Мінезді мейіріммен түзеу – мүмкін нәрсе

Мінезді мейіріммен түзеу – мүмкін нәрсе

Тұрмыс-тіршілігімізге, қазақы таным-түсінігімізге жат, тіпті тосын дүниелер дендеп ене бастағалы бері бала тәрбиесіне жете мән беру өткірленіп барады. Отбасыдағы тәрбие мән-маңызы жөніндегі «бала солқылдақ көк шыбық тәрізді, жас күнінде қайда исең, сол бағытта бой түзеп өседі» деген халық тәмсілі күні бүгінге дейін өзектілігін жойған емес. Баланың өмірдегі басты бағдаршысы – ата-анасы. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демей ме?! Ата-ана баланың тұлға ретінде қалыптасуы үшін ізгілік пен мейірбандыққа баулу, адамгершілік ізгі қасиеттерді бойына сіңіру, өмірлік ұстанымын айқындау үшін басты қағида екендігін ұғынса дейміз. Не дегенмен осы бір бала жан-дүниесін ұғыну деген нәзік тұста олқы түсіп, кейін опық жеп жататын әке-аналар жиі ұшырасып жатады.

Осындай ойдың жетегінде Маңғыстау облыстық арнаулы білім беру ұйымына бас сұқтым. Мекеменің бұрынғы атауы – девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернат. Девиантты мінез-құлық өрескел іс-әрекеттерге жиі баратын, қоғамдық мүлікті қиратудан, бүлдіруден тайсақтамайтын, жаға жыртысып, жұдырық ала жүгіруге әуес, бейпіл ауыз, ызақор балаларға тән. Аталған орталықта осындай балалармен тәрбиелеу мен білім беру бағытында жұмыстар жүргізіледі. Жалпы мекеменің қызметі, міндеті мен мақсаты жөнінде орталық директоры Амангүл Човдурбаевамен сұхбат құрған едім.

– Амангүл ханым, сіз жетекшілік ететін орталық қызметінің негізгі бағыты қандай?

– Біздің мекеменің негізгі қызметі – өз отбасынан, оқу-тәрбиелеу ұйымдарынан үнемі кетіп қалатын, білім алудан қасақана жалтаратын, қоғамға жат іс-әрекеттер мен құқық бұзушылықтарды жүйелі түрде жасайтын 11 мен 18 жас аралығындағы кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту мен әлеуметтік оңалту. Жүгенсіз кеткен жас жеткіншектер біздің ұйымға «ҚР-ның «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» №591 Заңына және ҚР Білім және ғылым министрлігінің №375 бұйрығына сәйкес сот шешімімен 1 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге жолданады. Бүгінгі таңда орталықта 6 бала орналасқан. Олардың төртеуі – ұл, ал екеуі – қыз бала. Бірі – Нұр-Сұлтан қаласынан, тағы бірі – Атыраудан, Ақтаудан бір, Жаңаөзеннен екі бала, сондай-ақ Мұнайлы ауданынан 1 бала бар. Бүгінгі таңда балалармен 6 тәрбиеші жұмыс жасайды. 

Балалар бекітілген оқу жоспары мен сабақ кестесіне сәйкес оқиды. Тәрбиеленушілер осы ғимаратта жасақталған оқу корпусында білім алады. Оқу жылының басында жыл бойғы оқу-әдістемелік жұмыстың жоспары бекітіліп, соған сәйкес іс-шаралар жүргізіледі. Пән мұғалімдері оқу үлгерімі төмен, сабаққа ынтасы жоқ балалармен жекелей жұмыс жасап, оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында әр алуан кәсіби әдіс-тәсілдерге жүгінеді.

Пандемия тұсында оқу үдерісі санитарлық талаптарды қатаң сақтай отыра штаттық режімде жүргізілді. Балалар mektep.edu оқу платформасында тапсырмаларды орындап, бейнесабақтарды қарап, ғаламтор желісі арқылы ұстазбен байланысын үзген жоқ.

