Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің жұмыс сапары Талас ауданында жалғасты. Аймақ басшысы аудандағы қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты.
Облыс әкімі алдымен аудандағы Есейхан және Қасқабұлақ, Қараой ауылдары аралығындағы үзілген электр желілері мен құлаған бағаналарды көріп шықты. Осының салдарынан аталған ауылдар алғашқыда жарықсыз қалған. Аймақ басшысының тапсырмасымен бүгін Есейхан мен Қараой елді мекендері электр қуатымен қайта қамтылса, Қасқабұлақ ауылына арнайы генератор арқылы жарық берілуде.
Ал, қалпына келтіру жұмыстары, бағаналар мен желілерді реттеу бойынша Нұржан Нұржігітов жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Бұдан соң облыс әкімі «TalasInvestCompany» ЖШС-ның жұмысымен танысып, Қаратау қаласындағы «Игілік» қазандығына ат басын бұрды. Штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатқан қазандық Қаратау қаласын жылумен толық қамтамасыз етуде.
Аймақ басшысы қатты желден шатыры ұшқан көпқабатты тұрғын үйлердің де жағдайын тексерді. Ауданда айтарлықтай бүлінген 11 нысан бар десек, бүгінде оларда күрделі жөндеу жұмыстары басталған.
Облыс әкімінің төрағалығымен өткен жедел штаб отырысында аудан әкімі, орынбасалары мен бөлім басшылары және құзырлы орган өкілдері қалыптасып отырған ахуал мен атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.
Аудандағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан нысандардың басым бөлігіне жергілікті мердігерлер тартылған.
Қаратау қаласының тұрғындары толығымен ауыз су, жылу, электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз етілуде.
Облыс әкімі күрделі жөндеуді қажет етпейтін, ішінара зардап шеккен нысандарды асар әдісімен ретке келтіруде тапсырды.
- Ауа-райы қайта бұзылмай жатып, барлық жөндеу жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтауға тиіспіз. Ертең сұрақ туындамас үшін барлық жұмыстардың сапалы орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажет. Ішінара бұзылған нысандарды асар әдісімен ретке келтіру керек. Табиғи төтенше жағдай салдарын жоюға тұрғындарды да жұмылдыру маңызды. Ауылдастардың бір-біріне қол ұшын беру қанымызды бар игі дәстүр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп бекер айтылмаған.
Тиісті басшылар, ауыл әкімдері кабинетте отырмай барлық үйлерді аралап, жағдайымен танысып, ұйымдастыру шараларын жүргізуі тиіс,-деді Нұржан Нұржігітов.