ЕЛ ТАЛҚЫСЫНА ТҮСІП ЖАТҚАН ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫ ҰЛТ МҮДДЕСІНЕ САЙ КЕЛЕ МЕ?

ЕЛ ТАЛҚЫСЫНА ТҮСІП ЖАТҚАН ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ  ЖОБАСЫ ҰЛТ МҮДДЕСІНЕ САЙ КЕЛЕ МЕ?

Ата Заң – ел тыныштығының, ел бірлігінің, жеріміздің тұтастығының, халқымыздың құқығының сақталуының бір кепілі! Бауыржан Момышұлы атамыз «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген. Сол тәртіптің асыл діңгегі – Ата Заң!

Қазақстан халқына таныстырылымға ұсынылған жаңа Конституцияны асықпай оқып шықтық. Айтатын уәж көп. Әрине, заң қасиетті кітап емес қой. Өңделеді. Толықтырылады. Халықтың ой-пікірі де ескеріледі. Талқыға түседі.

 

Заң – халықтың қорғанышы, панасы, қалқаны

 

Атақты Шер-ағаң, Шерхан Мұртазаұлының: «Заң – мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты» деген қанатты сөзі осындайда ойға оралады. Қандай мағынасы терең пайым! Егер осы сөзді тәпсірлесең, заң – халықтың қорғанышы! Тірегі! Сыртқы күштерден қорғайтын қалқаны! Панасы! Өмір сүру картасы!

Екінші қырынан келсең, билік басындағы шенеуніктердің өз билігін сақтау үшін, ойға алған істерін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қуатты құжат! Конституция арқылы халыққа еркіндік беруге де, аяқ-қолдарын байлап-матап қоюға да болады! Осыны түсінетін көзі ашық азаматтардың үнсіз қалмай, өз пікірлерін білдіріп жатуы соның айғағы. Бұл – еліміздегі нағыз демократиялық қадамның көрінісі!

Нақтылап айтар болсақ, заң – халықтың тағдыры! Асыл дінімізде де «Менің тағдырыма осылай жазылып қойған» деп бейқам жатуға еш болмайды. Әрекет ету керек! Әрекетте берекет бар! Ата Заңның алғашқы бабында да «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам жəне адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп тайға таңба басқандай жазылған. Жердің асты мен үстінің байлығы да халыққа тиесілі. Олай болса, конституциялық реформаға Қазақстан халқы бей-жай қарамауы заңдылық!

Отыз жылдай тәуелсіз еліміздің тірегі болған Конституцияға жаңа реформа жасалуда. Ширек ғасыр ғұмыр кешкен Ата Заң сол кезеңнің түйткілді мәселелерін шешу үшін, кейбір саяси жағдайлардың ығына жығылу үшін, кеңестік кезеңнен шыққан қоғамды дүрліктірмеу үшін, тәуелсіздікті сақтап қалу үшін жалпақшешейлікке де салынып, кейде есесін де жіберіп, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай алып шықты. Ел еңсесін көтерген тұстағы Конституцияға жасалған жаңа реформа қазақ мүддесіне оңтайлы ма, жұрттың көңілінен шыға ма? Бұл енді үлкен мәселе. Түйінді шаруа.

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын жариялағалы ел ішінде алуан-алуан пікірлер айтылуда. Біреулер жақтаса, біреулер ерін бауырына алып тулап жатыр. Пікір қайшылығы да көп. Бұл – демократиялық елге тән құбылыс. Көптің көңілінен шығу да оңай емес. Әр кәлләда бір қиял демекші, әр адамда бір арман!

Екі аптаға созылған конституциялық реформаны өте жылдам дайындалған заң болды деп сынап жатқандар да жетерлік.

Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бірпалаталы Парламент құру жөніндегі бастамасының негізінде туындағаны белгілі. Президент бұл идеяны 2025 жылғы 8 қыркүйекте өзінің халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауында елдің саяси жүйесін кешенді жаңғырту және жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі оң серпін беру мақсатында айтқаны есте.

2025 жылғы 8 қазанда Парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойылды. Оның құрамына белгілі құқықтанушы ғалымдар, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді.

