Мойыны озғанды оқ табады

Мойыны озғанды оқ табады

2005 жылы Қазақстан Жазушылар одағының жанынан шығатын «Әдебиет айдыны» газетіне жұмысқа келдім. Газеттің иесі – ҚЖО-ның төрағасы Нұрлан Оразалин. Газеттің бас редакторы, төраға Нұрлан Оразалиннің орынбасары Талаптан Ахметжан болатын. Мені жұмысқа алды. Алғашында жауапты хатшы, онан кейін редактордың орынбасары болдым. 

Жан-жақтан хаттар келіп, телефон қоңыраулары толассыз түсіп жататын. Редакцияға келіп кетуі қиын ақсақалдар тек телефон арқылы бұйымтайын айтатын, өзімсініп бұйыратын. Сол күндердің бірінде жасы сексеннен асқан  Мұзафар Әлімбаев атаның телефонына жауап бердім. Атамыз жазған афоризмдерін, мақаласын, аудармасын, өзге де материалдарын жіберіп беретін. Біздер ретіне қарай тұрақты түрде шығарып отырдық. Ол кісі «Әдебиет айдыны» газетінің белсенді  авторларының біріне айналды. Бірде Мұз-ағам «Әй, Дәулетбек, осы сен ақын шығарсың?.. Сенің дауысыңнан ақын екеніңді сезіп жүрмін. Кітабың шығып па еді?» – деп сұрады. «Өлең жазамын, кітабым шыққан жоқ», – деп жауап бердім. Ол кісі: «Ендеше, өлеңдеріңді жинақтап, кітабыңның қолжазбасын дайында!» – деді бұйрық раймен. Біз Отанға келген 1994 жылы одақтағы ақын Нүкеш Бәдиғұл, сатирик Ғаббас Қабыш ағалардың ықпалымен сол кездегі одақтың Төрағасы Қалдарбек Найманбаев шетелден келген бір топ азаматтарды Жазушылар одағына  мүше етіп қабылдаған болатын. Дегенмен, әлі кітабым шыға қоймаған кез еді. Отанға оралғанымызға 11 жыл болса да, Мемлекеттік жоспарға кіру мүмкін емес, өзіміздің жағдайымыз жоқ, сондай бір әрі-сәрі күй кешіп жүрген кез болатын. Енді келіп Мұз-ағам төтесінен жинағыңды дайында деп бұйрық беріп отыр. Ойланып қалдым, «бір жөні болар» дедім де, біраз балауса жырларымнан сол күнге дейінгі өлеңдерімді сұрыптап, тергізе бастадым. Шамасы жарты жыл өтіп кетті. Бір күні Мұзафар аға: «Әй, Дәулетбек, қолжазба дайын болды ма?» – деді сұрау сала кәдуілгі әдетімен. «Болып қалдым», – деп жауап бердім. Онан ары кітаптың жұмысын тіпті де тездете бастадым. Жазушы, көркемдеуші, дизайнер Қойшыбек Мүбарак (күйеу баламыз) «Күнәсіз мекенді» әдемілеп түптеп бір дана жасап берді. Мұз-ағамның келесі бұйрығын естіген күні кітабымды көтеріп ақсақалдың үйіне жеттім. Ес білгелі атын естіп, шығармасын оқып келе жатқан, аңызға айналған қаламгерді алғаш рет бетпе-бет көрдім. Апамыз екеуі Сәбит Мұқанов көшесімен Жамбыл көшелерінің қиылысындағы төрт бөлмелі үйде тұрады екен. Қайда туып, қайда оқығанымды, қашан келгенімді  егжей-тегжейлі сұрап білді. Қолжазбаны алып қалды. Мен бір жағы қуанып, бір жағы қобалжып жұмысқа қайттым. Қуанатыным осындай бір аты әйгілі, танымал тұлғаның кітабымды сұрап оқуға алғаны. Қобалжыдым, оқыған соң не айтар екен деп мазасыздандым. 

Үш күннен кейін Мұз-ағам телефон соқты. «Әй, Дәулетбек, үйге кел!» – деді бұйыра сөйлеп. Жазған құлда шаршау жоқ, ағаға асығып жеттім. Мені күтіп отыр екен, 

– Кітабыңды оқып шықтым, айтар пікір, бар сөзім мынау мақаланың ішінде. Редакцияға апарып тергізіп әкел, қол қойып беремін, –  деді. 

