« М а ж а р – Т ұ р а н » қорының ұйымдастыруымен Будапешт маңындағы Бугац қалашығында түркі-ғұн мәдениеті мен дәстүрін жаңғыртуға бағытталған дәстүрлі «Бабалар күні» шарасы өтті. 2011 жылдан бері өткізіліп келе жатқан шараға Мажарстан, Моңғолия, Түркия, Әзірбайжан, Украина, Аустрия, Германия, Сербияда тұрып жатқан түркі халықтары қатысты. «Бабалар күні» ерте түркі-ғұн мәдениеті мен дәстүрін жаңғыртуға бағытталған. Шараға сондай-ақ Қазақстанның Мажарстандағы елшілігінің өкілдері қатысты. Қазақстан елшілігінің бірінші хатшысы Еділ Мырзахановтың айтуынша, жүз мыңнан астам адамның басын қосатын «Бабалар күні» – екі ел арасындағы мәдени, ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, бауырлас халықтардың бірлігін нығайтуға ықпал етеді. «Бабалар күні» – дәстүрлі фестиваль ғана емес, сонымен қатар түркі халықтарының өз тарихын түгендеп, ана тілі мен төл мәдениетінен қол үзбеуге, отбасылық құндылықты сақтауға, отансүйгіштікке тәрбиелейтін мереке.