани тарихи-мәдени кешеніндегі «Ана келбеті» ескерткішінің символикалық мәні сан алуан ой сілемдеріне жетелейді, тереңнен тамыр тартар таным мен мазмұн мен мұндалайды.  Адай атаның жұбайына арналған сәулет  әз Ана бейнесінде  жаһанға шуақ шашып тұрғандай. Киелі Маңғыстауда мекен еткен 362 әулиенің рухына арналған 362 баспалдақ  «Ақсарай» мен «Адай ата» кесенесін жалғастырып тұр.

Адай ата елінің Ел таңбасына қараңыз, бұл Ерліктің, Елдіктің, Бірліктің белгісі емес пе?!

 

Міне, бұл – нағыз концепция!

 

Жаһандану жағадан алғалы бері тарихы терең қазақ жұрты да мейірімнен алыстап бара жатқандай көрінеді. Қату қабақ, қатқыл мінез көретініміз. Ұрпағымыз да ұлттық мүддені емес, нәпсінің құлы болуға  жақындап барады. Мысалы феминистер (олар әр жерде марштар өткізіп жатыр, ал 8 сәуірде Астана қаласында тағы шеруі өтпекші) туралы, ұрпақ тәрбиесі туралы ойласам ұйқым қашады. Әбіш Кекілбаевтың «Тәрбиесіз ұрпақ ұлтты жояды» деген сөзі тегін айтылмаған. Осындай  кезеңде адам баласын мейірімге шақыратын, ынтымаққа бастайтын, татулыққа үндейтін – Ұлыстың ұлы күні –  Наурыз, Амал мерекесі. Бұл дәстүрді барша қазақ жұрты жандандыруға, дамытуға,  үлгі етуге асығуы керек.   Бүгінгі конференцияға жиналған қауым, қасиетті Маңғыстау жұрты, менде бір ұсыныс бар. Мысалы күзде солтүстік өңірлер «астықты  аман-есен жинап алғанын» мерекелеуге Оңтүстікке жиналса, жазда Солтүстік өңір бау-бақшаның өнімін мерекелеп жатса, қандай жарасымды тірлік болар еді! Осылай қазақтың ынтымағы мен бірлігі үшін Отпан тау секілді отты жерлерді барша қазақ баласының игіліктері жайлы жарнамаласақ, қазақтың ұтары көп.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, айтқым келетіні: Отпан тауда Амал мерекесінде бүкіл Алаш жұрты жиналып, елді бірлікке шақыру – азаматтардың түпкі арманы, мерейлі мақсаты. Қазақтың рухын, мемлекеттің мәртебесін көтеретін іс-шара ұлттық бірлігіміз, рухани тұтастығымыз үшін, бүгінгі күнге аса қажет.

Сөз соңында айтарым, түбі бір түркі халықтарымен бауырластық тінін бекіте түсу бағытында бірге әрекет етіп,  ұлттық болмысымыз бен келбетімізді, салт-дәстүрімізді, елдігіміз бен бірлігімізді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Ұлттық салт-дәстүр аясында  дінімізді сақтап, әсіредіншілдіктен аулақ болу керек (діннің сан тарапқа бөлініп кетуінен аз зардап шегіп отырған жоқпыз). Отпан тауды діннің «инфекциясынан» сақтауға тиіспіз. Ұлттық құндылықтарымызды, ұлттық салт-дәстүрді насихаттау бізге парыз.

Түбі бір, тарихымыз бір бауырлас халықпыз, қазақ халқы өзіміздің ұлттық болмысымыз бен келбетімізді салт-дәстүрімізді  көздің қарашығындай сақтай отырып, бауырлас түркі халықтарымен ерекше қарым-қатынаста болғанымыз жөн.

Бұрын Отпан тауда жау келгенде Ұран отын жақса, қазір жыл келерде жағады. Бұрын тек бұл араға Маңғыстау өңірінің халқы жиналған болса, бүгіндері  республика түгел жинала бастағаны көңілге қуаныш ұялатады. Қазір заман жаңарды, ғалам өзгерді. Құндылықтар алмасып жатыр. Сондықтан ендігі жағылар Ұран оты ел бірлігі мен салт-дәстүрді насихаттауға,  түркі әлемінің бірлігі үшін жағылса қандай ғажап болар еді.  Менің ендігі арманым Маңғыстауда Ұран оты жағылғанда қасиетті Отырар мен Әулиеата жерінде, үш жүздің басы қосылған   Ұлытауда   бір мезетте алау жағылса деген ізгі ниет. Бұл  ұлттық дәстүр мен  құндылықтарды барша қазақтың бөле-жармай қастерлейтініне негіз болар еді-ау.

Әз-Наурыз елімізге құт-береке әкелсін! Қыдыр ата даламызды шарлап, ырысымызды арттырсын!

Баршаңызға амандық тілеймін! – деді Сәуле Мешітбайқызы.

