Нұржан НҰРЖІГІТОВ: «Басты мақсат – тұрғындардың тұрмысын жөндеп, табысын арттыру»

Нұржан НҰРЖІГІТОВ: «Басты мақсат – тұрғындардың тұрмысын жөндеп, табысын арттыру»

Халқымыз «Ауыл – алтын бесік» деп текке айтпаған. Расында қазақтың жаны да, бары да, ары да сол ауылда. Өйткені біз осыдан отыз жыл бұрын алып империядан азаттық алып, өз алдымызға отау құрғанымызбен өркениетті елдер сияқты тұрмыс-тіршілігіміз әлі де көш ілгері кете қойған жоқ. Дамуға бет түзеген өндірісіміз бен индустриямыз да әлі толық қалыптаса қоймағанын еш жасыра алмаймыз. Бір сөзбен айтқанда, біз экономикалық тұрғыдан көпвекторлы, классикалық елге айналып үлгермедік. Мұндай стратегиялық жетістікке жету үшін әлі біраз уақыт керек-ақ. Сондықтан атакәсіптің алтын қазығы болып отырған ауылға, ауылдағы шаруаларға көп үміт артатынымыз рас

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті ауылдың жайына алаңдап, дала төсін дүбірге бөлеген ағайынның жоғын жоқтап, барып бұқараға жеткізіп келе жатқанына он бес жылдай болып қалды. «Ауыл – ел бесігі» атты экспедиция аясында газет басшылығы мен тілшілерінің елімізде бармаған ауылы, баспаған егіс алқабы қалмаған шығар. Сондағы байқайтынымыз, ауылға әлі де Үкіметтің көбірек көңіл бөлгені керек. Дегенмен, жағдай сонау тоқырау жылдарымен салыстырғанда Құдайға тәуба дейтіндей-ақ.

Қалада өндірісті қарық қылып жатқанымыз шамалы. Ендеше ел экономикасының драйвері деңгейіне жетіп отырған асыраушы саланың асығы алшысынан түсу үшін оның отымен кіріп, күлімен шығатын кез әлдеқашан жеткен. Мұны айтып келе жатқанымызға да жоғарыда атап өткеніміздей он бес жылдан асты.

Жуырда Мемлекет басшысының алдағы бес жылда ауылды түлетуге бағытталған бастамасының ізімен Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовпен сұхбат құрған едік. Әңгімеміздің басты тақырыбы – еліміздің ауылшаруашылығын көтеруді көздеген «Ауыл аманаты» жобасы жайлы болды. Бұл жобаның дүниеге келуіне Әулиеата өңірінде 2019 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан пилоттық жоба негіз болғанын айта кетуіміз керек.

Пилоттық жоба ел игілігіне айналмақ

 – Нұржан Молдиярұлы, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жаңа президенттік мерзімін ауылды дамытуға арналған Жарлыққа қол қоюдан бастағанын жақсы білеміз. Бұл алдағы бес жылда елімізде ауыл-аймақты дамытуға бағытталған көптеген игі істер қолға алынады деген сөз. Жуырда вице-премьер А.Көлгіновтің Жамбыл жеріне жұмыс сапарымен келгені де сол бесжылдық жұмыстың алғашқы бастамаларының бірі десе де болады. А.Көлгінов сапарының қорытындысы қандай болды? Өзге өңірлерге үлгі болып отырған Жамбыл шаруаларының аяқ алысына қандай баға берді? Еліміздің ауылшаруашылығы саласындағы бұл ауқымды бастаманың өзегі өзіміздің пилоттық жоба екенін мақтанышпен айта аламыз. Ендеше келер жылы республика көлемінде іске асырылатын «Халықтың табысын арттыру» бағдарламасының дүниеге келуіне Жамбыл облысының пилоттық жобасы қаншалықты алғышарт бола алды?

