Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Базақ ауданының Үлгілі және Қостөбе ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Облыстық құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысқан кездесулер сұрақ-жауап форматында өрбіді.
Алдымен Үлгіліде өткен басқосу барысында ауылдықтар өздерін толғандырып жүрген өзекті мәселелерді сауал ретінде жолдап, жауаптар алды.
Тұрғындар интернет байланысының әлсіздігін, суармалы судың тапшылығын, көпбалалы аналарға көмек түрлері, балалардың ыстық тамағы, қоғамдық көлік, жарықтың жиі сөнуі, жаңа спорт кешенін салу және тағы басқа мәселерді көтерді.
Облыс әкімі барлық сауалдарға облыс деңгейінде атқарылған жұмыстарды негізге ала отырып, жан-жақты жауап берді.
- Байқап отырғанымыздай, округте шешімін күткен мәселелер аз емес. Алайда барлық жұмыстар бюджеттің мүмкіншілігіне сәйкес, арнайы жоспар бойынша рет-ретімен атқарылады. Көп мәселе ауыл әкімінің үйлестіру әрі ұйымдастыруы қабілетіне қарай шешіледі. Ол ауылдықтарды жұмылдыра білуі тиіс. Сіздер де өз кезегінде ауыл, аудан әкімшілігіне сенім артып, ортақ жауапкершілікті сезіне білгендеріңіз маңызды,-деді Нұржан Нұржігітов.
Қостөбе ауылдық округінде өткен кездесуде де ауылдықтар Талас ауылында мәдениет үйі, спорт кешенін салу, ауыз су тарту, жол белгілерін орнату секілді өтініштерін жеткізді.
Аталған округ «Ауыл аманаты» жобасының алғашқы кезеңіне еніп, тұрғындар жеңілдетілген несиеге қол жеткізген болатын. Жобаның бес бағыты бойынша әрекет етіп жатқан қостөбеліктер тұрмыстарын тіктеуде. Сонымен қатар, округте әлеуметтік мәселелерді де кешенді түрде шешу жұмыстары қолға алынған.
Кездесулерден кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.
Айта кетейік, өткен жылы облыстағы барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен 1200-ден астам кездесуі өтсе, ағымдағы жыл басынан бері осындай 400-ден астам басқосу ұйымдастырылған.