Мектепте тәп-тәуір оқыған бір ағамыз институтқа түсу емтиханында КРЕМЛЬ деген сөзді КІ-РЕ-МІЛ деп үш буынға бөлген екен, оқытушы оған сол үшін «екілік» баға қойыпты. Сөйтіп оқудан құлап, ауылға салы суға кетіп оралады. Келер жылы тағы сондай құдай атқан сөз кезігіп, онда да жолы болмай, оңбай сүрінеді. Содан соң ол ағамыз оқудан күдер үзіп, ауылда қалды. Егін екті. Қолынан кетпен түспеді. Әрине, одан жаман болмады. Еңбегінің жемісін жеді. Өсіп-өнді. Бірақ жұрт сияқты оқи алмағаны есіне түскенде, жүз грамды еріксіз сілтеп жіберетін. Ондайда «Мені құртқан – Кремль» деп әңгіме айта бастайтын. Кремлі жаңағы.
Ана тіліміздің табиғатын түсіне қоймаған надан кезімде ол ағама мен де күлетін едім. Кремльді үш буынға бөлгені несі деп. Сөйтсем, бұл күлетін нәрсе емес екен, жылайтын нәрсе екен. Біздің әуезді тілімізді орыстық үстемдік біржола құртуға айналғанын аңғармаппыз. Оны қазір де аңғарып, қырып бара жатқан түгіміз жоқ. Қайта әлгі ағамның, айналып қана кетейін, аузындағы қызыл тілі мен екі жағы, ерні мен езуі кірме дыбыстардың, сонымен бірге келген кірме сөздердің кесапатына ұшырай қоймаған екен. Ол КРЕМЛЬ деген құрып қалғыр сөзді үш буынға КІ-РЕ-МІЛ деп дұп-дұрыс бөліпті. Бізге жасап берген оқулықтағы ереже бойынша КРЕМЛЬ бір-ақ буын ғой. Өйткені біз ол сөзден жалғыз ғана дауысты дыбысты көріп тұрмыз. Бірақ қазақ оны үш дауысты дыбыс арқылы айтады.
Бұл жетпісінші жылдардың соңы еді. Одан бері де жарты ғасырдай уақыт өтті. Бірақ сол КРЕМЛЬ деген сөз қазақ тілі сөздігінде қатып-семіп әлі сол КРЕМЛЬ қалпында тұр. Оның КРЕМЛЬ емес, КІРЕМІЛ екенін айтып, түсіндіріп жүрген тіл білімінің нағыз ғалымдарын тіл білімінің жауыз ғалымдары мойындамайды. Оны мойындамағаны Ақымет Байтұрсынұлын да мойындамаған деген сөз. Өйткені Ақаңның «Cырттан бірен-саран жат сөздер келсе, оны (кірме сөзді – Н.С.) жаншып кеміріп, өз тілінің (қазақ тілінің – Н.С.) қалпына түсіріп... (жазу керек – Н.С.)» (А.Байтұрсынұлы, «Шығармалары», 4-том, 271-бет, А., 2013, «Ел-шежіре») деген даналық сөзі әлі күнге орындалмай келеді. Ақымет Байтұрсынұлын осы қағидасы үшін-ақ атып тастады деуге болады. Неге десең, «кірме сөздер, оның ішінде орыс тілінен енген сөздер, сол тілде қалай жазылса, қазақ тілінде дәл сонай жазылуы тиіс» деген қисынсыз ережені ендіру қажет болды. Осы ереже әлі күнге дейін күшін жоғалтқан жоқ. Өйткені осы есалаң ережені қолдайтындар баршылық. Сол себепті КРЕМЛЬ сияқты қазақты көре көзге басынған сөздер тілімізде әлі күнге дейін өріп жүр.
Ақымет Байтұрсынұлы ақталды, олай болса оның негізгі қағидалары неге ақталмайды? 2020 жылы қарашаның 24-інде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» жарлыққа қол қойған еді. Ол жарлық саяси қуғын-сүргін құрбандарын жай ғана ақтау емес, толық ақтау туралы айтылған. Ендеше Ақымет Байтұрсынұлының құнды қағидаларын да кешіктірмей ақтау керек. Қағидаларын ақтау дегеніміз – оны емлеге батыл енгізу ғана.