– Расында, Мемлекет басшысы атап өткендей, ауылды дамытудың, ондағы тұрғындардың тұрмыстық табысын арттырудың маңызы зор. Бүгінде Жамбыл облысында жүзеге асып жатқан тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру жобасы әсіресе ауылдықтардың еңсесін тіктеуге негізделген.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов облысымызға арнайы жұмыс сапарымен келіп, аталған жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, құрылған кооперативтердің қызметіне қанықты.

Вице-премьер Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген бағдарламаны іске асырудың маңыздылығына тоқталып, оның ең алдымен халықтың табысын арттыруға, сондай-ақ экономиканы әртараптандыруға, кәсіпкерлікті дамытумен ұштасқан нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталғанын атап өтті. Жоба «Ауыл аманаты» деген атпен еліміздің өзге де облыстарында жүзеге асатынын жеткізді.

Біздің негізгі мақсат – ауылдар мен шағын қалалардың тұрғындарының табысы мен тұрмыс деңгейін арттыру, жергілікті жерлерде жұмыс орындарын құру, өз өнімдерін шығару. Осы орайда ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жоба сапалы іске асырылуда. Енді осы тәжірибені бүкіл ел көлемінде тарату үшін республикалық бюджеттен бұл мақсатқа 50 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінуде. Демек бұл жоба біздің өңірде өз тиімділігін көрсетті деген сөз. Өз кәсібін ашқысы келетіндер осы бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдалана алады. Олар өз кәсібін аша отырып, басқа да ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын құратын болады.

– Облысымызда пилоттық жобаның сәтті жүзеге асқанын айтып отырсыз. Алғашқы кезең бойынша қандай нәтижелерге қол жетті, нақты айтып бере аласыз ба?

 – Халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту мақсатында бұл жоба ең алдымен 2019 жылы бастау алған болатын. Жобаның бірінші кезеңінде өңірдегі 11 ауылдық округке қарасты 25 елді мекендегі 7 856 отбасы қамтылды. Бұл мақсатта жалпы 9,2 миллиард теңге игерілді.

Алғашқы кезеңде 2,5 пайызбен 2 489 өтінім қаржыландырылды және жергілікті бюджеттен – ауылшаруашылығы кооперативтерінің айналым қаржылары мен ауылшаруашылығы техникаларын алуға 2 миллиард теңге несие қаражаты 5 пайызбен несиелендірілді.

Жоба 5 бағытта іске асырылды. Атап айтсақ, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бағытына 7 856 аула қатысты. Ал мал шаруашылығын дамыту бағытында несие алған 2 454 азамат 45 032 бас мал сатып алды. Сондай-ақ ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану бағытында құрылған 11 ауылшаруашылығы кооперативі 10 113 гектар жерді 228 шаруа қожалықтарымен бірлесе игерді. Құрылған кооперативтерге лизинг жүйесімен 190 дана ауылшаруашылығы техникасы берілді. Бұдан бөлек ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу бағытында 11 жоба (кәсіп) іске асырылуда.

Айта кету керек, жобаны іске асыру нәтижесінде ауыл тұрғындары тарапынан көтеріліп жүрген басты 2 мәселе шешімін тапты. Төмен пайызбен, яғни 2,5 пайызбен несие берілді және ауылдық елді мекендердегі мүліктер (негізінен тұрғын үйлер) кепілдікке қабылданды. Бұған дейін көбіне ауылдағы үйлерді екінші деңгейлі банктер қабылдамайтын.

Сонымен қатар айтарлықтай нәтижелерге қол жетті. Жобаға енген алғашқы 11 пилоттық округте қосымша 2 282 жеке кәсіпкерлік субъектісі ашылды, үй және жер құжаттары ресми түрде реттелді, жер және мүлік салығы жүйеленді, 589 жаңа жұмыс орындары ашылды, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1 058 отбасыға немесе 65 пайызға кеміді. Осы тұрғыда атаулы әлеуметтік көмек төлеу есебінен үнемделген қаражат 1,1 миллиард теңгені құрады. Ол ғана емес, жобаға қатысушылардың орташа айлық табысы 65 пайызға артты.