Сол кезде 84 жастағы атам үш күннің ішінде 17 баспа табақ кітапты оқып, оған қоса мақала жазып қойыпты. Редакцияға келе сала атаның жазғанын оқып шықтым, енді қуанышымда шек жоқ, бір-ақ күнде ақын болып кеткендей керемет күй кештім. Мақаланың тақырыбы «Жолың болсын», ең соңы «Жолың болсын, балам, Елің болсын панаң!». Ертесі терілген мақаланы алып Мұз-ағама бардым. Басынан аяғына дейін мұқият оқып шықты. «Қатесіз, дұрыс терген екенсіңдер», – деп қолын қойып берді де: 

– Ал, енді осы мақаланы алған бойыңда «Алматы ақшамы» газетінің Бас редакторы Қали Сәрсембаевқа апарып бер! – деді. 

Шыға сала бағытымды «Алматы ақшамына» бұрдым. Қали аға өзінде отыр екен, рұқсат алып, ішке кірдім. Сәлемімді алған Бас редактор: 

– Мұзафар аға жіберді ме?  – деді.

– Иә, – дедім. 

Артық сөз айтқан жоқ, кезекті жаңадан шыққан бір кітабына автограф жазып,  сыйлады да, мақаланы алып қалды. Сонымен менің шығармашылығым туралы алғашқы мақала келесі аптадағы «Алматы ақшамы» газетінің бетінде жарияланды. (Кейін кітабым сол Мұз-ағаның алғысөзімен басылып шықты). Мен туралы қазақтың даңқты қаламгері Мұзафар Әлімбаевтың мақаласы оқырмандар қолына жетті. Сол күндердегі жүрек толқынысым мен көңіл шаттығымда шек болған жоқ... 

 

Әлқисса, мен мақалаға қол қойғызып алып, есіктен шығып бара жатқанда Мұз-ағам дауыстап:

– Әй, Дәулетбек, жинақтың 191-бетіндегі екі өлеңді алып таста!.. –  деді. 

– Жарайды, – десем де, ол бетте қандай өлеңімнің тұрғанын есіме түсіре алмадым. Былай шыға сала қарап едім, ол жердегі екі өлеңнің жәйін түсінгендей болдым. Бірақ бірден алып тастамадым, екіұдай күй кешіп үш күнді өткіздім. Жұмыста отыр едім телефон шыр ете түсті, дереу көтердім. 

– Әй, Дәулетбек, 191-беттегі екі өлеңді әлі алмай жүрсің ғой?! – деді, төбемнен төніп қарап тұрғандай. Қапелімде аузыма сөз түспей қалды. Менің күмілжіп қалғанымды сезген атам бірден төтесінен тартып: 

– Қазір маған кел!.. Айтатын сөзім бар! – деді. Алып-ұшып Сәбит Мұқанов көшесіне жеттім. Аман сәлемнен соң, ештеңе айтпастан әңгіме бастады. 

– Соғыс басталған 1941 жылы мен 19 жаста едім. Павлодар қаласындағы гимназияны бітірген кезім болатын. Әне-міне жоғары оқуға түсуге немесе қызмет істеуге мүмкіндігім бар болатын. Сұрапыл соғыс басталды. Алғашқы шақырылғандардың  легінде әскер қатарына алындым да, майданға жіберілдім. Жаңадан жасақталған батальон  шұғыл соғыс дайындығына жаттықтырылды. Бірнеше ай әскери жаттығудан өттік. Одан ары күтіп жатуға уақыт жоқ, соғыс майданына жету үшін пойызға шығарылдық. Немістің арыны қатты, баса-көктеп Мәскеуге өңмеңдеп келе жатқан болатын. Алайда біз қиян-кескі ұрысқа араласқан сәт немістің тұмсығына соққы тиіп, Мәскеу түбінде жүрісі тежеліп, сіресіп жатып шиеленіскен соғыс болып жатыр екен. «Ұрыста тұрыс жоқ» деп қан майданға біз де араластық. Артынан неміс шегініп, біздер шабуылға шығатын жағдайға жеттік.  Бірнеше ай өткенде мені командирім шақырытты. Әскери бұйрықты ала сала штаб орналасқан  Блендажға жеттім. Бастығымыз жасы отызға жақындап қалған майор, қазақ азаматы болатын. Ол тәртіп бойынша сәлемімді қабылдаған соң, маған тіке қарап: 

– Енді екеуміз қазақша сөйлесеміз. Мені тыңдап ал, сонсоң жауап бер, – деді. Жарайды дегенімді білдіріп басымды изедім. 

– Соғысқа не үшін келдің?

– Отанды қорғауға келдім!

– Өлу үшін бе? Өлтіру үшін бе?

– Жауды өлтіру үшін, керек болса, Отан қорғау жолында ерлікпен құрбан болу үшін!