Алайда ел арасында, әсіресе әлеуметтік желілерде «талқылауларға барлық белсенді азаматтар қосылып, өз пікірлері мен ұсыныстарын «e-Otinish» және «eGov» порталдары арқылы жолдай бастады. Осылайша, жаңа реформаны кеңінен әрі қарқынды талқылау шамамен алты айға созылды. Осы кезең ішінде Жұмыс тобы азаматтардан түскен екі мыңнан астам ұсынысты жан-жақты қарап, жүйелеп шықты» деген комиссия шешіміне наразылар аз емес.

«6 ай бойы халық талқылап, ұсыныс жіберді депті. Өздері талқыламаса, біздің хабардар болғанымыз кешегі Ұлттық Құрылтайдың жиналысы емес пе?! Жоқ әлде мен естімей қалдым ба?! Комиссия құрамына елдің барлық аймағы мен әлеуметтік топтары қамтылды депті. Бай, кедей, журналист, жазушы, ақын, мобилографтардың қажеті қанша?! Қайда мықты заңгерлер?! Зиманов, Сартаев, Сапарғалиевтардың өздері болмаса да, ізбасарлары қайда? Жоқ емес, бар ғой?» деп ащына жазып жатқандарды көзге ілмей кетсек, арға сын!

«Бұл құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды мұқият талдаудың, ашық қоғамдық талқылаулардың, сондай-ақ жаңа нормалар мен ережелерді жан-жақты әрі тиянақты пысықтаудың нәтижесінде пайда болды» деп комиссия мүшелері де айтудай-ақ айтып жатыр. Біреуді кінәлаудан аулақпыз. Бәрін де әр адамның өз ұяты мен арына, ұстанымына қалдырайық! Тарих таразы.

Сонымен, Конституция комиссиясы жаңа Конституция жобасын көпшілікке ұсынды. Екі апта ішінде әзірленген Конституция жобасы 11 бөлім, 95 баптан тұрады. Бірден айтайық, жаңа Конституцияның әр бетінен біртүрлі жылылық еседі. Ұлттық танымға деген жақындық сезіледі. Президентіміздің Жолдауларындағы ұлттық рухты көтеретін мағынасы терең атаулар жаңа Конституцияда бой көрсеткені құба-құп дерлік!

Қазақстанда тұратын әр азамат жаңа заң үлгісін оқып шығуы тиіс. Өзінің құқығының қалай сақталғанын білу үшін, өмір сүріп жатқан ортасының қаншалықты тірлік кешуге оңтайлы екенін сезінуі үшін.

 

Қос азаматтыққа жол жоқ!

 

Алайда тіл туралы баптың «Орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген екінші тармағы өзгеріссіз қалғаны тіл жанашырларының шымбайына батқанын жасыруға болмас.

9-бап

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі.

Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Мемлекет біртұтас Қазақстан халқының тілдерін үйрену және дамыту үшін жағдай жасауға қолдау көрсетеді.

Тіл – ұлттың жүрегі десек, оның отыз жылдан аса өзге тілге донор болып келгені айдан анық. Ұлттың саны көбейіп, қазақтың еңсесі көтеріліп келе жатқан заманда, бойын тіктеп көрсетуге именгендей халге түсуі жүректі ауыртқаны рас. Мүмкін біз түсінбейтін шығармыз сыртқы саясатты. Күштінің құйрығы диірмен тартып тұрған заманда қазақ тілінің көсегесі көгермейтін де шығар бәлкім...

Көптің көкейіне қонбаған баптың бірі – Мажоритарлық жүйенің жойылуы. Бұның зардабын тартып жүрмесек бопты да. Әділетті Қазақстанда әділетсіз сайлаулар орын алып жатса, баяғы жартас бір жартас болып кете ме деген елде қауіп барын да айта кету міндет.

Бізге Ата Заңдағы 12-баптың үшінші тармағы ұнады. Бұл өзі бұрыннан сөз болып жүрген тақырып еді.

... 3. Қазақстан Республикасының азаматында қос немесе көп азаматтығы болуына жол берілмейді. Өзге ел азаматтығының болуы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болады.

Елімізде жыланның айыр тілі секілді Ресей мен Қазақстан азаматын қатар алып, талтаңдап жүрген адамдар туралы көп айтылады. Осы заң күшіне мінсе, оларға тықыр таянбақ.

8-баптың 3-тармағына «жер шетел азаматтарына сатылмайды» деп анық жазылу керек пе еді.

9-баптың 2-тармағына орыс тілімен қатар ағылшын тілі де жазылғанда дейсің.

72-баптың 1-тармағы бойынша: Конституциялық соттың төрағасын, оның судьяларын Президент тағайындаса, ол қалай тәуелсіз орган болады?!

