Аудан әкімі Бегзат Болатбеков кезекті жұмыс сапарымен ауылдарға жол тартты. Бұл жолы ауданымыздың таулы аймақтарындағы елдімекендердің тынысы мен жағдайы зерделенді. Алдымен Көктөбе ауылындағы С.Сәдуақасұлы атындағы негізгі мектептің жұмысын қарап, жылыту қазандығының жайымен танысты.
Ауылдағы шағын мектептегі білім беру процесі мен жылыту маусымының өту барысы жайлы жауапты мамандар баяндап берді. Осы ауылдағы медициналық пункттің жұмысы да әкім назарынан тыс қалмады. Келесі кезекте Бегзат Сейсенқұлұлы Сұлутөр ауылындағы фельдшерлік-амбулаториялық пунктке, одан кейін ауылдық мәдениет үйіне барды. Т.Бигелдинов атындағы орта мектептің жұмысымен танысып, жылыту маусымының барысын қараған аудан басшысы осы жерде ауыл тұрғындарымен кездесті. Бұл жерде жиылған жұрт көпшіліктің көкейінде жүрген бірқатар мәселелерді алға тартты. Олардың қатарында, несиелендіру, су құбыры жүйесі және ауыл көшелерінің жағдайы бар. Үлкен Сұлутөр ауылындағы ахуал жаман емес. Осы ауылға келген Бегзат Болатбеков жергілікті дәрігерлік амбулаторияны көріп шықты. Мұндағы мәдениет үйінің ғимараты бүгінде апатты жағдайда. Әкім бұл нысанды да өз көзімен көріп шықты. Келесі кезекте ауыл басшысының аралап көрген нысаны №39 М.Қозыбаев атындағы орта мектеп болды. Осы жерде әкіммен кездесуге жиылған жұрт Бегзат Болатбековке тікелей қайырылып, ел арасындағы ортақ тілек пен сауалдарды ортаға салуға мүмкіндік алды. «Ел іші, өнер кеніші» демекші, ауылда «Әжелер» ансамблі құрылған. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен ақ аулықтылар әуезді әндерді нақышына келтіріп орындап, «тұсау кесер» рәсмін көрсетті. Айтпақшы, ауылдықтарды қуанышқа бөлеген жағымды жаңалық та бар: биыл мәдениет үйінің ғимараты салынатын болды. Осылайша, елді мекендердің хал-ахуалымен танысқан аудан басшысы тұрғындар тарапынан қойылған әлеуметтік маңызы бар сауалдарға жауап берді. Тиісінше сала басшылары мен жауапты мамандарға мәселені шешу төңірінде нақты тапсырмалар жүктеді.