Бүгінде тәрбиеленушілер жазғы демалыс кезінде бос уақытын тиімді пайдалануды көздеп, «Жасыл ел» еңбек жасағының құрамында жұмыс жасауда. Таңғы сағат 9.00-ден 13.00-ге дейінгі аралықта қала аумағын абаттандыру-көгалдандыру жұмыстарына атсалысуда.

– Өз тәжірибеңізге жүгіне айтсаңыз, балалардың өрескел әрекеттерге баруына не түрткі болады деп ойлайсыз?

– Жеке өз пікірім, көбіне ата-ана тарапынан қараусыз, қадағалаусыз қалған балалар қылмысқа жанасып, бұзақылыққа бой ұрындырады. Ішімдікке үйірсек, есірткіге әуес, бір сөзбен түйіндесек, өз басымен әлек әке не ана баласына көңіл бөлу түгілі, көз қырын салуға мұршасы жетпейді. Жетім жүрек бүлдіршін осыдан жатбауыр боп суынып кетеді. Біздің орталыққа жолданған жастар мейірімге зәру. Өскен ұя, өмір сүрген орта, отбасындағы қарым-қатынас мінез-құлықты қалыптастырады. Ұстамы мығым, ұстыны нық ұл-қыз өсірем деушілер осыны ескеруі тиіс. Маған «ата-анасына, ұстазына бағынбаған балалардың қалай тілін табасыз» деген сауалды жиі қояды. Мен әрбір тәрбиеленушіні жақын тартып, жекелей жұмыс жасаймын. Ең алдымен орталыққа орналасқан балаға тәртіп пен ереже мұқият түсіндіріледі. Бастапқы кезеңде ашу-ызасын, эмоциясын еркіне бағындыра алмайтын балалар біртіндеп тәртіп пен өзара түсіністікке негізделген қарым-қатынасқа бой үйрете бастайды. Бұл жағдайда психологтардың еңбегі өте зор. Тәрбиеленушілермен психологиялық қызметтің төрт негізгі бағыты бойынша жұмыстар жүргізіледі. Мәселен, психодиагностика бойынша люшер тесті алынып, тәрбиеленушілердің психологиялық темпераменті анықталып, қорытындысы шығарылып, мінездеме жазылады. Бұдан соң психологиялық түзету бағытында жұмыс жүргізіледі. Мысалы, күйзеліске түскен баланың ішкі жан-дүниесі мен жүйкесін жайландыру үшін әуезді әуен ырғағымен эмоциялық қысымды жоюға күш салынады. Өзін-өзі тануына, бойдағы қабілет-дарынын дамытуға бағытталған «Төрт құбылыс», «Көңілді шеңбер», «Құлақ-мұрын», «Өмірдегі басты мақсатым» тақырыбында психологиялық тренингтер өткізіледі. Психопрофилактикалық жұмыстар аясында темекі, есірткі секілді зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстау, өзіне-өзі қол жұмсау туралы бейнебаяндар көрсетіліп, сауалнамалар жүргізіледі. Психологиялық кеңес беру бағытында кәсіби мамандармен кездесулер ұйымдастырылып, жанжалдарды шешу, стресске төзімділік пен қарым-қатынас дағдыларын дамыту, мінез-құлықтың деструктивті формаларымен психокоррекциялық жұмыс жүргізу мақсатында тренигтер өткізіліп, тәрбиеленушілердің психологиялық-әлеуметтік жеке картасы дайындалады. 

– Тәрбиелеу мен білім беру ісіне тоқталып өтесіз бе?