Елімізде діни мәселе өте өзекті. Мұны айналып өту  жанып тұрған отқа май тамызғанмен бірдей! Бірақ бір байқағанымыз, конституциялық реформа мүшелері ішінде дін мамандары жоқ тәрізді. Оларсыз дін мәселесін талқылау, баптарға түзетулер енгізу тіпті мүмкін емес.

Қазақ халқы ұстанған Әбу Ханифа мазхабын жоққа шығарып, пайғамбарға тіл тигізіп, Құранға қарсы шыққандарды ауыздықтау – ел іргесін нығыздау емес пе! Конституциялық реформада мұның бірі ескерілмегені қалай?

Ел болғасын түрлі пікірлердің, сан алуан көңіл күйдің болуы заңды. Ұсынылған заң жобасын қолдап жатқан азаматтардың бірі, белгілі журналист Оңғар Қабден әлеуметтік желіге өз пікірін былай жазыпты:

«Ата Заңның жобасымен танысып шықтым. Конституциямыздың преамбуласы толықтай жаңартылған. Онда ұлттық құндылықтарымыз нақты көрсетілген.

«Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтап» деген сөзде тамырымыздың тереңге кеткені, мемлекеттігіміз бен өркениетіміз ежелден басталатыны айқын аңғарылады. Қазақстанның унитарлы сипаты, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтыны преамбулада атап көрсетілген. Бұл – еліміздің егемендікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға басымдық беретініміздің белгісі десек болады.

Сонымен қатар преамбулада «Әділетті Қазақстан» идеясы және «Заң мен тәртіп» қағидаты көрініс тапқан. Азаматтардың құқықтары, бостандықтары мүлтіксіз сақталатыны айқындалған. Мұның бәрі әділетті мемлекеттік билік қалыптастыруға ұмтылыстың белгісі.

Жаңартылған Конституцияның преамбуласы Қазақстанның бүгінгі болмысын да, болашақ бағдарын да айқын көрсетеді. Адам құқықтары мен бостандықтарының үстемдігі, этносаралық және конфессияаралық келісім, мәдениет пен білімге, ғылым мен инновацияға басымдық беру – бәрі де кемел мемлекет пен жауапты қоғамның ортақ құндылықтарының көрінісі.

Бұл преамбула тәуелсіздік кезеңін ғана емес, қалыптасқан, өз жолын айқындаған, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігін сезінетін Қазақстанның жаңа қоғамдық келісімін паш етеді деп үміттенемін».

Қазақстан халық жазушысы, Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры Смағұл Елубай мырза да заң жобасының жаңа нұсқасына разы.

«ҚР Конституциясының жаңа Жобасы Ата Заңымызды заман талабына сай жаңғыртуды көздепті. Жобада ең алдымен өзгермейтін құндылықтарымыз – адами құндылықтарымыз алға шығарылған. Одан кейін Тәуелсіздігіміз, унитарлы территориялық тұтастығымыз алтын әріппен жазылғандай жайнайды. Адамның жеке өміріне қол сұқпау, оны азаптамау, қинамау керек деген бап түсінікті тілмен жүрекке бірден жетеді. Сот тәуелсіздігі, әділ сот адам құқықтарын қорғаудағы мемлекет міндеттері екені баса айтылған. Әрине дейсіз. Осылай болуға тиіс! Жаңа Ата Заңымыз осылайша адам құқықтарын қорғауды әспеттеуге тиіс! Өйткені адам, яғни Қазақстан азаматы, мемлекет қамқорлығына еш күмән келтірмеуге тиіс! Сонда ғана әр отандас Отанымызды шүбәсіз сүйері хақ! Бізге керегі осы. Егемендік иесі осы азаматтар. Әрине, Жаңа Жоба осылайша қағаз жүзінде ғана әп-әдемі болып қалып қоймаса екен! Ертең іс жүзінде де мінсіз жұмыс жасаса екен дейміз! Оны іс жүзінде де мінсіз ету сіз бен біздің, яғни 20 млн Қазақстан халқының қолында».

 

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ӨЗГЕРІСКЕ СЫНИ ПІКІР АЙТУШЫЛАР НЕГЕ СҮЙЕНЕДІ?

 

Әлеуметтік желідегі пікірлерге көз жүгірте отырайық.

