Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың үстінен жазылған арызға байланысты жеке пікірімді білдірсем деймін.
Иә, келгеніне жыл толар-толмас уақыт өткен министрдің үстінен шағым айтылыпты. Айтылғанда да, ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың атына шоғыр топтың шуылдаған хаты кетсе керек. БАҚ екі жарылып, пікір айту үстінде. Өмірі осы Ағарту (Білім) саласында өтіп келе жатқан қарт ғалым, оқытушы (профессор) ретінде мен де бұл шетін мәселеден қалыс қала алмадым.
Маман (оқулық авторы) ретінде мен не ойлаймын?
Жұлдыз Парламентте отырып та Ағарту (Білім) саласына жаны күйіп жүрді. Жаны күюі – министр болу амалы емес, имандай шыны, жаны күйген жанашырлығы болатын. Шын жанашырлығын көрген Президент министрлікке ұсынса керек. Отқа солай келіп түсті.
Білім саласы – Авгейдің ат қорасынан әрмен боққа батқан сала. Оны талдай бастасам, әңгіме ұзарады. Министр Авгейдің ат қорасын тазалау үшін батыл кірісті.
Батыл істе артық-кемі болады. Бірыңғай жекеменшік мектептен кемшілік іздеуін өз басым солай түсінемін. Мемлекеттік мектептердегі жағдай да оңып тұрған жоқ еді. Ол қалтарыста қалды. Бір мысал. Жайлы мектеп 9 млрд теңгеге бітті. Осы қаражатты жеке кәсіпкерге берсе, 9 млрд қаражатқа 9 мектеп салар еді. Желінген 8 млрд-та министрден, облыс әкімінен тартып, мектеп салған кәсіпкерге дейін (мемзаказ) бөлісте отыратыны мәлім. Оның үстіне біздің даму бағытымыз – жекеменшік қой.
Ел ішінде 30 жыл мидай араласып, өзі де мектеп салған, бірақ мемлекеттен бір тиын қолдау көрмеген жазушы ретінде басып айтарым осы! Қолдау көрмегенім – «финцентр» қаржыгерлерінің тамағын «майламағанымнан».
Бірақ бұл кемшілікті бір Жұлдыз Сүлейменованың мойнына артып, кінәлі еткім келмейді. Өз басым Жұлдыздың реформасын қолдаймын.
Аз ғана уақыт министрлік орынтағында отырған министрдің үстінен құлаш-құлаш арыз жазушыларды қолдамаймын. Олардың сырын іштен білемін. Айта бастасам, көп әңгіме. Егер Жұлдыз осы орында ең болмағанда екі-үш жыл қызмет еткен болса, бәлкім, арыз-шағым иелерін қолдар ма едім?!
Қысқасы, Жұлдыз Сүлейменова министр қызметінде реформасын жалғастыра беруге тиісті.
Жаңа министр келіп, істі жаңа жолдан бастайтын болса, халықты өркениетке бастайтын қоғам іргетасы болып саналатын Ағарту саласын біржолата күйретіп аламыз.
Өз мүддемізден Ел мүддесін жоғары қоя білуіміз керек! Сонда Ел боламыз.
Құрметпен, Құлбек ЕРГӨБЕК,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының
лауреаты,
профессор, жазушы,
Жазушылар одағы Басқарма Хатшысы













