22 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының әкімдігінде «Нашақорлықпен күрес» мәселесін талқыға салған дөңгелек үстел өтті. Жиынға «Астана жастары» МКМ-нен бөлек «Есірткісіз болашақ» корпоративтік қоры, «Komek Center» психологиялық көмек беру орталығы, «Шанс» халыққа әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету орталығы қатарлы қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен қалалық маслихаттың депутаттары келіп қатысып ойларымен бөлісті.
Өкінішке қарай құзырлы мекемелер таратқан мәліметтерге қарағанда қазіргі күнде жастар арасында есірткіге тәуелді болатындардың саны жыл сайын артып келе жатқан көрінеді. Ресми деректер бойынша Нұр-Сұлтан қаласында 15 пен 20 жас аралығындағы есірткіге тәуелділердің саны 2018 жылы – 5989 адам, 2019 жылы – 6 156 адам, 2020 жылы 6 238 адамға жеткен. Соңғы деректер бойынша бұл сан айтарлықтай азаймай тұрған көрінеді.
Дөңгелек үстелге қатысушылар есірткіге қарсы тұру және оның алдын-алу шаралары жөнінде түрлі ойларын ортаға салды. Қазіргі күннің талабы ретінде есірткі қылмыстарының алдын алудың ең тиімді әдісі – бейнеконтент, роликтер, фильмдер, вирустық бейнелер жасап, барынша қамтылған аудиториялары бар әлеуметтік желілерде тарату. Бұдан бөлек ғаламтор беттерінде есірткіні сату туралы мәліметтері бар жазбаларды жою бойынша рейдтер, медиаволонтерлердің көмегімен «улы» мазмұны бар жазбаларға бұғаттау жүргізу сынды шараларды күшейту туралы пікірлер айтылды.