 

Думан Рамазан, жазушы: 

«Ата Заңның жаңа жобасын қарап шықтым. Өзім келіспейтін баптар баршылық. Қалғаны жөнделер, негізгілерін ғана айтайын.

Біріншісі, «мемлекет құрушы ұлт – қазақтар, қазақ халқы» деп анық та қанық жазылуы керек.

Екіншіден, мемлекеттік тіл жеке-дара – қазақ тілі болуы керек. Онымен ешқандай тіл теңеспеуі керек.

Үшіншісі, жер жекеменшікке берілмеуі керек. Шетелдіктерге ешқашан сатылмау керек. Жерді сатамыз деп Палестинада не болғанын білесіздер ғой! Әлі күнге дейін бастарынан қара бұлт ыдырамай келеді. Тарихтан сабақ алуымыз керек.

Төртіншісі, Қазақстанда ешқандай аймақ пен қалаға ерекше құқық берілмеуі керек. Бұл да өте қауіпті. Жаңа – жеке мемлекетке жол ашу деген сөз. Өзімізді өз қолымызбен тұншықтыру.

Осы ескертпелерді Ата Заңды жасаушылар мен қабылдаушылар ескерер деген ойдамыз».

 

Досай Кенжетай, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор:

«Конституция жобасында «…орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген тұжырым туралы. Бұл жерде қазақ тілі мемлекеттік, ал орыс тілі де-факто екінші мемлекеттікке тең мәртебе алып тұр. Меніңше, бұл жердегі негізгі конституциялық проблема – «тең қолданылады» деген құқықтық тұрғыдан берілген тең мәртебе жайлы болмақ. Конституциялық құқықта тең қолданылады деген тең құқықтық статус деген сөз. Бұл формула мемлекеттік тілдің ерекше мәртебесін жояды. Яғни, унитарлық мемлекетке тән бір мемлекеттік тіл қағидасын әлсіретеді. Мемлекеттік тіл деген статустың мазмұны бос болып қалады.

Егер барлық мемлекеттік органдарда, барлық ресми қатынаста екі тіл тең қолданылса, онда «мемлекеттік тіл» атауы жай декларацияға айналғаны. Мемлекеттік тіл – символ емес, басым құқықтық құрал болуы керек. Құқық пен міндет шатастырылған сияқты.

Меніңше, азамат қалаған тілінде сөйлеуге құқылы, ал мемлекет мемлекеттік тілде жұмыс істеуге міндетті. Ұсынылған нормада мемлекеттің міндеті жоқ, керісінше, мемлекеттік тіл баламаға айналып тұр. Халықаралық унитарлық тәжірибеге қайшылық анық. Унитарлық мемлекеттерде (Франция, Жапония, Польша) бір мемлекеттік тіл бар, бірақ басқа тілдерге қолдану кепілдігі беріледі. Бірақ тең мемлекеттік мәртебе берілмейді. Сондықтан Қазақстандағы бұл формула – ерекше, қауіпті гибрид десе де болады.

Конституциядағы екіұштылық қауіпті, өйткені ертең кез келген орган қазақ тілінде жұмыс істеуге міндетті емес деп түсіндіре алады. Сотта, әкімшілікте, Парламентте мемлекеттік тіл шетке ысырыла салуы әбден мүмкін. Бұл реалды мәселені құқықтық тұрғыдан емес, бүгінгі саяси инерцияны Конституциямен бекіту ғой, расында. Оның орнына «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында орыс тілі және басқа тілдер заңда көзделген тәртіппен қолданылады» десе бітті. Бұл норма тілдік төзімділікті емес, мемлекеттік тілдің құқықтық салмағын жояды. Мәселе орыс тілін қолдануда емес, оны мемлекеттік тілмен теңестіруде.

 

Ұсынылып отырған редакцияда:

«В государственных организациях и органах местного самоуправления русский язык официально применяется наравне с казахским языком». Сонда, «мемлекеттік тіл» мәртебесі қайда қалды? Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тіл ұғымы өзінің мәні бойынша мемлекеттің негізгі басқару тілі, ресми іс жүргізудің басым құралы болып табылады.

Ұсынылған нормадағы «наравне с казахским языком» формулировкасы қазақ тілінің айрықша құқықтық мәртебесін жояды, мемлекеттік тіл мен өзге тілдердің арасындағы құқықтық айырмашылықты жойып, оларды теңестіріп жібереді. Бұл мемлекеттік тіл институтының конституциялық мазмұнына қайшы.