Жобаның жалғасы ретінде 2021 жылы қайтарылған несиелердің есебінен Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарынан бір-бір округтен, жалпы 3 ауылдық округ пилоттық жобаға еніп, 253 жоба іске асырылды.

– Нұржан Молдиярұлы, Жамбыл облысының өзге де ауыл тұрғындары осы жобаны асыға күтіп жүргенін байқаймыз. Олар да жоба аясында жеңілдетілген несие алып, тұрмыстарын тіктеп, кәсіптерін ашқысы келеді. Жалпы, өңірдегі басқа елді мекендер осы жобаға қашан енеді?

– Өте орынды сұрақ. Өткен жылы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 6 пайызбен несиелендіруге бөлінген 6 миллиард теңге «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасына 2,5 пайыздық үстемеақымен қаржыландыруға бағытталды. Аталған қаржыға тағы 10 ауылдық округ белгіленді, округтер бойынша скрининг жұмыстары жүргізілді.

Ұсынылған округтердегі 4386 аулада 1611 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Сенімді агент ретінде «Тараз» ӘКК» АҚ конкурс арқылы анықталды. Бүгінгі таңда жалпы 6,5 миллиард теңгені құрайтын 1193 өтінім түсіп, несие алушыларға тиісті қаржыларын аудару жұмыстары басталды. Ал 2023 жылдан бастап ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау шеңберінде біздің өңірге 11,5 миллиард теңге қарастырылып жатыр. Соған сәйкес жобаға тағы да 22 ауылдық округ енгізіліп, онда 3 мыңнан астам жоба қаржыландырылады.

Жалпы, 2025 жылға қарай облыстағы барлық елді мекен жобаның мүмкіндіктеріне қол жеткізеді деп жоспарланған. Пилоттық жобаның екінші кезеңінен бірқатар нәтижелерге қол жетеді деп жоспарлануда. Атап айтар болсақ, 25 мыңнан астам жаңа жеке кәсіпкер тіркеледі, 7 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады, атаулы әлеуметтік көмек алушылар 16 мыңға төмендейді, нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар 7 мыңға қысқарады деп күтілуде. Сондай-ақ үй іргесіндегі егіс көлемі 109 777 аулаға дейін жетіп, 112 мың тонна көкөніс, бақша дақылдары өндірілетін болады, 231 мың тонна ет және сүт өнімдері өндіріледі, 798 мың тонна дәнді дақылдар және мал азығы дайындалады деп көзделіп отыр.

Осы кезеңде 25 мыңнан аса жеке кәсіпкерлік субъектісі ашылады және мультипликатифтік әсерінің нәтижесінде тұрғындардың табысын арттыруға, өндірістің, салық көлемінің ұлғаюына және басқа да салаларға оң әсерін тигізеді деп жоспарланып отыр.

Өңір дамуындағы өзекті сала

 – Енді ауылшаруашылығы саласына, оның ішінде саладағы негізгі басым бағыттарға, ондағы кейбір мәселелерге тоқтала кетсеңіз. Жамбыл облысы өткен жылды ауылшаруашылығында қандай жетістіктермен қорытындылады?

– Өткен жылы облыстағы ауылшаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 756,2 мың гектарға жетіп, 5,4 мың гектарға артты. 371 мың гектар масақты дәнді дақылдардың әр гектарынан алынған орташа өнім 17,1 центнерді құрады және 633,4 мың тонна астық бастырылып, 166,7 мың тонна өнім артық алынды.

Cондай-ақ жамбылдық шаруалар 5,5 мың гектарға қант қызылшасын отырғызды. Бұл алқаптардан 173,1 мың тонна тәтті түбір жиналып, өткен жылмен салыстырғанда 45,8 мың тоннаға артты және әр гектардан алынған орташа өнім 415,7 центнерді құрады.

 

Облыс бойынша жиналған өнімнің 117,1 мың тоннасы қант зауытына өткізіліп, одан 11,1 мың тонна шекер өндірілді. Сондай-ақ салада 562,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, 2021 жылмен салыстырғанда 40,5 пайызға артты.

