Мектеп оқушысының жүкті болуы не масқара?!

Мектеп оқушысының  жүкті болуы не масқара?!

Ресми жыл басталғалы жаманды-жақсылы елімізде  өткен жылы болған қорытындылар, түйіндеулер, не істелінгені жайындағы деректер, дәйектер қаптап кетті. Теледидарда да, радиода да, әлеуметтік желілерде де небір статистикаларды жеткізуге асыққан білгіштерді тыңдағанда «бұлар мұның бәрін қайдан алып жатыр екен?» деген күдікке толы сауалмен, күмәнмен қарасаң да, бәрібір сенесің. «Өтірік айтпайтын болар» деген сенім де жоқ емес. Мәселен өткен аптада мәжіліс депутаттарының өздері отбасылардың ажырасулары жайлы ащы ойлармен қатар, деректер мен дәйектерді келтіріп, елді елеңдетті. «Әрбір үшінші отбасы ажырасады». Бұл бұрын да болған дерек.

Осы дерекке қосамжарласып «олардың көбісі өтірік ажырасады» деген пікір де қылаң берді… Өткен дүйсенбіде жан шошырлық тағы бір деректі тыңдадым. Бір жылда 638 мектеп оқушысы жүкті болып қалған. Масқара хабар! Әлбетте, бұндай келеңсіз оқиғалар бұрын да болған. Айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ осыншалық көбейіп кеткендігіне жүрегім қатты ауырды. Басқа – басқа, бесіктен белі шықпай жатып мұндай азғындыққа жасөспірім қыздарымыз қалай барды? Отбасы, ата-ана, мектеп қайда қарап отыр? Қызың оң жақтан тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай аялап, тап-таза күйінде тұрмысқа беретін қазағым қайда? Ұлттық құндылықтарымыз, салт-дәстүрлерімізден «қызды қырық үйден тыю» деген тыйымдарымыздан қалай ғана ажырап қалдық? Ау, ағайын? Намысымыз қайда кеткен?

Мұндай жағдай бір, он емес, жеті жүзге жуық! Бәлкім әлі де айтылмай жатқан, жасырын түсік жасағандар да бар болар. Қазағымыз бұрын осындай жағдайға ұшырағанда «сүйегімізге таңба болды» деп ондайларды қатаң жазалайтын еді ғой. Еңіреп жыла, қанша өкін, ренжі, қазіргі жағдай осы!

Бірде пойызбен келе жаттым. Бір вагонда бір топ жасөспірімдер әрлі-берлі жүгіріп, жолаушыларға маза бермеді. Ішіп алған. Ешкімді тыңдамайды. Кенет көрші купеден өтіп бара жатып сұмдық нәрсені көрдім. Тал түсте екі жасөспірім құшақтасып, аймаласып… Арғы жағын айта алмаймын. Ызаланып ақырып жібердім. Олар маған назар да аудармады. Менің түсінбегенім – ата-аналары оларды алыс жолға қалай жіберіп жүр? Неге іздемейді?

Иә, бұл өте ауыр жағдай. Не істейміз? Қалай мұны тоқтатамыз? Азғындықтар тура көз алдымызда болып жатыр. Ал бұған  біз  түк  істей  алмай  отырмыз. Жетімектер көбейді. Қайда кетіп барамыз? Алайда бір нәрсе істеуіміз керек. Ұлттық құндылықтардан ірге ажыратқан жас отбасыларды үйіріне қалай қайта қосамыз? Ойланайықшы, бір нәрсе істейікші, ағайын!

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ

 

31.01.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 14064
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 12878
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 16139
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 15042
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 20090