Осылайша, ұсынылып отырған норма орыс тіліне де-факто екінші мемлекеттік тіл мәртебесін береді. Конституцияда көзделмеген қос мемлекеттік тілдік модельді қалыптастырады. Бұл Қазақстан Республикасының унитарлық және конституциялық тіл саясатына сәйкес келмейді. Конституциялық стандарт бойынша азаматтардың өз ана тілін немесе қалаған тілін қолдану құқыққа жатса, ал мемлекеттің басқару, іс жүргізу, ресми коммуникация тілі міндетке жатады.

Унитарлық мемлекеттердің басым көпшілігінде бір мемлекеттік тіл бекітіледі. Басқа тілдерге қолдану кепілдігі беріледі, бірақ олар мемлекеттік тілмен теңестірілмейді. Ұсынылған редакция халықаралық конституциялық стандарттарға сәйкес келмейді.

Бұл норма қабылданған жағдайда мемлекеттік органдар қазақ тілінде жұмыс істеуге міндетті емес деген түсіндірме пайда болуы мүмкін. Мемлекеттік тілдің практикалық қолдану аясы тарылуы ықтимал. Тілдік саясатта құқықтық емес, әкімшілік инерция қабылданғаны жөн емес.

Ұсыныстар: Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі айрықша мәртебесін нақты әрі міндетті бекіту керек. Орыс тілінің және басқа тілдердің қолданылуын, азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында, жай заңдармен реттелу керек. Конституцияда тілдерге қатысты нормаларда «тең қолданылады» сияқты құқықтық тұрғыдан екіұшты формулировкаларды қолданбау керек.

 

Ардабек Солдатбай, журналист: 

«Ақылға сыймайды. Дін мемлекеттен бөлек дейді. Яғни, діннің мемлекетке, оның заңдарына, қағидаттарына, қоғамның тыныс-тіршілігіне еш қатысы жоқ дейді. Сөйтеді де діни қызметтер заңға сәйкес жүзеге асырылады дейді. Қажет болса дінді мүлдем шектеп тастаймыз дейді. Сонда қалай?

Мемлекеттің бүгіні мен ертеңі үшін, адамдардың бүгіні мен ақыреті үшін ең маңызды бап осы еді ғой. Бұл бап былай болуы тиіс:

7-бап

Қазақстан – Ислам дініндегі мемлекет. Өзге дәстүрлі дінді ұстанушыларға заң аясында тең еркіндік беріледі.

Адамдардың діни сенімін қорлау заңмен қудаланады. Қазақстан аумағында діни ұйымдардың қызметі заңға сәйкес жүзеге асырылады және ол конституциялық құрылыс негіздерін, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығын және қоғамның адамгершілік болмысын қорғау мақсатында шектелуі мүмкін».

Әлеуметтік желіде елге ұсынылған жаңа конституциялық заң жобаларына, оны дайындаған комиссия мүшелеріне не айтылмай жатыр. Мақтаудан даттау көп. Құптаудан сынау көп. Елге танымал азаматтар да, қарапайым халық та пікірлерін еркін жазуда.

 

Құдиярбек Ағыбай, ФБ белсендісі: 

«Бізде «қазақ» атауынан сескенетін, қорқатын, жалтақтайтын сәт сол Тәуелсіздік алған тұста пайда болды. Бұл – Елбасы Назарбаевтың да күткен саясаты еді. Мемлекетшілдігі аз, жасқаншақ ұлтты басқару, айдауына көндіру қолай болды. 71 жыл «Қазақ Республикасы» боп келіп, неге табан астында өзгеріп шыға келдік?! «Диаспора» деген сөзді неге депутаттар «Этнос» деп атайды? Енді келіп, сонау КСРО-ны еске түсіргенде ғана «Қазақ Республикасын» осылай болғанбыз деп айтып жүреміз бе? Рухы өлген халық бір-бірін жамандайды, көрге тығады. Қазір жақыннан жау іздеп, тіпті, руға, жүзге бөліну, өлген әруақтардың мазасын алу белең алып бара жатқаны өтірік емес.

Меніңше, «Қазақ Республикасы» деген сөз – мұнда тұратын ешбір ұлт пен ұлыстың құқықтарын шектемейді. Қырғыздар мұны ерте түсініп, Ата Заңында «Қырғыз Республикасы» деп көрсетті. Мұндай нақтылық қайта халықты біртұтастыққа, бірлікке бастап, жақындастыра түседі. Ал қазақ халқын іштей бөлінушіліктен сақтап, рухын көтереді».

