Мемлекет басшысының қарулы күштерге жүктеген міндеттерін жүзеге асыру аясында қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери құрамалары мен бөлімдерін аралады. Қорғаныс министрлігінің комиссиясы гарнизондардағы әскери инфрақұрылымның жай-күйін, бөлімшелердің жасақталуы мен жарақтандырылуын, сондай-ақ әскерлердің жауынгерлік даярлық барысын тексерді. «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Нұрлан Алдияров пен әскери бөлім командирлері ағымдағы жағдай мен проблемалық мәселелер жайлы баяндады. Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов оқу-тәрбие үдерісімен, жоғары оқу орнының оқу-материалдық базасымен және курсанттардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен танысты. Қорғаныс министрі оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтауды қамтамасыз етуге, заман талабына сай қоймалар салуға және бұған қажетті жағдайдың жасалуына ерекше назар аударып отыр. Жұмыс сапары барысында қорғаныс ведомствосының басшысы Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскердің жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру, әскери білім беру жүйесін дамыту, әскери қызметтің беделін көтеру, сондай-ақ жастарды әскери борышын орындауға ынталандыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға қатысты бірқатар міндеттерді белгіледі.