– Отан үшін дегенің дұрыс. «Құрбан болу» дегенің дұрыс емес!.. Жауынгер тірі қайту үшін соғысқа қатынасады. Өлуді ойлаған адам ажалынан бұрын оққа ұшады. Тірі қалуды көздеген адам жауын жеңеді! 

– ...

– Мен сені көптен бері байқап, бақылап  келемін. Оқыған жігіт екенсің, майдан газетінен жазғандарыңды оқып жүрмін. Қаламыңның өнері үстем, айтар сөзің бар азаматсың!..  Қысқасы, бүгінгі күнге де, болашаққа да өте керек адамсың! 

– Рақмет, командир!.. 

– Ал, сен болсаң, жауынгерлер «Уралап» атакаға шыққанда бірінші болып қарғып тұрасың да, неміске  қарай жанұшыра ұмтыласың...  Тоқтаусыз жүгіресің.... Бұл дұрыс емес. 

Мына сөзді естіген соң ойланып қалдым. Жауынгерлік ерлігім үшін мақтау естимін бе десем, командирім «бұл дұрыс емес» дейді. Сонда қалай болғаны?! Ол сөзін жалғады.

– Жаңа ғана айттым ғой, сен қазаққа, туған еліңе керек адамсың. Сен секілді оқығандар, жазатындар бізде көп емес. Еліңе аман қайтуға тиіссің!.. 

Мені тыңдап ал! Неміске жаппай шабуыл сигналы берілгенде солдаттар лек-легімен «Уралап!»...  алға ұмтылады. Сен окоптан бірден қарғып шықпа! Басыңнан бес-алты солдат аттап өтіп кеткенше тапжылмай жата тұр!.. Сонсоң орныңнан қарғып тұрасың, қалтарыстар мен қалқаларды паналап алға ілгерілейсің. Артқа шегінбе, шегінсең,  қорқақ, сатқын боласың! Үрейлену берекені қашырып, ажал шақырады. Қатарыңнан қалма. Бірақ, алдыға атқалақтап озба, «Мойыны озғанды оқ табады»!..  Өйткені сен бұл соғыстан тірі қайтуға тиіс адамсың!.. Міне, бұл қазақша сөйлесуіміздің мәні. Мені түсіндің бе?.. 

– Түсіндім, жолдас командир!..

– Ендеше, жадыңнан шығарма! Тірі қайту үшін соғыссаң, сөзсіз тірі қайтасың! Сақтансаң сақталасың!.. 

Мен дереу оң қолымды шекеме апарып, екі аяғымды сарт еткізіп чес бердім. Ол менің кетуіме рұқсат етті. 

*

Мен Мұзафар атаның аузына қарап отырмын... Ол кенет: 

– Әй, Дәулетбек!.. Сенің анау 191-беттегі екі өлеңің де «немістен» кем емес. Жалаңтөс батырлық, батырлық емес,  әңгүдік, алаңғасарлық дер едім.  «Аң шадырын оқ табар»  деген сөзді білесің бе?! Сенің айтарың бар, жазарың бар жігіт екенсің, көбірек жазып, елге көбірек қызмет ету үшін, ақын тірі жүру керек! Анау секілді өлеңдер сенің өміріңе залал келтіретін нәрселер. Менің сөзімді түсіндің бе?.. 

Мұз-ағам жүзіме барлай көзіме тура қарады. Мен де орнымнан тұрып кеттім. Қолымды шекеме апармасам да батылдана тіл қатып: 

– Мұз аға, түсіндім!..

– Ондай болса 191-беттегі екі өлеңді алып таста!.. 

– Иә, әрине, алып тастаймын...

– Онда жақсы, жолың болсын!..

***

Сол Мұз-ағамен өмірінің соңына дейін, яғни 94 жасқа келген, 2017 жылға дейін, өмірден озғанша  байланысымды үзген жоқпын. Мұзафар Әлімбаев атам жаңағы командирінің атын да айтып берген болатын. Ол туралы кезінде мақала да жазыпты. Мен бір аптадан бері күнделік бетінен командирдің есімін таба алмай жүрмін. Бірақ, ол бір жерде бар. Ал, әлгі екі өлең уәде бойынша жинаққа кірген жоқ. Бірақ,  күнделігімде тұр екен. Өткен 2022 жылғы қаралы  Қаңтар оқиғасынан кейін ол өлеңімнің шындығына тіпті де көзім жетті.

ДӘУЛЕТБЕК БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, ақын, ҚЖО-ның мүшесі, Ақпарат саласының үздігі
04.05.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 245
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 241
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 743
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 866
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 779

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8936
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8330
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11558
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9315
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10542