 

Аятжан Ахметжанұлы, білікті ұстаз: 

«Ата Заңның жаңа жобасын қарап шықтым. Жақсы жақтары, өзіме ұнаған тұстары көп. Бірақ келіспейтін баптар да баршылық. Ұнағандарын жұрттың көбі мақтап жатыр ғой. Өзгерсе екен деп армандайтын тұстарын жазып, азаматтық пікірімізді айтайық.

Бірінші. Тәуелсіздік алғалы сан мәрте түзетулерді айтпағанда, үшінші Конституцияны (1993, 1995, 2026) қабылдағалы жатырмыз. Осы орайда жаңа Конституциямен бірге елдің атын Қазақстан Республикасы емес, Қазақ Республикасы деп жазылса, СТАН сөзінен құтылсақ дұрыс болар еді.

Екінші. «Мемлекет құрушы ұлт – қазақ халқы» деп анық та қанық жазылуы керек. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі – Қазақ халқы (4-бап, 1-тармақ осылай болса). Көпұлтты емес, бір ұлтты, көп этносты мемлекет екеніміз анықталса.

Үшінші. Мемлекеттік тіл тек қана – қазақ тілі болуы керек. Онымен ешқандай тіл, ешқандай жерде, ешқандай жағдайда теңеспеуі керек. Яғни, бұрынғы 7-баптың (қазіргі 9-баптың 2-тармағы) толық алынып тасталуы керек.

Төртінші. Мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметте және ұлттық компанияда қызмет ететін кез келген азамат білуі міндетті деген норма енуі қажет.

Бесінші. Жер шетелдіктерге ешқашан сатылмауы, жалға берілмеуі керек. Қазіргі әлемде болып жатқан оқиғалардан сабақ алуымыз керек.

Алтыншы. Қазақстан біртұтас, унитарлы мемлекет, сондықтан елімізде ешқандай аймақ пен қалаға ерекше құқық берілмеуі керек. Бұл өте қауіпті. Қазір қауіпсіз болса да, болашақта салдарына ие бола алмай қалуымыз мүмкін. 

Менің жеке һәм азаматтық ұстанымым осы. Орындалуы арман болса да, елдің ертеңі, ұлттың болашағы үшін азаматтық көзқарасымызды білдірейік».

 

ЗАҢГЕР АКАДЕМИКТІҢ ӨКІНІШІ ӘРІПТЕСТЕРІНЕ САБАҚ БОЛА МА?

 

PS: Ел талқысына түсіп жатқан жаңа конституциялық жобаға қатысты сыни пікірлер үдеп тұр. Тіпті Мәжілістегі 98 депутаттың тым құрыса біреуінің өзгеріске түсіп жатқан Ата Заңдағы мемлекеттік тілге қатысты үн қатпауы көпшілікті қайран қалдыруда. «Жайшылықта ауыз жаппас, той деген де өлең таппастың» кебі ғой бұл. Халық қалай ашынбасын!

Ата Заңдағы 48-баптағы мына сөйлемдер түсініксіз және түрлі ойларға итермелейді. Оқып көрейікші.

Қазақстан Республикасының Президентіне, оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиісуге болмайды. Мұны дұрыс дейік.

Жалғасында: «Мемлекетке опасыздық жасауды қоспағанда, Президент өкілеттігін атқару барысындағы әрекеті үшін Қазақстан Республикасының Президенті қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылмайды». Осы жерде бір кілтипан бар. Нақтылануы керек. Әйтпесе Президент өкілеттігін атқару барысында қателіктер жасаса, күнә істесе, ұлтына қиянат жасаса, қазба байлықтарды жеке басына пайдаланса, заңды бұрмаласа т.б. қылмыстан жалтарып кетуі керек пе? Бұл ойланатын мәселе! Бұған жеңіл қарауға болмайды. Бүгінгі Президент бұндайға бара қоймас, келешекте билікке келетін адамның не ойлағаны барын кім біледі?

Қазақстан Республикасының Президенті мен оның отбасын қамтамасыз ету, қызмет көрсету және күзету мемлекет есебінен жүзеге асырылады.

Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының экс-Президенттеріне де қолданылады. Демек Ата Заңымыз президенттіктен кеткен экс-терге де өле-өлгенше «қамқорлық» көрсете бере ме? Біздіңше, шектеу болу керек секілді. Бәлкім осы баптарға заңды қатайту керек сияқты ма, қалай?

