Мұстафа Өзтүрік көзден таса қалып қойған жоқ па? қойған жоқ па?

Мұстафа Өзтүрік көзден таса  қалып қойған жоқ па? қойған жоқ па?

Мұстафа Өзтүрік. Осы бір аяулы есім қазақ халқының жүрегінен ерекше орын алып, бүгіндері сағынышқа айналды. Күллі қазақтың мақтанышы болған есіл ердің жүріп өткен жолы да теп-тегіс болмапты, кедір-бұдырға толы. Шарқ ұрған жас жаны атақонысына келіп қана жай тапқаны байқалады. Ендеше, «елім» деп еңіреп өткен азаматтың қадір-қасиетіне жете алдық па? Небәрі 40 жасында құйрықты жұлдыздай ағып түскен қыршынның дәріптелуі қалай? Шынын айтайық, ала-құла деңгейде. Нағыз қазақтың кім екенін таэквондо арқылы әлемге танытқан біртуар ұлға көрсетіліп жатқан құрмет қандай?  23 қараша күні Мұстафа Өзтүріктің туған күні. Тірі болғанда 68 жасқа толар еді.

Түйе көтерген  балуанның  жиені екен...

 «Көзі жоқтың өзі жоқ» деуге қиятын азамат па еді ол?.. Қазағым деп соққан жүректің қапылыста қиылып кеткені ғана өкінішті! Әйтпесе баһадүр бауырымыздың алар асуы көп еді. Шыбын жаны шырқырап кеткен батырдың жоқтаушысы қазақтан басқа кім болмақ?! Келер ұрпақ үшін, патриоттық тәрбиені жандандыру үшін арыс ұлдарды жиі еске алып отырғанға не жетсін, шіркін!

Кеңес үкіметінің көбесі сөгіліп, одақтағы елдер әрі-сәрі күй кешіп жатқан 1990 жылы атақты спортшы, тәлімгер ұстаз Мұстафа Өзтүрік тарихи Отаны – Қазақстанға оралды. Бай, бақуатты, бағлан ұлдың туған жерге пана сұрап, атақ тілеп келмегені ақиқат еді. Онда бәрі бар болатын. Білімі де көл-көсір еді. Жеті жұрттың тілін біліпті. Cөйте тұра «өзге жерде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан» болғысы келіп елге оралыпты. Ол араға бір жыл салып ҚР Таэквондо федерациясын (WTF) құрып, елде спорттың осы түрін дамытуға кірісіп кетті. 1992 жылы Мұстафа Қазақстан азаматтығына қол жеткізіп, 1993 жылы қазақстандық федерацияның Бүкіләлемдік таэквондо федерациясының құрамына енуіне орасан үлесін қосты. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болып, қандастардың елге бұрылған көшінің басында өзі тұрды.

…Кеңестік қанқұйлы саясатқа төзе алмай, Алтайдан Анадолыға бет алған ұлы көш, Гималай асуындағы тау беткейінде жалғызаяқ тар жол үстінде үлкен оқиғаның куәсі болады. Мұздан тайып құлап бара жатқан жүкті түйені салақтатып ұстап қалған әйгілі Қайысбай балуанның ерлігі әлі күнге аңыздай айтылып келеді. Мұстафа бауырымыз сол кісінің туған жиені екен.

Мұстафаның әкесі қажы Кәбен (Түркия жеріне қоныс тепкесін) сол өңірдің жамбасы жер иіскемеген палуаны атаныпты. Оның күрес өнеріне, әбжіл қимылына сүйсінген түріктер «мынау өзі түрікше күреседі екен, өзіміздің түрік» деп шуласып, Өзтүрік атап кетеді. Сол тұста туылған Мұстафаның құжатына Мұстафа Өзтүрік болып жазылады.

Дінсіз, екіжүзді қытай коммунистерінен пана таба алмай Пәкстан, Үндістан арқылы көшкен 17 мың қазақтың Түркияға шаршап-шалдығып бес-ақ мыңы тірі жетеді. Осы бір қанды көштің ішінде Мұстафаның әкесі де болыпты. Түрік еліне табан тіреген алғашқы көшті діні мен ділі бір түрік бауырлар құшақ жая қарсы алып, бірнеше жақын аудандарға бөліп орналастырады. Түріктің қайырымды үкіметі тарапынан оларға тұрарға жай, алдарына мал беріледі. Мұстафаның ағайындары да сол қамқорлықты көріп, еңселерін көтеріпті.

