Мәжілістің Бюро отырысында Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың осы күндері қабылдаған әрбір шешімдері, әрбір қадамдары ел тағдырын қорғауға және сақтауға бағытталған. Сондықтан, бірінші күннен бастап Парламент Мәжілісі Президенттің барлық бастамаларына жан-жақты қолдау көрсете отырып, заң деңгейінде нақты жұмыс істеуде»,— деді. Отырыс барысында депутаттар бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Атап айтқанда, жеке қосалқы шаруашылық туралы, кинематография және мәдениет мәселелері бойынша, тұрғын үй саясатын реформалауға қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары бар. Сондай-ақ, Палата комитеттері жұмысқа алатын құжаттардың қатарында Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейту және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экологиялық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобалары бар. Сонымен қатар, Палата депутаттары бірқатар ратификациялық заң жобаларын жұмысқа алды. Олар: толық емес жұмыс уақыты жағдайларындағы жұмыс туралы, Қазақстан мен Түркі Академиясына байланысты келісім және БҰҰ медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы конвенциялары.