Аймақта ауылшаруашылығында өндірілген жалпы өнімнің 52 пайыздан астамы мал шаруашылығы саласына тиесілі. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде салада өндірілген ет өнімдері 1 пайызға, сүт өнімдері 1,8 пайызға ұлғайып, 1,5 мың тонна ет экспортталды. Сондай-ақ 312,2 мың тонна сүт өндіріліп, оның 55,6 мың тоннасы қайта өңделді. Сол сияқты 122 мың тонна ет өндіріліп, оның 14,7 мың тоннасы өңделді. Осылайша сүт өңдеуші кәсіпорындардың (2022 жылғы жоспар – 25 пайыз) жүктемесі 76 пайызды құраса, ет өңдеуші кәсіпорындардың (2022 жылғы жоспар – 24,6 пайыз) жүктемесі 39 пайызды құрады.

Өткен жылы облыста 1,8 миллион тонна пішен, 64,1 мың тонна пішендеме, 494 мың тонна сабан, 65,5 мың тонна сүрлем әзірленіп, былтырғы жылға қарағанда 150,3 мың тонна мал азығы артығымен дайындалды. Сондай-ақ дәнді дақылдар балансы бойынша 372 мың тонна астық жемге бөлініп, шаруашылықтарда сақталуда. Өңірде жылдық қуаттылығы 89,4 мың тонна құнарлы жем шығаратын ірі 4 кәсіпорыннан бүгінгі күні 35,4 мың тонна құнарлы жем әзірленді. Бұдан бөлек, өңірде өткен жылдан қалған 82,5 мың тонна пішен, 47,6 мың тонна сабан қоры бар. Агро салада жалпы құны 16,1 миллиард теңгені құрайтын 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 189 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

– Ағын су мәселесі жамбылдық диқандар үшін қай уақытта да өзекті болған. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

– Қазіргі таңда облыстың суармалы жерлерінің көлемі 179,2 мың гектарды құрайды. Оның 55,2 мың гектары тиісті нормативтерге сәйкес сумен қамтамасыз етілсе, 47 мың гектар алқап 30-40 пайыз деңгейде қамтылған. Қалған 77 мың гектары тәлімдік алқап ретінде пайдаланылуда. Осыған байланысты облыста суармалы алқаптарды қалпына келтіру жол картасы әзірленді. Аталған жол карта аясында 2025 жылға дейін 179,2 мың гектар суармалы алқапты сумен толық қамту көзделуде. Бүгінгі күнге Халықаралық қаржы институттары («Еуропа қайта құру және даму банкі» мен «Халықаралық қайта құру және даму банкі») арқылы 35,7 миллиард теңге бөлініп, 33,9 мың гектар суармалы алқапқа су жеткізілді.

Халықаралық қайта құру және даму банкі арқылы «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасының – 2 фазасы» (ПУИД-2) республикалық бюджеттік бағдарламасы бойынша, облыста 15,2 мың гектар суармалы алқап қалпына келтірілу көзделген. Олар: суармалы жер көлемі 5,0 мың гектарды құрайтын Жамбыл ауданындағы «Қапал» шаруашылық аралық су жүйесі, суармалы жер көлемі 5 мың гектарды құрайтын Қордай ауданындағы Георгиевка магистралды каналының «Сол жағалау» су жүйесі және суармалы жер көлемі 5,2 мың гектарды құрайтын Шу ауданындағы «Оң жағалау» су жүйесі. Сонымен қатар, жол карта аясында 2022-2024 жылдары 306 су нысанына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 54,9 мың гектар суармалы алқапты айналымға қосу жоспарланған. Бүгінгі күнге су нысандарының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде.