                                                   

 Брюс Лидің өзін жеңген

Қытай халқының мақтанышы Брюс Лимен бірге дайындалып, жекпе-жекте оның өзін бірнеше рет ойсырата жеңгені қазір көп айтыла бермейді. Ауыр да болса айтайық, әлі күнге дейін жастарымыз қытай актеріне ұқсап баққысы келіп тыраштанып жүр. Ал Мұстафаның кино саласындағы жетістігі туралы білетіндері өте аз. Мысалы, ол басты рөлді сомдаған «Алатай» фильміндегі қайсар қазақ баласының образы керемет әсерлі. Ұлттық рухты оятардай жігері басым. Шетелде жүрсе де, ұлтына деген сәруар сағынышы бір басылмаған бозбала Мұстафаның сценарийді өзінің жазуы да көп нәрсені аңғартады. Осы фильмдегі жат қолынан сүйген қызын алып қашып, тау аңғарына жасырынған қыз бен жігітті қуып келген дұшпандардың: «Ей, жігіт болсаң шық!» – деген айқайына қазақ жігіті үндемейді. «Қорқақ болмасаң, шық!» – деп тағы дікілдейді жау әскері. Оған да жауап естілмейді. «Онда қазақ болсаң шық!» – деген өктем дауысқа намысқой жігіттің үңгірден атып шығып, айқасқа түсуі – ұлттың мерейін көтерудің жарқын көрінісі!

Журналистика мамандығын алған арда ұлдың толағай жетістіктері тікелей таэквондомен байланысты. Мұстафа Өзтүрік осы спорт түрінен әлем чемпионаттарында алты рет жеңіске жетіп, жетінші данға берілетін қара белбеуге қол жеткізген жалғыз мұсылман, жалғыз қазақ! Бұл атаққа қол жеткізген спортшылар әлемде санаулы-ақ! Мұстафа Өзтүрік Түркиядан Германияға қоныс аударғаннан кейін, Мюнхенде таэквондодан Мұстафа атындағы мектеп ашады. Тағы бір мектебі Ыстамбұл қаласында жұмыс істейді. Ал ата жұртында ашқан мектептері қаншама десеңізші! Аталмыш мектептердің шәкірттері халықаралық жарыстарда жақсы өнер көрсетіп, Мұстафаның арманына желі тартып келеді.

Еуропаны мойындатқан спортшының жекпе-жектеріндегі шеберлігіне, қимыл-қозғалысына сүйсінген режиссерлер оны киноға түсуге арнайы шақырта бастайды. Аз ғұмырында 60 шақты киноға түсіп, түрлі рөлдерді сомдауының өзі мақтануға тұрарлық табыс. Шетелде есейіп ержетсе де, қазақы қалпын жоғалтпай, тілі мен дініне берік болған Мұстафа Өзтүрік бауырымыздың өлең жазғанын, «Жұлдыздарды тілейсің бе?» атты әні мен бірнеше күйлері барын біреу білсе, біреу білмесі анық.

ҚР дипломатиялық қызметінің қайраткері Сайлау Батыршаұлы былай депті: «Оның мына сөзі ойымда қалды. «Мен дүниенің біраз бөлігін араладым, тіршіліктерін көрдім. Бірақ қазақ даласының тұрмысы мұнша төмен деп ойламаппын. Орыстарға жалтақтап жүргендері де ұнамайды. Бір орыс кірсе, барлық қазақ орысша сөйлеп, әбігерге түседі екен. Осыған мен таңғалдым. Бұл ғадет жойылмай, ұлт болып ұйысуымыз қиын. Бұл жер – менің өз Отаным. Мен осында келемін, ұлтыма жұмыс істеймін», – деген еді бір сөзінде. Сөйткен Мұстафа кейін қазақ жастарының спорт арқылы рухтарын көтеріп кетті. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!»

Мұстафа Өзтүрік барша қазақтың намысын жаныған алаштың арда ұлы еді. Ол көзден кетсе де, көңілден өшетін азамат емес. Олай болса батыр ұлдың туған күні құтты болсын! Қазақ барда Мұстафа бар!

 

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
28.11.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 56
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 582
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 696
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 611
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 620

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8756
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8156
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11385
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9139
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10370