Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Мәртөк ауданына барып, медицина қызметкерлерімен кездесті. Кейін облыс орталығында манту орнына БЦЖ қабылдаған балаларды қарап шығып, олардың ата-аналарының өтінішін тыңдады. Журналистермен кездесуінде: «Манту орнына БЦЖ вакцинасын қабылдаған балаларды қарап шықтым. Олардың ата-аналарымен кездестім. Қазіргі кезде қандай да бір кері әсері байқалмады. Балалар бүгінге дейін жергілікті ғана емес, республикадағы білікті мамандардың бақылауында болды. Бәрін өзім қадағалап отырдым. Күн сайын олардың жағдайы туралы ақпарат алдым. Мамандармен бірге олардың хәлін біліп отырдық, бақыладық. Жұмыс әрі қарай жалғасады. Ата-аналары балаларды бақылап, оңалту шарасын жүргізуді сұрады. Біз оны қолдаймыз, шипажайға жібереміз. Ал жеке клиникаға келер болсақ, комиссия санитариялық норманың бұзылғанын анықтады», – деді. Қазіргі кезде комиссия қорытындысы құқық қорғау органдарында жіберілді. Тергеу жүріп жатыр. Ал балаларды енді қалалық емхана қарайды. Еске салсақ, Ақтөбеде жеке емхана мейірбикесі балаларға манту сынамасының орнына БЦЖ вакцинасын берді. Олардың білегі іріңді жараға айналып, ата-аналары дабыл қаққан болатын.