20 ақпан күні елорда төрінде Президенттік жастар кадр резервінің форумы болып өтті. Айтулы шараға Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев келіп қатысып, маңызды сөз сөйледі.
Форум алдында Мемлекет басшысына Президенттік жастар кадр резервінің қатарына әр жылдары өткен мамандардың жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, Президентке «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінің артықшылықтары, «Citix» компаниясы өнімдерінің экспорттық әлеуеті, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының өңдеуші өнеркәсіп пен энергетика секторына инвестор тарту тәжірибесі, сондай-ақ бюджеттік процестерді оңтайландыруға арналған «eAkimat365» ақпараттық жүйесі туралы мәлімет берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резерві дәл осындай талапты жастарға бірегей мүмкіндік беретінін айтты.
– Бүгінде резервте 400 маман бар. Соның 280-і, яғни 70 пайызы орталық және жергілікті атқарушы органдарда жауапты лауазымдарға тағайындалды. Бірқатары квазимемлекеттік секторда және бизнес саласында еңбек етіп жүр. Осы орайда мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бұрынғы төрайымы Анар Жайылғанова кезінде осы бастаманы жүзеге асыруға мол үлес қосқанын атап өткім келеді. Қазіргі таңда елімізде ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекетімізді өркендету үшін жаңа, батыл қадамдар жасалуда. Сондықтан өздеріңіз сияқты еліміздің жалынды жастары осы өзгерістердің қозғаушы күшіне, мықты тірегіне айналуы керек деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мемлекеттік қызметшілерге тән жаңа мәдениет қалыптастыру, құндылықтарды өзгерту мәселесіне айрықша тоқталды.
– Заң мен тәртіп орнамаса, қазіргідей күрделі геосаяси жағдайда елімізді сақтап қалу қиын болады. Мұны бәрі түсінгені жөн. Тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, жалпы қоғам заңға бағынуға тиіс. Бұл демократия шектеледі деген сөз емес, керісінше, еліміздің егемендігін нығайтып, демократияны дамыта түседі, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мемлекет басшысы Президенттік жастар кадр резервіне өткен мамандарға зор жауапкершілік жүктелетінін атап өтіп, олардың негізгі мақсаты мемлекет мүддесі болуға тиіс екенін жеткізді.
– Көп ұзамай мемлекеттің игілігі үшін ең жауапты шешім қабылдайтын кезеңге тап келесіздер. Үкіметте болсын немесе квазимемлекеттік секторда болсын, ел басқару ісіне араласасыздар. Әлбетте, жеке секторда да еңбек етесіздер. Сондықтан мен сіздерге зор үмітпен қараймын. Ең алдымен, осы зор жауапкершілікті дұрыс түсінген абзал. Қай салада болмасын, негізгі мақсат мемлекет мүддесі болуға тиіс. Баршаңызға мәлім, мен жақында Үкіметте кеңейтілген жиын өткіздім. Қазақстанның жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыруға арналған нақты шараларға тоқталдым. Қазір біздің алдымызда өте ауқымды міндеттер тұр, – деді Президент.
Президенттік жастар кадр резерві тақырыбы мемлекеттік маңызы зор кадр саясатының құрамдас бөлігі болып саналады. Бұл біздің басылымның назарда ұстайтын тақырыптарының бірі болғандықтан, алдағы нөмірлерімізде оқырмандарымызға ауқымды сараптамалық материалдар ұсынатынымызды айта кетпекшіміз.