Сондай-ақ өңірде жыл сайын туындайтын су тапшылығы мәселесін шешу мақсатында жаңа 6 су қоймасының құрылысын жүргізу және 4 су қоймаға қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен жаңа «Андас – 1,2,3» су қоймаларының құжаттары әзірленді. Ал, «Ырғайты», «Қалғұтты» және «Ақмола» жаңа су қоймаларының құрылысына арналған ЖСҚ әзірлеуге республикалық бюджеттен қаржы қарастырылып, қазіргі уақытта құжаттары әзірленуде. Сондай-ақ Сарысу ауданында орналасқан «Ынталы» су қоймасына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Жуалы ауданында орналасқан «Теріс-Ащыбұлақ» және Қордай ауданындағы «Қарақоңыз» су қоймаларына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеуге қаражат қарастырылып, қазіргі уақытта ЖСҚ әзірленуде. Шу ауданындағы «Тасөткел» су қоймасының қайта жаңғырту жұмыстарының 1 кезеңіне 615,2 миллион теңге қаржы бөлініп, игерілді. Қазіргі таңда екінші кезеңі бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

– Облыстағы тозығы жеткен техникаларды жаңарту жұмыстары қалай жүзеге асуда?

– Жалпы аймақта 12 316 дана ауылшаруашылығы техникалары тіркелген. Оның ішінде 4 564 трактордың 1 мыңнан астамының пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан. Яғни 25 пайызының тозығы жеткен. 2022 жылы облыстағы техникаларды жаңарту мақсатында 1 355 дана ауылшаруашылығы техникалары алынып, 11 пайызға жаңартылды. Осы алынған техникаларға инвестициялық субсидия арқылы 1 848 миллион теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетіліп, алынған техника құнының 25- 30 пайызы төленіп берілді.

 

– Субсидиядан дәмелі шаруа көп. Алдағы жылы субсидия қандай көлемде және қандай тәртіппен берілмек?

– Мемлекеттік қолдау әр ауылға, әр шаруаға жетуі тиіс. Біз осыған айрықша басымдық береміз. Жалпы өткен жылы шаруаларды қолдау үшін субсидияға 31,2 миллиард теңге бөлініп, игерілуде. Ал салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2020 жылы субсидияға 15,4 миллиард теңге қаралса, 2021 жылы субсидияға 18,8 миллиард теңге бағытталған.

Сондай-ақ биыл да бұл тұрғыда 30 миллиард теңгеден кем емес қаржы қарастырылады. Одан бөлек, «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасын жүзеге асыру мақсатында 11,5 миллиард теңге және қосымша жоба аясында 40 ауылдық округті қаржыландыру үшін 20,0 миллиард теңге бөлінбек. Сондай-ақ сүт тауарлы фермаларын құру, көкөніс қоймаларын салу, құс және балық шаруашылығы сияқты жобаларды іске асыру мақсатында республикалық бюджеттен несие есебінде 23 миллиард теңге қарастырылуда. Сонымен қатар қажеттілікке байланысты қосымша 13,0 миллиард теңге жыл ішінде бюджеттік нақтылау кезінде бөлінетін болады. Жалпы алғанда биыл саланы дамытуға 100 миллиард теңгеден астам қаржы тартылмақ. Осы орайда 2020 жылы салаға 30,6 миллиард теңге, 2021 жылы – 26,3 миллиард теңге, ал 2022 жылы 41,7 миллиард теңге бөлінгенін ескерсек, жыл сайын бұл бағытқа айрықша назар аударылып келе жатқанын байқаймыз.

Қымбатшылықпен күрес қалай жүзеге асады?

– Нұржан Молдиярұлы, өзіңіз жақсы білесіз, қазір еліміздің аграрлы аймақтарына баға тұрақтылығына байланысты үлкен үміт пен сенім жүгі артылып отыр. Ауылшаруашылығы тауарын өндіруші кәсіпкерлік субъектілеріне көрсетілетін мемлекеттік қолдау жылдан-жылға жақсарып келеді. Ал елдің шаруалардан мұның қайтарымын сұрауына толық хақысы бар. Қос бүйректен қысып бара жатқан қымбатшылықпен күрес, жалпы баға саясаты төңірегіндегі қалыптасқан жағдайға тоқталып, баға тұрақтылығын қамтамасыз етуде өңірдегі қолға алынып жатқан шараларға тоқталсаңыз...

– Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылауда ұстау, тұрақтандыру жұмыстары – басты талап. Ол үшін бізде қажетті шаралар қабылданып, жоспар әзірленген. Бұл тұрғыда әлеуетіміз де жеткілікті. Осы орайда «Алқаптан сөреге дейін», «Айналым схемасы» секілді жобалар аясында жұмыстар жүзеге асуда. Жалпы облыс бойынша 32 әлеуметтік павильон қызмет көрсетуде. Бұл ретте облыста 500-ден астам жәрмеңке өткізіліп, 1,5 миллиард теңгеге 2,2 мың тонна арзандатылған ауылшаруашылығы өнімдері сатылды. Сонымен қатар облыс бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша сауда орындарымен 490 меморандум шарты бекітілді. Өңіріміздегі 244 ірі сауда желілерімен 11 412,5 тонна көлемінде 10 тауар түрі бойынша күзгі форварттық келсім жасалды. Олардың қатарында ұн, тауық еті, ет, тұздалмаған сары май, рожки, сүт, пияз, картоп, қырыққабат және сәбіз бар.

Сонымен қатар аудандардағы шаруа қожалықтар өз көкөніс өнімдерін ауылдық округтерде орналасқан дүкендерге жергілікті атқарушы органдардың ұйымдастыруымен делдалсыз тікелей жеткізілуде. Нақтырақ айтсақ, 155 ірі сауда дүкеніне делдалсыз 3365 тонна 9 тауар (ұн, тауық еті, сүзбе, тұздалмаған сары май, рожки, жұмыртқа, тұз, қант және айран) түрі бойынша тікелей жеткізу жұмыстары ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, қазіргі күндегі тауық жұмыртқасымен болып жатқан шиелініске байланысты, өңірлік тұрақтандыру қорына 34 теңге/данасына 1,5 миллион дана көлемінде тауық жұмыртқасы сатып алынды. Сондай-ақ, қант тауарын тұрақтандыру қорының тәртібімен «Меркі қант зауыты» ЖШС-нен 1 502 миллиард теңге сомасында сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте бүгінде тұрақтандыру қорында 1000 тонна қант тауарының қоры бар.

Дегенмен мониторинг кезінде тиісті талапты сақтамайтындар да кездесіп жатады. Айталық ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 204-4-бабына сәйкес сауда үстемесін қайта бұзғаны үшін 8 сауда нүктеге 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Бұл ретте сауда үстемеақысы бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 204-4-бабына сәйкес барлығы 29 дүкенге хаттамалық ескерту берілді. Айта кетейік, қазіргі таңда облыста жалпы сыйымдылығы 255,9 мың тоннаны құрайтын 236 қойма бар. Оның, 81 қоймасы мұздатқышпен қамтылған десек, олардың сыйымдылығы 47,2 мың тонна. Осы орайда қайта өндеу цехтарын салу, бар кәсіпорындардың жүктемесін еселеу, ішкі қамтуды арттыру бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынуда.

– Сұхбатымыздың соңында жалпы Жамбыл облысының өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіштеріне қысқаша тоқталып өтсеңіз...

– 2022 жылғы қаңтар-желтоқсан айларының қорытындысымен экономикалық өсім 105,5 пайызды құрады. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 110,2 пайыз деңгейінде қалыптасып, 423 млрд теңге инвестиция тартылды. Ауылшаруашылығында 591,3 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 7,5 пайызға жетті. Құрылыс көлемі 277,6 миллиард теңгені құрап, 1 пайызға артты. 693,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Барлық көрсеткіштерде динамика сақталып, республикалық орташа көрсеткіштен жоғары деңгейде қалыптасты.

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан – Жасұлан СЕЙІЛХАН, Жамбыл облысы
12.01.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 121
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 120
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 636
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 754
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 667
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 679

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8814
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8213
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11440
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9195
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10424