Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов өңірге жұмыс сапарымен келген «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиевпен кездесті. Жүздесуде Ақтөбеде медициналық-фармацевтикалық кластерін құру жайы сөз болды. Кластер қолданыстағы және жаңа дәрілік заттарды өндіретін, медициналық техниканы шығаратын инновациялық кәсіпорындарды, ғылыми-зерттеу институттарын, жоғары оқу орындарын, технопарктер мен басқа да ұйымдарды біріктіруге және құруға мүмкіндік береді. Олардың барлығы бір-бірімен байланыста болмақ. Бұл жеке компаниялардың және жалпы кластердің бәсекелестік артықшылығын нығайтады. Жобаны іске асыруға әлемдегі жетекші медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмек өндірушілер, медициналық компания, орталықтар мен ғылыми институттар тартылады. Бастамаға өңірлік деңгейде жан-жақты қолдау болатынын алға тартқан облыс әкімі: «Біз денсаулық сақтау саласына инвестициялар тартып, озық технологиялар мен инновацияларды енгізуге, жоғары технологиялық медициналық техника өндірісін Ақтөбеде шоғырландыруға, фармацевтикалық өндірісті дамытуға, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға мүдделіміз. Біз осы бағыттар бойынша жұмысты қолдауға дайынбыз. Бастаманы одан әрі дамыту және ілгерілету мақсатында жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Оның құрамына бірқатар мемлекеттік органдардың, Ақтөбе жоғары оқу орындарының, «СК-Фармация» ЖШС және т.б. өкілдері кіреді. Жұмыс тобының мүшелері қысқа мерзім ішінде жобаны жүзеге асыру бойынша Жол картасын әзірлеуі тиіс», – деді.