Қазір адамдар ауылдан тамыр үзіп, алыстап барады ғой. Ал, оның суреттеріне зер салсаңыз, ауылыңызда өткен бал балалығыңыз еріксіз көз алдыңызға келіп, жанарыңызға жас үйіріледі. Туған жердің тамаша табиғатын қаламы арқылы тамылжытып суреттей білген суретші Ақмарал Байғараева Созақ ауданында тұрады. Сол өңірдегі Нәзір Төреқұлов атындағы ІТ мектеп-лицейінде «Көркем еңбек» пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді.
Ақмарал Бейімбетқызы Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде оқыған. Ол соңғы жылдары шығармашылығына ден қойып, көрме өткізіп, картиналарын көпшілік назарына ұсынып келеді. Оның туындыларының ішінде өлке табиғатымен қатар халқымыздың аты аңызға айналған аналардың да алар орны айрықша. Әсіресе, оның суреттеріндегі табиғат-ана бейнесі көрерменді ерекше әсерге бөлейді. Қылқалам шеберінің алғашқы көрмесі «Менің сырлы әлемім» деп аталды. Созақ ауданындағы Сұлтанбек Қожанов атындағы тарихи-өлкетану музейінде өткен бұл сурет көрмесі кейіннен Түркістандағы «Ұлы Дала елі» орталығында жалғасын тапты. «Келіншектау – кербезім» деп аталған көрме қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаған, Қазақ КСРО халық суретшісі Ә.Қастеевтің 120 жылдығына арналды. Көрмеге Созақ сахарасының сайын даласы мен өлке тарихы бейнеленген картиналар қойылды. Ақмарал Бейімбетқызының суреттерінің басым бөлігі негізінен Созақ ауданының тарихы мен табиғатына арналған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ол туындыларында табиғат пен Домалақ ана, Айша бибі, Келіншектау, Ақбикеш сынды аналардың бейнесін қабыстырып, үндестірген. Көрмені тамашалауға келгендер ең алдымен осы үйлесімділікті байқайды. Ата-бабамыздан қалған ұлан-байтақ жеріміздегі адам сезіне бермейтін таңғажайып көріністерді көрерменіне қылқаламы арқылы ұғындырып тұрғандай әсер қалдырады. «Сурет салған сәтте менің жаным тынышталып, демалады», – дейді суретшінің өзі.