Құрметті Нұржан Молдиярұлы! Сізді Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі қызметіңізбен құттықтаймыз!
Біздің газетіміздің жанашыры Нұржан Молдиярұлымен көптен бері етене араласып келеміз. Жан дүниесі бай азаматтың қарапайымдылығына тәнтіміз. Нұржан Молдиярұлының Жамбыл облысының әкімінен енді министр болғанға дейінгі өмір жолына үңілсеңіз, нағыз қазіргі Әділетті Қазақстанның қызметкері екендігіне көзіңіз жетеді. Тәуелсіздік алған жылымызда ол еңбек жолын механиктен бастайды. Одан кейін инженер, әкімшіліктегі қызметтерде жүргеннен кейін еңбегі еленіп, биліктің жоғары биіктеріне оған жол ашылды. Су – өмір өзегі. Жаңа шаңырақ көтерген министрлікке басшы етіп қойған Президентіміздің зор сенімін Нұржан Молдиярұлы ақтайды деп сенеміз.
Осы уақытқа дейін қандай қызметте болса да Нұржан Молдиярұлының ақпарат саласына деген қамқорлығы мен қолдауы ерекше болғанын айта кету керек. Баспасөз қызметкерлерімен әрқашан тығыз байланыста болып, қолдау көрсетіп келді. 2008 жылдан бері жөндеу көрмеген Тараздағы Баспасөз үйін күрделі жөндеуден өткізіп, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы тойланып, баспасөз үйіне Шер-ағаңның есімі берілді. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдай біліп, елмен бірге қарым-қатынасты да орната білген басшылардың бірі. Сондықтан бұл қызметке тағайындалуы Ел Президентінің ғана емес, халқының да үлкен сенімі. Жаңадан құрылған министрлік Нұржан Молдиярұлының басшылығымен жұмысын бастап, еліміз үшін жарқын нәтижелерге қол жеткізеді деп сенеміз!
Жаңа қызметіңізде сәттіліктер мен табыстар тілейміз!