Тарихтан тағылым алу үшін белгілі жазушы Темірғали Көпбайдың «Ата Заң авторының» өкініші туралы жазған естелігінен үзінді келтірмекпіз. Онда белгілі заңгер, Ата Заңды жазушылардың бірегейі, академик Сұлтан Сартаев сыр шертеді. Сыр емес-ау, мұң шертеді. Бұл естелік бәлкім Парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі жұмыс тобына ой салар. Ойланар! Біздің тілегіміз, халықтың арманы: өкініші көп тарих қайталанбаса екен!

«...Иә, Ата Заңды жазғандардың басы-қасында жүргенім рас. Ол бір күрделі кезең еді. Әуелі елімізде «Президент қызметін белгілеу туралы» Заң даярладық. Мен осы тұста оңбай қателескен екенмін», – дейді академик.

– Ол қандай қателік еді? – деп отырғандар ынтыға түсті.

– Адамға сенгеннен болған қателік.

– Сонда қалай?

– Бастапқы кезде бірінші басшының елге деген ниеті дұрыс болатын. Саясаттың барлық сатысынан өткен. Өзі жас. Алғыр да ақылды басшы. Жүзінен нұр есіп тұратын. Мен оған пайғамбардай сендім. Ел басқаруға одан өзге лайықты адамды елестете алмайтынмын.

Бірде ол мені өзіне шақырып, ақылдасты. Елдегі саяси жүйенің жағдайын айтып: «Біз Еуропа елдеріндегідей қоспалаталы парламенттік ел болуымыз керек. Заңды парламенттік басқару жүйесіне бейімдеп жазыңыздар» деп тапсырды. Әттең! Сол бағытпен жүруіміз керек еді...

– Сонымен не болды?

– Мен Қазақстанға парламенттік емес, Президенттік басқару жүйесін енгізуді ұсындым. Жанары жарқ етіп, жүзіме тесіле қарады да: «Жоқ! Дамыған елдердің барлығында парламенттік жүйе қалыптасқан. Солардың жолымен жүруіміз керек. Демократия да, экономика да соларда. Халықтары бақытты. Біз ең бірінші кезекте халқымыздың жағдайын ойлауымыз керек. Басқаша болмайды» деді ол.

Мен өз позициямды дәлелдеп бақтым: «Парламенттік елде екі мерзімнен артық президент болып сайлана алмайсыз. Өзіңіз бастаған кейбір мемлекеттік, экономикалық макрожобаларды, ұзақ мерзімді бағдарламаларды соңына жеткізуге уақыт тарлық етеді. Ал Президенттік басқару жүйесін енгізсек, кейін Конституциялық Кеңес арқылы Ата Заңды өзгертіп, басқару мерзімін ұзартуға болады. Осы жағын дұрыстап ойланыңыз» дедім.

Ол кісі: «Әлі де ойланып көрейік» деп қалды.

Арада бірнеше күн өткен соң мені тағы да шақырды. Бардым. Ол қолымды қысып: «Мен асықпай ойландым. Сіздің ұсынысыңыз орынды екен. Сондықтан Президенттік басқару жүйесін енгізген дұрыс деп шештім. Іске сәт!» деп, Заңды тездетуді тапсырды.

Міне, содан бері біздің халқымыз менің сол қателігімнің зардабын тартып келеді. Патша тағына қолы бір жеткен адам одан өлгенше айырылғысы келмейтінін ойламаппын. Шексіз билік адамды қатты өзгертіп жібереді екен. Ол кісі мүлдем басқа адамға айналып кетті. Менің үмітім мен сенімім тас-талқан болып күйреді. Әбден тоналған елдің жағдайы қандай күйге түскенін ойласам, жүрегім езіледі. Жанымды қоярға жер таппаймын. Әттең! Әттең!...

Өткеннен сабақ алған дұрыс қой. Осындай өкініш күндердің күнінде Ата Заңды реформалап жатқандардың өкінішіне айналмасына кім кепіл?!

Бір заманда Парламентте күндей күркіреп отырған қайран Шер-ағаң «Бір кем дүние» кітабында: «Заң дегеніміз – өрмекшінің торы: әлсіздер тұтылып, әлділер құтылып кете береді» депті.

Неге олай деді екен?!

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
05.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23072
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 22827
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 38853
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36364
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40454