Бразилияда өтіп жатқан Сурдлимпиада ойындарында спортшы Еркебұлан Қанафин жеңіп алған алтын медальге қатысты дау туындады. Осыған байланысты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі: «Мәдениет және спорт министрлігі ұлттық құрама команданың тізімін жасау кезінде 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде оған сурдо дзюдодан Қазақстан Чемпионатының қорытындысы бойынша ел чемпионы Айдос Түгелбаевты енгізген болатын. Сурдлимпиада комитеті Қазақстан заңнамасына қарамастан, өз тарапынан бірқатар спортшыларды, оның ішінде Еркебұлан Қанафинді жарысқа апарған. Қанафин бұрын-соңды есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы ресми жарыстарға қатыспаған. Қазақстан Республикасы ұлттық құрама командасының мүшесі емес және дене мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған спорт ұйымдарында тіркелмеген. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде аудиограмма нәтижелері және жалпы спортшының денсаулық жағдайы туралы ақпарат жоқ. Осыған қарамастан Ұлттық Сурдлимпиада комитеті Е.Қанафинді өз есебінен жарысқа жіберіп, Қазақстанның беделіне әлемдік спорт қоғамдастығының алдында нұқсан келтірді және спорттық этикалық қағидаларды бұзды», – деп, ұлттық Сурдлимпиада комитетінің үстінен арнайы сот органдарына шағым түсіретінін ресми түрде мәлімдеді.