– Тәрбиеленушілердің бос уақыты тапшы. Түрлі үйірмелерге қатысады. Апталық жоспар аясында әрбір күнге іс-шаралар тізбегі жасақталады. Мәселен, түске дейін сабаққа барса, түстен кейін «Табиғат ғажайыптары», «Ғажайып сурет әлемінде», «Дені саудың жаны сау» секілді түрлі тақырыптағы тәрбие сағаттары, психологиялық тренингтер, кітап оқуға баулу, шахмат ойыны, теңіз жағалауына топпен серуендеу, шомылу, ауланы абаттандыру, жасыл желектерді суарып, күтіп-баптау, сенбілік ұйымдастыру, спорт залда жаттығу жасау, профилактикалық кеңес алу мақсатында әртүрлі саланың мамандарымен кездесу ұйымдастыру секілді іс-шаралар өз ретімен өткізіледі. Кей үйірмелер мекеме базасында жасақталған. Сондай-ақ, «Маңғыстау арена», «Оқушы орталығы» мен «Мұнайшы» стадионындағы түрлі спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге тұрақты қатынайтын балалар да бар. Жабық мекеме болғандықтан, тәрбиеленушінің өз еркімен тысқа шығып, серуендеуіне тыйым салынады. Сенімді болсақ қана үйірмелерге өздігінен барып-келуіне рұқсат етіледі. Балалар үнемі бақылауда. Тәртіпке мойынсұнбас тілазар бала әзірге жоқ.  

Өз тәжірибемде тәрбиеленушілердің 95 пайызы біздің мекемеге түскеннен кейін өмір жолын дұрыс арнаға бағыттайды. Біз өз түлектерімізбен байланысымызды үзе қоймаймыз. Жылына екі мәрте тұрғылықты мекенжайы бойынша учаскелік инспекторына, мектебіне хат жолдап, қадағалап отырамыз. Біздің тәрбиеленушілердің басым бөлігі колледждерде білім алуда. Арасында жоғары білім иелері де жоқ емес. Бірер жылдықта осы орталықта тәрбиеленген түлектермен басқосу ұйымдастырған едік. Қуана көрісіп, өмірінде орын алған қуанышты жайттарымен бөлісіп, отбасымен таныстырып, біраз дүниені еске алдық. Өздері секілді тәрбиеленушілерге де ақыл-кеңесін беріп жатыр. «Біз де бұрын балалықпен аяғымызды шалыс бастық. Кейін осы кісілердің шынайы жанашырлығы, қамқорлығы арқасында өмірге деген көзқарасымыз өзгерді. Өткеннен тәжірибе түйіп, алға үлкен сеніммен ұмтылу керек» деп жастарға үлкен мотивация сыйлады. Бұндай іс-шаралардың өзі тәрбиеленушілерді ерекше сезімге бөлейді деген ойдамын. Сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесулерді жиі ұйымдастырамыз. Тәрбиеленушілердің құқықтық сауатын арттыру, құқық бұзушылық пен қылмыстың белгілері және түрлерімен таныстыру, жасөспірімдердің құқықтары мен міндеттерімен таныстыру, қоғам заңдары мен нормаларын орындау турасында мол мағлұмат береміз. Мұндай кездесулерге облыстық білім басқармасының арнайы білім беру және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің және облыстық кәмелетке толмағандардың істері бойынша сот өкілдері, ювеналды полиция қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері белсенді атсалысады. Біз мерекелік іс-шараларды жиі ұйымдастырамыз. Ән шырқап, би билеген өнерпаздар мақтау қағаздарымен марапатталады. Тәрбиеленушілердің көңіл күйі серпіліп қалады.

Мінезі ауыр, күн райындай құбылмалы баланың тілін табу, ойын еркін білдіруге баулу, достық қарым-қатынас орнату төзімді, сабырлы, тәжірибелі әлеуметтік педагог үшін мүмкін болмақ. Баламен бала бола алмайсың. Асау, ойран-топыр мінезіне ұстамдылық, кісілік пен парасаттылық танытуымыз керек. Жағымсыз эмоциялардан алшақтату, бірігіп еңбек етуге баулу, өзіне деген сенімділікті нығайту бағытында жұмыстар жүргізілуі тиіс. Сондықтан мен тәрбиешілерге қатаң талап қоя білемін.