Конференцияға  жиылған зиялы қауым келер ұрпаққа аманаттар ең басты байлық – ел бірлігі екендігін ескеріп,  оның қазығы Отпан тауда қағылса, нұр үстіне нұр деген  ұсынысын білдірді.

Отпан тау – ұранды елдің  бірлікке бастар биігі, рухани кемелдіктің шыңы

Ұран от жағар алдында Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Ғаббасұлы Қарағаев жаңа жылмен құттықтады. Іс-шараға он мыңнан астам халық қатысты. Бұл жиынның соңында әйгілі ақын Сабыр Адай түркі елдерінің тарихын тереңнен зерделеу үшін  өткенді тану, тарихи жадымызды жаңғырту маңызды екені жөнінде ой сабақтады.

– Кешегі Кеңес империясының тұсында біз қазақ халқы ерекше қайғы-қасіретке ұшырап, ес жинай алмай қалған едік. Менің түсінігімде  ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып ата-бабамыздың атамекенді сақтау мен ұрпаққа аманаттауға бағытталған амал-әдістерінің жиынтығы.  Кеңес үкіметінің қыспағын көрсе де,  әйтеуір соны бізге жеткізуге, сұлбасын, ишара-ымын жүрегімізге енгізуге тырысып бақты. Көп дүниеден көз жазып қалдық. Тәуелсіздік алу бүкіл санамыз тазарды деген сөз емес. Біздің жүрегімізде, қанымызда ерекше жігер, ұлттық ар-намыс бар. Алайда  күнделікті өмірде   ата-баба  қанымен  дарыған  тектілікті    сақтауға, жөн-жоралғыларды ұстануда ала-құлалық дендеп кетті. Себебі қазақ даласы кең, халқымыз аз, қаскөйлік, қасақаналық пен саяси қитұрқылық нәтижесінде өзге ұлт емес, өз қазағымыз жік-жікке  бөлініп, ұлттық ортақ мүддеге деген көзқарастың өзі сан түрленді. Қазақ ұлт болып қалыптасуы үшін, өз санасын өзі оятуы үшін, түркі бауырларына қосылу үшін осындай шараны шұғыл қолға алу керекпіз. Ұлттанумен қатар рухани мұрамызды, ататектік тамырды тереңірек зерделей түсетін ұлттық жетекші ғалымдар буыны қалыптасуы тиіс. Біз осы тұста Амал мерекесіне сүйендік. Алдымен айтарым Адай ата тек бір рудың атасы емес, бұл – қазақ халқының кенжесі.

Бала күнімізде Амал мерекесінде  қарашаңыраққа барып көрісетін. Мәселен, бір азаматтың үш ұлы болса, соның ең кенжесі оның қарашаңырағы еді. Жеке адамдардың тағдырындағы, күнделікті өмірдегі әлі қадірін жоғалтпаған өмір сүру философиясын ұлттық деңгейде біріктіріп көтергіміз келді.   «Ағайын араласпаса, жат болады» дейді қазақ. Көрісу тек қол алысу емес, ол ағайынды табыстыру, жалқы емес екендігін, мүддесі ортақ, рухы бір екендігін сездіру. Қазақтың рухын қабыстыру үшін ешкім дау айта алмайтын ортақ қағида керек. Қазақта Ордабасы, Ұлытау деген киелі жерлер бар. Олар да бізге жат емес. Алайда мұндай  тарихи орындардың мақсат-мұраты өзгеше. Ал «Адай ата» – қазақ ұлтының шежіресі мен «қарашаңырақ» ұғымының тұлғалық бейнесі.

Өткен тарихты сақтаймыз. Бірақ біз алға жылжу үшін, ұлттың жетекші қайраткерлерін қалыптастыру үшін ұлттық рухымызды жігерлендіруіміз қажет. Иә, рухымыз қанша жыл бойы шөлдеді. Бүгінде Амал мерекесіне сүйеніп,  соның арқасында ағайынды табыстырдық.  Тарихты  толғау, баяндау – біздің парызымыз. Бұл жердегі көк күмбезді кесененің айтулы мағынасы бар. Төрт құбыласы түгел қазақ елі, бүкіл әлемді шарлап, білім алсын, бірақ бүкіл жиналған ілімін көк күмбезіне, яғни ортаға жисын деген мағынада салдырдық. Кез келген салт-дәстүр, ата-бабамыздан қалған қағидалар, сайып келгенде, ата жұртты және атамекенді сақтап, келесі ұрпаққа аманаттаудың амал-әдістерінің жиынтығы. Сондықтан біз осының бәріне ие болып қалуымыз қажет, – деді Сабыр Адай.

Сонымен қатар, Қарашаңырақ алаңында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» концерттік ұйымы әртістерінің концерті ұйымдастырылды. Концерт Бірлік отын жағу рәсіміне арналған салтанатты шарамен жалғасты. Шара барысында «Қара қазаннан дәм тату» театрландырылған қойылымы көрсетілді. «Алып – анадан туады» демекші, халық елімізге белгілі тұлғалардың аналарының қолынан дәм татты. Үш жүздің аналары бірігіп пісірген Қарашаңырақтағы Тай қазаннан дәм татқызды.

