Мәжіліс депутаты Б.Дүйсенбинов: Біздің азаматтардың құқығы тапталмауы керек

Мәжіліс депутаты Б.Дүйсенбинов:  Біздің азаматтардың құқығы  тапталмауы керек

Қай қоғамда да елдің сөзін сөйлеген,  халқымен бірге болған азаматтың шоқтығы биік. Ешкімге жалтақтамай, өз принципіне адалдық таныту көп қайраткердің осал тұсы. Содан көбі жалтақ,  өмірбаяны салтақ-салтақ.  Н.Назарбаев  дәуірінде де қазақ ұлтының жоғын жоқтаған,   алаштың асыл арманын жалғаған бір депутат бар. Ол Берік Дүйсенбинов. «Ақжол» партиясының  мүшесі. Өткір тілді, орақ ауызды азамат. Үнемі ұлттық мүдденің жағында, тура айтқанда турап түседі. Үкіметке жолдаған депутаттық сауалдарының өзі бір төбе. Өзекті деген бір-екеуін айта кетейік.  «Шенеуніктер де қазақша емтихан тапсырсын!» деп алғашқылардың бірі болып  Үкіметті қыспаққа алғанын қалай ұмытайық. 

Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, мемлекеттен қайта-қайта қаржы сұрайтын ұлттық компанияларды жабуды талап еткені бір аңыз. Кейін депутаттың сауалы шындыққа айналды. Үнемі халықтың жағында жүретін, ұлтының сөзін сөйлейтін депутаттың Арон Атабекке араша түсуі – елеулі жаңалық еді. Себебі халық талап етіп отырған нәрседен қалай бас тартпақ. Тура тартқан. «Мәжілістегі заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіне рақымшылық жасау» туралы заң жобасы түскенін, соны талқылау кезінде Арон Атабекке рақымшылық жасау туралы ұсыныс білдіргенін халық көрді. Анықтап айтсақ,  2006 жылғы «Шаңырақ» оқиғасынан кейін 18 жылға сотталып, соның 15 жылын түрмеде өткізген ақын әрі диссидент Арон Атабекке рақымшылық жасау туралы ұсынысты Қазақстан парламенті мәжілісінің сегіз депутаты ғана қолдаған. Соның көш басында  Берік Дүйсембинов тұр. 

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегенді алдыға мақсат етіп қойдық. Ел басына күн туған қиын шақта елім деп атылып шығып, халықтың сөзін сөйлейтін шенеуніктер бізде өте аз. Депутаттар жоққа тән. Бәрі билікке жалтақтайды, сол жақтың ауа райын бақылайды. Ал депутат Дүйсенбинов одан ада. Еркін ойлы. Ұлттық мүдде күресінде тілін тістеп қалудан аулақ. Жуырда Алматыда Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты қаңтар оқиғасынан зардап шеккен азаматтармен кездесті. Жиынға шаһардың билік өкілдері, адвокаттар мен құзырлы орган қызметкерлері де қатысты. Жиыннан кейін бүкіл шенеунік жөн-жөнімен кетіп қалыпты. Туыстары қамалған, ұсталған не зардап шеккен ағайынның алдына тек «Ақ жол» фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов ғана шығыпты. 

Депутат бейбіт шеруге шығып, заң бұзбаған тұрғындар жапа шекпеуі керек екенін айтты. Қолынан келгенше қолдау көрсетуге даяр екенін жеткізді. Тіпті, әлеуметтік желіге жеке ұялы телефонын жариялап, осы мәселе бойынша халықпен күн-түні байланыста болатынын мәлімдеді.

– Біздің азаматтарымыздың құқығы жерге тапталмауы керек. Заңсыз қудалауға, заңсыз қамалуға немесе заңсыз соққыға жығылған азаматтардың құқығын қалпына келтіруіміз керек. Біздің басты мақсатымыз осы, – деді ол сол жолы

«Бізге қамауға алынғандардың туыстарынан олардың істерін әділ қарауды және жазықсыздарды босатуды сұраған 70-тен астам арыз түсті. Одан басқа әлеуметтік желіде жариялаған жеке телефоныма да күніне ондаған арыз шағымдар түсуде. Өсіріп жеткізіп, енді қызығын көремін деп отырған балаларынан айырылып, түрменің табалдырығын тоздырып, ешкімнен пана таба алмай жүрген аналардың ащы зарын ешбір брифингтен ешқандай министр жеткізе алмайды. Аналардың көз жасы мен наласын өз көзімізбен көріп, жұбататын сөз таппадық, – дейді Дүйсенбинов.

Оның сөзінше, ұсталғандардың кейбіреулері жалпы топтың толқынына ілесіп, заңсыз әрекеттер жасағанын мойындап отыр.

«Бүгінде олардың көпшілігі өздерінің басқа мақсатта пайдаланылғанын түсініп, өкінуде. Ауыр қылмыстар мен кісі өлтірулер басталған кезде, алаңдағы топты тастап қайтып кетпек болғаны, алайда, белгісіз біреулер қарумен қорқытып, оларды тәртіпсіздік пен тонауға мәжбүрлеп, көпшілік арасынан шығуға мүмкіндік бермегені жайлы мысалдар да бар. Біздің фракция 26 қаңтардағы депутаттық сауалында бейбіт тұрғындарды ғимараттарды қиратқан бұзақылар мен кісі өлтірген қанішерлерден ажыратуды ұсынған болатын. Мемлекеттік төңкеріс жасап, жүздеген адамның өмірін қиғандар заң талабына сай қатаң жауапкершілікке тартылуы тиіс»,  – деді мәжілісмен.

Ел басына күн туғанда халықпен бірге болып, жоқтаушысы айналып, олардың зары мен мұңын билікке жеткізе білу – ұлтын қалтқысыз жақсы көретіндердің ісі. Мәжіліс депутаты секілді елдің сөзін билікке тура айтатын шенеуніктер бізде өте аз. Көбі жалтақ. Осыдан барып ел аңсаған демократия алыстан мұнартып тұр.

Бастаған ісін аяғына жеткізуге бел буған депутат Берік Дүйсенбинов осы жолда депутаттық мандатын тапсыруға да бел шешіп отыр. Мұнысы ерлік енді. Осындай ерлікті жоғарыдан халық күткелі қашан? Бірақ үнсіздік жалғасып жатыр. Халық пен биліктің арасын бұзатын да осындай әрекеттер. Әйтпесе жазықсыз жапа шеккен жұрттың көз жасына селт етер еді ғой. Қаншама боздақ нақақтан оққа ұшты. Қаншама жас абақтыда «жан алғыш полицайлардың» соққысынан, озбырлығынан зиян шегіп жатыр. Мүгедек болып мүжілгендердің обалы кімге? Жылаған әке мен зарлаған ананың көз жасынан қазақтың сайын даласының қабырғасы қайысуда. Ақпанның ақ бораны да жоқтау айтқандай боздап тұр.  «Қаңтар бұлғағы» да тарихқа айналар.  Замана әділ бағасын берер. Сонда көрерміз  ерлер пен ездердің ара салмағын. Әзірге депутат Дүйсенбинов жарап тұр.

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
17.02.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 70
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 592
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 708
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 621
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 631

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8767
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8166
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11395
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9149
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10380