– Ғимаратыңыз әдемі екен...

– Ғимарат жайлы әрі жарық. Ұлдар «А» корпусында, қыздар «Б» корпусында орналасқан. Ұлдардың тәрбиешілері көбіне ер-азаматтар. Тәрбиеленушілердің денсаулығы жіті қадағаланады. Білікті дәрігерлер кәсіби кеңес беріп, ұл-қыздарымызды толғандырып жүрген сауалдарын ескере, консультация жүргізеді. Бірінші қабатта арнайы медициналық пункт толықтай жабдықталған. Тәрбиеленушілерге ем-дом тағайындалса, мейірбике уақытылы қажетті дәрі-дәрмегін беріп отырады. Балалар үшін компьютерлік сынып жасақталды. Былтыр тоғыз компьютер сатып алынды. Төсек-орындары тап-тұйнақтай, жатын және жуынатын бөлмелері мұнтаздай таза, жинақы. Күніне бес мәрте тамақтанады. Киім-кешекпен толықтай қамтылады. Ғимараттың акт залына жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Шағын сахнада мерекелік іс-шаралар өткізіледі. Жеке кітапханамыз да бар. Көркем әдебиеттің әр жанры қолжетімді. Әлем әдебиеті, қазақ және орыс әдебиетінің классикалық туындылары сөрелерде самсап тұр. Ғылыми-танымдық журналдар, сөздіктер мен терминдер топтамасы, газеттер мен сөзжұмбақтар да табылады. Тәрбиеленушілердің арасында кітаптан бас алмайтын балалар бар. Бұл, әрине, бізді қуантады. Кітап білімнің қайнар көзі емес пе?! Сондай-ақ, жаңа үстелдер және орындықтармен жасақталған асханамыз бар. Ұлдар мен қыздар бөлек тамақтанады. Қазіргі таңда тамақ тиісті мекеме тарапынан уақытылы жеткізіледі. Бала саны аз болғандықтан, ғимаратта тағам даярлау қай тараптан да тиімсіз. Десек те ыстық және суық цехымыз құрал-жабдықтармен, кондитерлік құрылғылармен толықтай жабдықталған. Көкөністер мен арпа-бидай, қарақұмық секілді дәнді дақылдарды сақтауға арналған құрғақ, көлеңке қойма да жасақталған. Ғимараттың сыртқы ауласы көк желекпен көмкерілген болса, ішінде де үй өсімдіктерінің алуан түрі өсіріледі.

– Тәрбиеленушілердің ата-аналарымен байланысып тұрасыздар ма?

– Ата-аналармен тығыз байланыс орнатуға тырысамыз. Баласын іздеп келіп, кездесіп жатады. Әрине, олар көбіне орталық қызметкерлеріне алғысын білдіреді. «Балам менімен мүлдем сөйлеспейтін. Аман-саулық сұрасуды айып санайтын. Балам жақсы жаққа өзгерген. Қолымды алып, көрісіп, хал-жағдайымды білді», – деп, көздеріне жас алатын кездері болады. Мерекелік іс-шараларға шақырамыз. Әрине, шалғайдағы ата-аналар үшін мұндай мүмкіндік жиі туындай бермейді. Бірақ үнемі телефон арқылы баласының хал-жағдайын біліп отырады. Өз ойымды түйіндесем, бүгінгідей қым-қуыт тұрмыс қарбаласында отбасы құндылықтары тасада қалмауы тиіс. Ата-ананың балаға көңіл бөлуі оның өмірінде кезігетін кедергілерді еңсеруіне ерекше ықпал етеді. Отбасыдағы мейірім мен махаббат – сенімділік пен өмірге деген құлшыныстың қозғаушы күші. Сондықтан бала тәрбиесіне салғырт қарамайық.

– Сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Голрох Жеменей
17.08.2022

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 358
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6464
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 8172
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6543
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 6679