Оған Қазақ күресінен Әлем чемпионы, «Қазақстан барысы» турнирінің күміс жүлдегері, «Дала қыраны» титулының иегері Нұрдәулет Жарылғаповтың анасы – Алтынгүл Решова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Айгүл Қосанованың анасы – Тілекші Ізбосынова, «Қазақстан дауысы» байқауының екінші маусымының жеңімпазы Бауыржан Ретбаевтың анасы – Ендіғой Абдоллаева, «BR coffee social project» әлеуметтік мүмкіндігі  шектеулі жастарды жұмыспен қамтып отырған, «Риза-ана» қоғамдық қорының директоры Бибігүл Рамазанованың анасы  – Қалжан Тлемисова, Қазақстанның эстрада жұлдызы Ақылбек Жеменейдің анасы – Әлібекова Зәуреш, Маңғыстау облыстық дзюдо федерациясының президенті «Ақжол құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Асылбек Жолдыбаевтың анасы – Қосуақова Рысхан қатысты.

  

Дәстүрге сай Отпан таудағы қасиетті Бірлік отын жағу Маңғыстауды мекендеген аталық рулардың еншісінде. Олар өздеріне сеніп тапсырылған аманатты адал орындап келеді. Былтыр Бұзау ата ұрпақтарынан эстафетаны қабылдаған Тобыш ата ұрпақтары Бірлік отын жақты.

Шара Маңғыстау өнер жұлдыздарының мерекелік концертімен жалғасты. Дүбірлі думанға «Аманат» партиясы, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, мемлекет және қоғам қайраткері Ерлан Қошанов, сондай-ақ биыл мерекені ұйымдастырушылардың бірі – Тобыш атаның ұрпағы Қалнияз Оңдабаев та қатысты.

«АMANAT» партиясы, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен мемлекет және қоғам қайраткері Ерлан Қошанов

Мемлекет және қоғам қайраткері Ерлан Қошанов та барша маңғыстаулыққа алғыс айтып, Амал мерекесімен құттықтады.

– Бұл күндері ескі реніштерді кешіру, өзгеге мейірімділік таныту әдетке айналған. Баршаңызға ұзақ ғұмыр, амандық, мызғымас бірлік, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын деп тілеймін! – деді Ерлан Қошанов.

Мемлекет және қоғам қайраткері Ерлан Қошанов

Дәстүрлі мейрам соңында   Тобыш ата ұрпақтары Мұңал ата ұрпақтарына дәстүрлі бірлік алауын табыстады.

Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев 14 наурыз бірлікті, мейірімділікті, татулық пен ынтымақты білдіретін күнге айналғанын атап өтті.

– Ата-баба топырағы күңіренте тебіреніп, табиғат ана да еміреніп, жан-жағын шуағына бөлеп, сағынта жеткен ұлыс мейрамы – қасиетті Амал мерекесі баршамызға құтты болсын! Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында тойланатын Амал мерекесінің халқымыз үшін орны бөлек. Ел бұл күні өткен жылдан жаңа жылға есен-сау жеткеніне шүкір етіп, қытымыр қыстың кері шегініп, жер аяғы кеңіп, жер-дүниенің гүлденіп, қол алыса көрісіп, құшақ айқастыра жадырай қауышады. Тегінде, Амал – елдік, халықтық мейрам. Себебі бұл күні бірлік күшейеді, береке молаяды. Кеңінен тойланатын Амал мерекесі халық бірлігінің символына айналды.  Бүгінде маңғыстаулықтар ғана емес, алыс-жақын шетелдерден келген мәртебелі меймандар да бізбен бірігуде. Түркиядан, Әзербайжаннан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан келген ғалымдар мен көрнекті қайраткерлер мәдениетіміздің алуан түрлілігін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ел ежелден бұл күнді асыға күтеді, ал бірлік пен келісімге шақыратын мереке халқымыздың дәстүрлі жауапкершілігінің жарқын көрінісі. Көктемгі жаңарудың, махаббат пен татулықтың белгісіне айналған Амал мейрамында айтылған ақжарма тілектер қабыл болсын! Отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілеймін! Амалдан амалға аман-есен жетейік! – деді Нұрлан Ноғаев.

P.S. Иә, қарашаңырақ болып есептелетін қасиетті Маңғыстауда, Отпан тауда түркі жұртынан өкілдер қатысқан басқосуда тамаша бастамалар көтерілді, игі тілектер айтылды. Осы бастамалар көктемнің өкпек желімен ұшып кетпей, өмірге батыл енгізілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл Жаңа Қазақстанның гүлденуінің алғашқы әсем жоралғысы болсын. Әумин!

ГОЛРОХ ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы
16.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 96
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 616
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 734
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 646
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 655

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8790
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8190
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11418
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9172
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10403